Асылмен сұхбаттасу барысында оның шынымен бір сәт тыным таппайтынына куә болдым. Жоқтан бар жасауға ұмтылысы сезіледі. «Арбаға таңылған соң тіршілік тоқтайды, бұл қоғамнан жырақ өмір сүресің» деп ойлайтындар қатты қателеседі. Оған кейіпкерімнің әрекеті, жүріп өткен жолы дәлел. Белгілеген жерге келсем, Асыл көлігінде отыр екен. Ғимаратқа кіріп, сұхбат беруге түсу үшін жүк салғыштан арбасын алып, оған жайғасуына жәрдемдестім. Иә, Асылдың күнделікті ары-бері қатынауы осылай өзгелердің көмегінсіз мүмкін емес. Алайда, ол оған еш мойымайды, үйдегі жақындарының қолы тимесе, ауладағы азаматтардан да, кетіп бара жатқан жаннан да көмек сұрай салады. Ал көлігіне жайғасты ма, діттеген жеріне жету ол үшін сөз емес. Себебі, арбаға таңылса да, көлік тізгіндеуді үйреніп, темір тұлпарын өзіне ыңғайлатып алған.
Өмірін күрт өзгерткен…
Сәл шегініс жасап, бозбала кезінде өмірін «дейін» мен «кейінге» бөлген жайтты еске түсірдің. Асыл Әміров қатарластары сияқты мектептен кейін жоғары оқу орнына түсіп, металлургия мамандығын меңгереді. Әкесі сияқты туған қаласы Ақсуда зауытта қызмет етуді мақсат етеді. Дипломын алып, алаңсыз өмір сүре бастаған жылдың жазында өмірі күрт өзгерді. Досымен жол апатына түсіп, мойын омыртқасынан зақым алып, ота жасалады. Бүкіл денесі қозғалыссыз қалады.
– Алғашында оқиғаның салдарын жіті түсінбеген екенмін. Бір апта жатып, қалпыма келіп, жүгіріп кететіндей көрдім. Алайда, айлап төсекке таңылдым. Қозғалыссыз жатқаннан денем ойылып кетпесін деп, жарты сағат сайын аунатып отырды. Дәретке де катетермен барып, біраз азап тарттым. Бір ай бойы аурухана палатасында төбеге қарап жатып, күн өткіздім. Көк аспанды көру арман болды. Алғаш рет арбаға отырғанда кеудем қысып, ауа жетпей қалғаны – есімде. Дәрігерлер «бәрі – өз қолыңда» деді. Әрекет етсең, аяқтан тұруға болатынын ескертіп, үйге шығарды, – дейді ауыр оқиғадан кейінгі кезді еске алған Асыл Әміров.
Үйге оралған соң катетерге инфекция түсіп, қайтадан ауруханаға жатуға тура келеді. Бұл да ұзақ емді қажет еткен. Осыдан кейін Асыл Салтанатұлы үйінде үздіксіз шамасы келгенше жаттығу жасауды бастайды. Себебі, бұл сәтте Асылдың тіпті қос қолы көтеруге қауқарсыз еді.
– Көп уақытым жатумен өтетін. Ал тұрғызып, арбаға отырғыза берсе, талып қалатынмын. Жатқанда қанайналым дұрыс болмай, ауа жетпей, салдарынан есімнен тана бердім. Жаттығу жасап, алға ұмтылуыма себепкер болған жандардың бірі – марқұм Ғизат аға. Ол кісі – дәл осы жаттығудың арқасында арбадан тұрған азамат. Тәжірибесін айтып, алғашында швед қабырғасына аяқ-қолымды байлап, бірер секундтарға тұрғызатын. Ол үшін бірнеше адам қасымда тұрып, көмектесуші еді. Кейін біртіндеп минутқа жеткіздік. Май ауданында ағаның арнайы ем-шара жүргізетін орнына бардым. Жаз бойы тұзды көлдің маңында күні бойы жаттығу жасап, швед қабырғасының көмегімен отырып-тұрып, аяқ-қолымызды қозғалысқа келтіретінбіз. Тұзды көлге түсіп, емдерін қабылдадым. Аға сонда ешкімнен ақы алмады. Тек тамағымызға ақшамызды апаратынбыз. Үйге келіп те сол жаттығуларды жалғастырамыз. Жалпы, 4-5 жыл үздіксіз жаттығудың нәтижесінде өздігімнен қимыл жасауға шамам жетті. Біреуге тәуелділіктен сәл-пәл арылдым, – дейді күнделікті жаттығудың берген нәтижесі жайлы айтқан кейіпкеріміз.
