Экологиялық бақылау күшейеді

Қыр 3, 2026

Өндіріс орындары көптеп ашылып жатқан Екібастұз қаласының тұрғындарын экологиялық ахуал алаңдатпай қоймайды. Ал құзырлы министрлік қадағалау қатаңдай түсетінін атап өтті. Осы мақсатта кеншілер шаһарында жеке экологиялық инспектор штаты қарастырылуда. Бұл туралы өңірімізге арнайы келген ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев тұрғындармен кездесуде қойылған сұраққа жауап беру кезінде мәлімдеді.

Жеке инспектор іске кіріседі

Министрлік өкілінің Екібастұз қаласындағы кездесуі тікелей эфир арқылы барша облыс тұрғындарын қамтыды. Жиында халық экологияға қатысты сұрақтарын қойды. Мәселен, тұрғындардың бірі Екібастұз бен Баянауыл өңірлеріне жеке экологтың штаттық бірлігін қарастыруды сұрады. Ол кеншілер қаласына технолог-эколог қажет болса, Баянауылға табиғатты пайдаланушы-эколог маман қажет деп санайды. Алғашқысы өндірістік қалада атмосфералық ауаға, кәсіпорындардың жаңғыртылуына тұрақты бақылау жасаса, Баянауылда туристер легінің көбеюінен экотуризмді үйлестіруге үлес қосар еді деген ниетін білдірді.

Вице-министр Жомарт Әлиев бұл мәселе бұған дейін де көтерілгенін атап өтті. Қазір нақты шешім де шығыпты. Яғни,  Екібастұз қаласына жеке экологиялық инспектор бөлінеді. Қазіргі таңда заңдық тұрғыдан рәсімдеу жұмыстары ғана қалған. Тұрғынның сұрағына жауап бере келе, ол технолог-эколог деп іздеу үшін маман тапшылығы да барын жасырмады. Қолданбалы экология бағытында кадрлардың тұрақтамау үдерісі де бар көрінеді. Себебі, азаматтар жалақысы жоғары кәсіпорындарға ауысып кетеді.

Министрлік өкілі бүгінде инспекторлардан бөлек, қоршаған ортаға қатысты кемшіліктер мен бұзушылықтардың жолын кесуде цифрлық тетіктердің үлесі артып келе жатқанын алға тартты. Тұрғындар бүгінде e-otinish, Taza Qazbot телеграм арнасы арқылы шағымдарын білдіріп, нәтижесін көруде. Мұнда геолокация арқылы қай жерде экологиялық заңбұзушылық орын алғаны бірден көрінеді. Өтініш бірден жауапты органға жолданып, реттеледі. Оны уақытылы реттемеу мемлекеттік органның рейтингіне әсер ететінін де вице-министр еске салды. Осы ретте, цифрлық құралдар инспектордың орнын баспаса да, кейбір жағдайларда жылдам әрекет етуге мүмкіндік беретінін айтты.

Сонымен қатар, екібастұздықтар көмір кеніштерінен шығарылған үйінділердің жиі тұтанып, айналаға зиян келтіріп жатқанын алға тартты. Ол жер қойнауын пайдаланушыларды өртті жылдам ауыздықтауға мәжбүрлеу, тылдық үйінділерді уақытылы қалпына келтірмегені үшін айыппұл санкцияларын қатаңдату мәселесін көтерді.

Министрлік өкілі көмір үйінділерінің тұтануы өзекті екенімен келісті. Ол заңнаманы күшейтуге қатысты елімізде экологиялық санкциялар өзге елдермен салыстырғанда қатаң екенін атап өтті. Өкінішке қарай, кей жағдайда жіберілген бұзушылық үшін жер қойнауын пайдаланушыға қандай да бір шараларды жүзеге асырғаннан айыппұл төлей салған әлдеқайда жақсырақ көрінетінін де жасырмады. Бірақ, экологиялық рұқсаттан айыру тетігі барын мәлімдеді. Бұл бүкіл кәсіпорынның қызметіне әсер етеді. Сондай-ақ, қазіргі таңда экологиялық инспектор үйіндіден шыққан шаң мен түтінді көргенімен, заң бойынша оның бірден кәсіпорынға беттеп баруға құқығы жоқ. Жоспардан тыс тексерісті тіркеуден толық өтуі тиіс.

