Аққулы ауданында жаздың сәнін келтірген тәтті мереке өтті. Шарбақты ауылында дәстүрлі «Қарбыз фестивалі» ұйымдастырылып, ауданның 10 ауылдық округі бақша дақылынан жасалған түрлі туындыны көпшілік назарына ұсынды.
Мол өнім жиналды
Түрлі түсті, жолақты қарбыздардан бастап, манго, лимон, тіпті асқабақ дәмі бар ерекше сұрыптарға дейін ұсынылған мерекеде ауылдар өзара шеберліктерін сынап, қарбыздан жасалған сан алуан мүсіндер мен қолөнер бұйымдарын көрмеге қойды. Өңірімізде ғана емес, ел көлемінде брендке айналған Аққулының қарбыздары көпшілік тарапынан жоғары сұранысқа ие. Ен далада, еш қоспасыз өсірілген жидектің бұл түрінің дәмі тіл үйіретінін көпшілік бұрыннан жақсы біледі. Аудандағы өнімдердің піскенін тағатсыздана күтетін сатып алушылар да баршылық. Осындай өлкеде жыл сайын қарбыз фестивалін ұйымдастыру дәстүрге айналды. Биыл да көпшіліктің басын қосатын мереке жалғасын тапты. Ауданға қарасты ауыл тұрғындары тың идеяларын ортаға салып, қарбыздан жасалған түрлі туындыны көрмеге қойды. Солардың бірі — Ямышев ауылынан келген шығармашылық ұжым.
— Көрмеге бір апта көлемінде дайындалдық. Идеялардың жартысын өзіміз, кейбіреуін TikTok желісінен толықтырдық. Қарбыздан түрлі сусындар, тасбақа бейнесін жасап, жемістерді қосып, жануарлар бейнесіндегі бұйымдар мен қуыршақтар әзірледік. Сондай-ақ қазіргі трендке сай фоторамка да әзірледік. Барлығымыз бір кісідей жұмылып, осы дүниелерді өз қолымызбен дайындадық, – деді мәдениет ұйымдастырушысы Серікгүл Бекжан.
Бұдан өзге, әр ауылдық округ аталған тақырып төңірегінде сән дефилесін көрсетті. Олар қарбыз жемісі тақырыбындағы әртүрлі, сәнді киім көрсетілімдерімен келушілерді тәнті етті. Сондай-ақ, шараға қатысушы шаруалардың өнімдері арасында ең салмақты жеміс анықталып, оны көтеруден сайыс өтті. Ең ірі деп танылған жолақты жидек «Жомарт» шаруа қожалығына тиесілі болды. Оның салмағы 20 келіден асады. Осыдан соң жергілікті өнерпаздар концерттік бағдарламаларымен фестивальдің көрігін қыздырды.
Ал жалпы елді мекендегі өсімдік шаруашылығы жайлы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Әлім Есенбеков айтып берді.
– Биыл ауданымызда 19 шаруашылық 1 880 гектар алқапқа қарбыз екті. Орташа өнімділік гектарына 400 центнерді құрап отыр. Қазіргі таңда 29 мың тонна өнім жиналды. Бұл — өткен жылмен салыстырғанда 10 пайызға жоғары көрсеткіш. Біздің диқандар өсірген қарбыз Астана, Қарағанды қалаларына және Павлодар облысының басқа аудандарына жөнелтіледі. Өнімнің негізгі тұтынушылары – өзімізге жақын орналасқан өңірлер. Ресейге де экспортталады. Аққулы қарбызының басты артықшылығы – оның экологиялық тазалығында. Шаруашылықтар өнім өсіру кезінде химиялық қоспаларды, селитраны және басқа да зиянды заттарды қолданбайды. Сонымен қатар, біздің ауданда қарбыз өсіруге қолайлы ерекше климат пен құмды топырақ бар. Бұл жағдай бақша дақылдарының жақсы өсуіне мүмкіндік береді. Қазір шаруашылықтардың басым бөлігі тамшылатып суару технологиясын қолданады. Соның нәтижесінде су тиімді пайдаланылып, өнімділік те артып отыр. Жалпы, Аққулы ауданындағы өсімдік шаруашылығының негізгі бағыты – бақша дақылдары. Қарбыз – ауданымыздың өзіндік брендіне айналған өнім. Бүгінде шаруашылықтарда бақша дақылдарының 97 сұрпы өсіріледі. Сонымен қатар күнбағыс, картоп және басқа да ауыл шаруашылығы дақылдары егіледі. Осы арқылы аудан облыстың азық-түлік қауіпсіздігін қамта-масыз етуге өз үлесін қосып келеді, — деді ол.