Бүгінде жаттығуды күнделікті жасамаса да, арасында отырып-тұруды әдетке айналдырған. Шипажайларға барып, ем-дом алып тұрады.
Демеу дем берді
Өмірдің қиын сәттерінде демеу дер кезінде көрсетілмесе, кейбір адамдар сынып кетеді. Өмірден түңіліп, тұңғиыққа түседі. Осы тұрғыдан Асылдың жолы болған. Сынақты жалғыз еңсерген жоқ. Ата-анасы, ағасы мен бауырлары қасынан табылды. Олар әрдайым қолдау көрсете білді. Аяғынан тік тұрып кетуіне күш салады. Ал өмірлік серігі болуға серттескен ару апаттан кейін де Асылдай азаматынан алшақтамайды.
– Жұбайым Ырысалдымен университетте оқып жүргенде танысып, қыз-жігіт болып жүрдік. Апатқа ұшырап, аурухана төсегіне таңылып жатқанда келіп тұрды. Мен келмеуін, менен қол үзуін көп сұрадым. Барынша алшақтатып жіберуге тырыстым. Бірақ ол келуін тоқтатпады. Мен де үйрендім, өзімді қабылдай бастадым. Келіп, ас-суымды беріп жүрді. Өйткені, қасықтың өзін ұстай алмайтынмын, –
дейді сын сағатында серік бола білген жандар туралы айтқан Асыл Әміров.
Сөйтіп, қиын кезде де қасынан табылған жанмен 2020 жылы отау құрды. Асыл Әміров өмірінің тағы бір белесі басталды. Жас отбасында бүгінде Саида және Хақназар есімді екі бүлдіршін өсіп келеді.
Табыс көзін тапты
Отбасылы болған соң үйде қол қусырып отырудан жалығады. Ер азамат ретінде үйіне табыс әкелуді қалайды. Алғашында ағасының пәтерінің ипотекасын өтеп, оны жалға беріп, кіріс табады. Ата-анасымен тұрып, жалға берілетін баспананы сатып, бір бөлмелі пәтер сатып алады. Оны жалға беріп, күн көреді. Кейін тағы екі бөлмелі баспана сатып алуға шамасы жетеді. Әрине, мұның бәрінде жақындарының жан-жақты қолдауы бар. Жағдайы оңала бастағанда отау болып, ата-анадан бөлек шығады. Бірінші қабаттан пәтер алады. Бұдан кейін көлік алып, такси жасауға да бел буады. Әйелі – дәрігер. Ол да отбасы үшін еңбек етуде.
– Такси қызметі арқылы табыс табайын деп көлік жүргізуді үйрендім. Бірінші көлігімнің көлемі үлкен болған соң шығыны да көп болды. Оны ауыстырып, машинаны қолмен басқаруға бейімдеттім. Әрине, ұзақ уақыт жүруге бел шыдатпайды. Павлодар-Ақсу арасында күніне бір-екі рейс жасайтынмын. Көбі жүре алмайтынымды байқамайды. Кейде жүк салғыштан жүкті түсіруге немесе салуға көмек сұрағанда айтып, түсіндіретін едім, – дейді тынымсыз тірлік етуге бейім азамат.
Әрдайым табыс көзін іздеумен жүретін азамат бір жылдары қайтарымсыз грант алып, мал өсіруге ұмтылып көрген. Ал биыл фастфуд дүңгіршегін ашты. Донер, пита өнімдерін жасап, сатумен айналысуда. Бауырларын тартып, ісін бастап кеткен. Кәсібіне қажетті керек-жарақты өзі жеткізіп береді. Бұл кәсіптің қыр-сырын донер жасаудың шебері, жомарт жандардың бірі үйретіп, жол сілтеген екен. Алда тағам түрлерін көбейтуді көздейді. Айтпақшы, Асыл әлеуметтік желіде блог жүргізуді де қолға алған. Өмірге құштар азамат еңбектеніп, әрекет еткен адамға табыс табылатынына сенімді.