– Экологиялық кодекске енгізілген соңғы өзгеріс 10 қыркүйекте күшіне енеді. Соған сәйкес экологиялық инспекция Кәсіпкерлік кодексі талаптары нормасынан шығады. Бұған дейін Кәсіпкерлік кодексі тексеру іс-шараларын өткізудің барлық релгаментін сақтауды міндеттейтін. Қазіргі таңда осы нормалардан шығарылды. Бұл дегеніңіз, экологиялық инспекцияға белгілі бір дәрежеде жеделдік береді, – дейді Ж.Әлиев.

Көктеп шыққаны керек…

Ал зейнеткер Валерий Ахмадиев министрлік өкілінен 2025 жылы желтоқсанда санитарлық ережелерден 50-тармақты алып тастау себебін сұрады. Ол дәл осы тармақ арқылы кәсіпорындардан санитарлық-қорғау аймақтарын көгалдандыруды мәжбүрлеу мүмкін болғанын алға тартты.

– Экологиялық сараптама және қоршаған ортаға әсеріне рұқсат алу жобасын қарастыру кезінде көгалдандыру пайыздары алынып тасталды. Бұрын санитарлық қорғау аймағына қаражат қарастыру талабы міндетті болды. Бұл өзгеріс денсаулық сақтау министрлігі тарапынан болды. Бірақ, өзгеріс қорғау аймағында көгалдандыруды толық алып тастады дегенді білдірмейді. Талап қалды, тек ол әр нысан бойынша жеке жүргізіледі. Санитарлық қорғау аймағын негіздеу кезінде біз табиғатты қорғау жоспарын талап етеміз. Соның ішінде аталмыш аймақтарға жасыл желек отырғызу қарастырылады. Кейбір кәсіпорындардың санитарлық қорғау аймағының топырағы ағаш отырғызуға жарамайды. Белгілі бір климаттық, топырақтық жағдайы келмеуі мүмкін. Мұндай жағдайда жергілікті мемлекеттік орган ол өндіріс орнына жасыл желек егуге өзге аумақты анықтап береді. Әйтпесе, жері жарамаса, қаншама қаржыға ағаш отырғызуды жаппай міндеттеу қисын-
сыз, – деді министрлік өкілі.

Тұрғындар ауаның ахуалына бірреттік өлшеу жасау жеткіліксіз екенін алға тартып, тұрақты бақылау орнатуды сұрады. Вице-министр бүгінде Екібастұзда «Қазгидрометтің» екі станциясы тиісті талапқа сай орнатылғанын атап өтті.

– Экологиялық кодекс 2021 жылдан бері 500 тоннадан артық эмиссия көлемі бар кәсіпорындарға автоматты мониторинг жүйесін қоюды міндеттейді. Қаржылық мүмкіндіктерге қарай күнтізбелік жоспарға сай орнатылуда. Бұл жүйе әрбір жиырма минут сайын мұржадағы нақты шығындыларды көріп тұрады. Экологиялық кодекстегі және Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодекстегі соңғы өзгерістерге сәйкес мониторинг жүйесінің деректері әкімшілік іс қозғауға автоматты дәлелді фактор болады. Яғни, «Сергек» сияқты жүйемен жұмыс істейді. Кәсіпорынның мұржасында шығарындының шамадан асу дерегі тіркелсе, кәсіпорыннан технологиялық шешім қабылдау талап етіледі, – дейді Ж.Әлиев.

Кейін шекті мөлшерді 500 тон-надан 300 тоннаға дейін төмендету де жоспарда бар көрінеді. Сәйкесінше, автоматты мониторинг жүйесін орнатуы тиіс өндірістер қатары артады.