40-тан астам түрін өсіреді
Фестивальге жергілікті шаруалар өз өнімдерін әкеліп, қарбыздың алуан түрін көпшілік назарына ұсынды. Түрлі түсті, көлемі мен пішіні өзгеше өнімдерден арнайы көрме ұйымдастырылып, қарбыздан жасалған түрлі композициялар да көпшілік қызығушылығын тудырды. Аталған фестиваль 2012 жылдан бері жергілікті халықтың жыл сайынғы дәртүрлі мерекесіне айналып келеді. Осы дәстүрді алғаш бастаған шаруалардың бірі – «Қайрат» шаруа қожалығы. Қайрат Шапуов бақша шаруашылығымен 1998 жылдан бері айналысып келеді.
Шаруа үшін қарбыз өсіру – жай ғана кәсіп емес, жылдар бойы қалыптасқан тәжірибе мен сүйікті іс. Қайрат Шапуовтың айтуынша, оның шаруашылығы қарбызды суармай, табиғи жолмен өсіруге басымдық береді.
— Біз қарбызды 1998 жылдан бері өсіріп келеміз. Негізінен суармай, жауын-шашынмен өсіреміз. Қарбыздың тамыры тереңге кетеді. Кей жерлерде бес метрге дейін жетіп, ылғалды өзі таба алады. Биыл құрғақшылық болғанына қарамастан, өніміміз жаман емес, – дейді шаруа.
Биыл шаруашылық алқабында қарбыздың 40-тан астам сұрпы егілген. Фестивальде соның 32 түрі арнайы көрмеге қойылды. Олардың арасында ерте, орта және кеш пісетін түрлері бар. Шаруаның айтуынша, әр сұрыптың өзіндік ерекшелігі бар. Бірі ерте піссе, енді бірі маусымның соңына қарай өнім береді. Сондықтан шаруашылықта қарбыздың бірнеше түрін қатар өсіру арқылы маусымды тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік бар.
Қайрат Шапуов қарбыздың жаңа түрлерін сынап көруге де ерекше қызығушылық танытады. Ол бірнеше жылдан бері селекциямен айналысып, жергілікті климатқа бейімделген түрлерін таңдауға көңіл бөліп келеді.
— Мен бұл іске қызығушылықпен қараймын, селекциямен де айналысамын. Жылдар бойы көптеген сұрыпты сынап көрдік. Кейбірі біздің климатқа сәйкес келмейді. Қазір біз үшін жақсы нәтиже беретін, ыстық ауа райына бейімделген түрлері қалыптасты, – дейді ол.
Қайрат Шапуовтың айтуынша, ол Қазақстанда сары қарбызды алғашқылардың бірі болып өсіре бастаған. Бұл тәжірибе 2011 жылы қолға алынған. Алғашқы кезде тұтынушылардың ерекше түсті қарбызға деген қызығушылығы онша бола қоймаған көрінеді.
— 2011 жылы алғаш рет сары қарбыз ектік. Бастапқыда адамдар оны түсінбеді, тіпті сату қиын болды. Екі-үш жылдай уақыт өтті. Кейін халық үйрене бастады. Одан әрі өзіміз будандастыру арқылы іші де сары болатын қарбыз түрлерін шығардық, – дейді шаруа.
Фестивальдегі көрмеден қарбыздың қызыл және сары түстерінен бөлек, ерекше реңкті түрлерін де көруге болады. Шаруашылықта қызғылт сары түсті қарбыздың да бірнеше түрі өсіріледі. Сондай-ақ сыртқы қабығында ерекше өрнектері бар «Луна и звезды» деп аталатын сұрып та бар.
Қайрат Шапуовтың айтуынша, мұндай экзотикалық сұрыптардың тұқымдары шетелден арнайы тапсырыспен алынған. Дегенмен шаруашылық үшін басты мақсат – тек ерекше өнім өсіру емес, жергілікті табиғи жағдайға жақсы бейімделген әрі дәмі жақсы сұрыптарды сақтау.
Сара ӘБДОЛ.