Спортты серік етті
Асыл әрдайым қоғамдық өмірге араласып, үйде отырмаудың қамын ойлайды. Өзі сияқты арбаға таңылған ақсулық Марат есімді аға Асылға спортпен айналысуға кеңес береді. Сөйтіп, арбамен теннис ойнауды қолға алады.
– Бастапқыда, теннис ракеткасын қолыммен қысып ұстай алмадым. Содан ракетканы қолыма таңып, орап тастайтынбыз. Ақырын оған да үйрендім. Жарыстарға қатысып, нәтиже көрсете бастадым. Стипендия да алдым. Қазақстанның біраз қаласын араладым. Теннистен спорт шеберіне үміткер атағын да алдым. Кейін қиындап кетті. Садақ атуға барып көрдім. Мұнда қолмен тарту ауырға соқты. Саусақтарымның күші де, икемі де келмеді. Біраз уақыт бочча спортымен айналысып, айтарлықтай нәтижеге қол жеткіздім. Алматы, Астана қалаларында жарыстарға қатысып, Қазақстанның құрамасына кірдім. Польшада өткен жарыста өнер көрсеттім, – дейді спорттағы жарқын белестерімен бөліскен кейіпкеріміз.
Ал қазір Асыл Әміров таэквондо спортына ауысқан. Мұнда қара белбеу алған. Айтпақшы, Асылдың қоғамдағы белсенділігі – бір төбе. Ол Ақсуда ERG компаниялар тобының арнайы бастамасымен іске асатын «Туған қала» жобасы аясында ұтымды ұсыныстарымен көзге түскен. Мұнда мүмкіндігі шектеулі жандарға қалада жайлы орта қалыптастыруға күш салған. Орталық жағажайда арбамен жүретін жандарды түсіріп, көтеретін арнайы құрылғы орнатып, өзен суына еш қиындықсыз шомылуға жағдай жасатқан. Өзенге дейін жететін жолды да салғызыпты. Айта кетейік, «Туған қала» аясында азаматтар шаһарды көркейтуге қатысты жобаларын ұсынады. Көп дауыс жинаған жобалар компания тарапынан қаржыландырылады. Бочча спортына арналған алаңды да Асыл Әміров аталмыш жоба аясында салуға мұрындық болған. Одан бөлек, Қазақстанның арбада отырып, теннис ойнайтын азаматтарының басын қосып, ауқымды турнир де ұйымдастырған. Осы сәтте, Ақсуда қонақ үй мәселесі барын байқағанын айтады. Осылайша, ол өз қамын ғана емес, өзге де мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесін шешуге күш, уақыт табуда.
Сенім бар
Өмірін өзгерткен жол апатына тап болған алғашқы кезеңде өмірден күдер үзгендей күй кешкенімен қазір оның табы да жоқ дейді кейіпкеріміз.
– Алла қимыл-қозғалысқа келуіме күш-қуат берді. Жақын-дарымның, отбасымның қолдауымен уайымсыз жүріп келемін. Өмірімнің жалғасы – балаларыма қарап күш аламын. Төсек тартып жатқанда ұрпақсыз өтем бе, сүреңсіз күндер кешемін бе енді деген үрей болып еді. Қазір бәрі – басқаша. Өміріме ризамын. Еш уайым жоқ, тек алға ұмтыламыз. Жалпы, адамдарға уақытты өткізіп алмау керек дер едім. Уақыт тым тез өтеді, өмір сүріп үлгеру керек. Әр сәттен рахат алу қажет. Өмірде өзіңді шектемеген жөн, – деді өмірге құштар ақсулық азамат.
Асыл Әміров әлі де үміт үзбейді. Медицина дамыған заманда күндердің бір күнінде емі табылып, аяқтан тік тұруына мүмкіндік береді деген ойда. Ол әлем ғалымдарының түрлі эксперименттері бір күні нәтиже беретініне сенеді. Ал біз сол сенімнің ақталуына тілектеспіз.
Жобаның авторы — Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.