– Экология мәселесі өте өзекті. Әсіресе, өнеркәсіпті өңір үшін маңызы зор. Павлодар облысында, соның ішінде Екібастұз аумағында ірі табиғат ресурстарын пайдаланушылар орналасқан. Алып көмір кеніштері, энергетикалық кәсіпорындар бар. Мұның бәрі экологиялық ахуалға әсер ететіні сөзсіз. Дегенмен, Экология кодексінің нормалары кез келген кәсіпорынды, шаруашылық етуші субъектіні қоршаған ортаға әсерін азайтуға қаржы құюды міндеттейді. Яғни, «ластаушы төлейді» қағидасы жұмыс істейді. Егер кәсіпорын қоршаған ортаға эмиссия жүзеге асырса, онда ол тиісінше қоршаған ортаны ластағаны үшін нормативтік төлем жасайды. Бұл қаражат жергілікті бюджетке түседі. Ал жергілікті атқарушы орган бюджет, экологиялық заңнамаларға сәйкес бұл эмиссия үшін түскен қаражатты мақсатты бағытына байланысты тек табиғатты қорғау іс-шараларына жұмсайды. Экологиялық ахуалды жақсартудың іс-шараларының үш жылдық толық кешенді жоспары әзірленеді. Жергілікті атқарушы билік өз аумағындағы ахуалды жақсы біледі, өзектілерін шешуге мән береді. Осы кешенді жоспар аясында нақты шаралар айқындалады. Бұл жоспардың орындалуын салалық біздің министрлік қадағалайды, – деді вице-министр Жомарт Әлиев.

Қоқысты реттеуге қаржы құйылады

Ауылдардың маңында қатты тұрмыстық қалдықтар жинайтын арнайы полигон болмаған соң ретсіздік жиі ұшырасады. Міне, осы мәселені шешу үшін Үкімет қаржы бөлу туралы қаулы шығарды.

– Қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарын салу, жаңғырту және жерін қалпына келтіруге қаражат бөлу мәселесі бір жыл бойы көтерілді. Бүгінде Үкімет қаулыға қол қойды. 8 қыркүйекте күшіне енеді. Яғни, бекітілген жобалық-сметалық құжаттамасы бар ауыл, кент, аудан орталығы, қала әкімдіктері өтінім білдірсе, қаржы бөлуге дайынбыз. Мақсатты қаражат өнеркәсіпті дамыту қорынан бөлінеді. Қазіргі таңда республика көлемінде 53 млрд теңге қарастырылып отыр. Несие түрінде беріліп, қайтарылған қар-жыға елді мекендерде полигондар салынады. Экологиялық кодекстің 380-бабы экологиялық ахуалды жақсарту туралы айтылды. Елді мекендердің көбінде полигон жоқ, қоқыстар тау-төбе болып үйіліп жатады. Енді соны ретке келтіру көзделген, – деді вице-министр.

Кездесуде Май ауданы, Көктөбе аулының тұрғыны Шырын Қайырбек бұрынғы Семей ядролық полигоны мәселелері жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының төрағасы ретінде Жомарт Әлиевке сұрақ қойды. Ол ядролық полигон әсерінен зардап шеккендерге жеңілдіктер тізілімін ұлғайту, зейнетке шығу жасын төмендету мәселесін көтерді. Сонымен қатар, бұл азаматтарды міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру қоры жүйесіне жеңілдікті санат ретінде енгізуді сұрады. Министрлік өкілі бүгінде бұл жөнінде нақты шешім немесе жоспардың жоқтығын айтқанымен, алдағы уақытта құзырлы министрліктермен бірлесіп, жұмыс тобы алаңында қарастырылатынын мәлім етті. Сондай-ақ, вице-министр тұрғындарды жеке қабылдап, сұрақтарына жауап берді.

Гүлжайна  ТҮГЕЛБАЙ.