Жаңаруға дауыс берді

Там 27, 2026

Ерте келіп…

Газетіміздің тілшілері Құрылтай депутаттарын сайлау кезінде сайлау учаскелеріне арнайы барып, саяси науқанның барысын жазды. Мәселен, Павлодар қаласындағы №39 мектепте орналасқан №77 сайлау учаскесінде таңғы сағат 07.00-де Қазақстан Республикасының Әнұраны шырқалып, Құрылтай депутаттарын сайлауда дауыс беру ресми түрде басталды. №77 сайлау учаскесі комиссиясының төрағасы Қымбат Қожбаеваның айтуынша, мұнда 2000 сайлаушы тіркелген.

Елімізде жаңа бірпалаталы Құрылтай сайлауында маңызды таңдау жасауды азаматтық парызы санайтын тұрғындар таңмен таласа сайлау учаскесіне ағылды. №77 сайлау учаскесіне көптің алдымен келген азаматтар дауысын беріп, таңдауын жасады. Ертемен азаматтық борышын арқалап келген тұрғындардың бірі — Мейрам Сұлтанов.

– 84 жасқа толдым. Елім үшін дауыс беруге таңертең ерте тұрып келдім. Дауыс беруден ешқашан қалмаймын. Маңызды кезеңде үйде жата алмайды екенмін. Құрылтай сайлауында таңдауымды жасадым. Елім өркендеп, көркейе берсін, – дейді ардагер Мейрам Әбуұлы.

Үш қыз, бір ұл тәрбиелеп-өсірген ата өміріне риза. Талай жыл трактор зауытында, алюминий зауытында, теміржолда еңбек еткен ардагер ұрпағын да маңызды науқаннан қалмауға шақырып отыратынын айтады.

Павлодар қаласындағы №86 сайлау учаскесінде де тұрғындар ерте келіп,  таңдауларын жасады. Аталмыш сайлау учаскесі комиссиясының төрағасы Рамиля Жаябаеваның айтуынша, дауыс беру қалыпты жағдайда өтті. Аталған учаскеге 2 мыңға жуық қала тұрғыны, алғаш рет дауыс беретін 9 сайлаушы тіркелген. Қала тұрғыны, зейнеткер Клара Сүлейменова осы сайлау учаскесіне келіп, таңдауын жасады.

– Мұндай маңызды сәтте әр азамат таңдауын жасауы керек деп есептеймін. Елдің болашағына бейжай қарамай, дауысымды бердім, – деді Клара Сүлейменова.

Учаскеде дауыс берушілерге қажетті жағдай жасалған. Сайлау комиссиясы мүшелері тұрғындарды қабылдап, белгіленген тәртіпке сәйкес жұмыс жүргізді. Дауыс беруге алдымен келген алғашқы сайлаушыларға естелік сыйлықтар табысталды.

Облыс әкімі Асайын Байханов та ел үшін маңызды күні тұрғындармен бірге таңдауын жасады. Бұл туралы өңір басшысы өзінің әлеуметтік желідегі жеке парақшасында жазды.

– Бұл – жаңа Конституция күшіне енгеннен кейінгі алғашқы сайлау. Жаңа бірпалаталы Құрылтайдағы 145 мандат үшін жеті саяси партия өз бағдарламалары мен көзқарастарын ұсынып отыр. Ортақ таңдауымыз өңіріміз бен еліміздің болашағын айқындайды. Жаңа Құрылтай ел игілігі үшін еңбек ететін азаматтарды біріктірсін. Бұл күн еліміздегі жаңа мүмкіндіктер мен табысты реформалардың бастауы болсын, – деді А.Байханов.

Тұңғыш рет таңдау жасады

Тұңғыш Құрылтай сайлауында жалпы тұңғыш рет дауыс беру құқығына ие болған бозбалалар мен бойжеткендер де таңдау жасаудан шет қалған жоқ. Олар да №39 мектептегі №76 сайлау учаскесіне келіп, конституциялық құқықтарын пайдаланды. Негізі аталған уческеде биыл 18 жасқа толып, алғаш дауыс беретін 9 өрен тіркелген. Солардың бірі —
биыл 18 жасқа толған Жазира Жақсылық. Ол өзі оқыған мектепте дауыс берді. Биыл мектеп бітірген ол ел экономикасына елеулі үлес қосуды мақсат еткен. Экономика мамандығын таңдап, оқуға түскен.

– Дауыс беру – бұл мен үшін болашағымды таңдау мүмкіндігі. Әркім өз таңдауына жауапкершілікпен қарауы керек деп ойлаймын. Себебі, ел ертеңі әрқайсымыздың таңдауымызға байланысты, – дейді Жазира Жақсылық.

Сайлауда алғаш рет дауыс берген азаматтарға сайлау учаскесі естелік сыйлықтар табыстады.

Павлодардағы №97 сайлау учаскесінде де тұрғындар таңдау жасауға көптеп келді. Солардың бірі ерлі-зайыпты Мерғали Жүсіп пен Әйгерім Букурова қос құлыншағын ертіп, дауыс берді. Отағасы маңызды күні Қазақстанның жарқын болашағы үшін отбасымен келіп таңдау жасауды жөн көрген. Себебі, ол 18 жасқа толмаған азаматтар дауыс беруге құқығы болмаса да, ұрпағына жастайынан саяси сауаттылықты сіңіру қажет деп санайды.

Павлодар қаласында Ұлттық ұланның әскери бөлімдерінде мерзімді әскери қызмет өткеріп жүрген сарбаздар да Құрылтай сайлауына қатысты. №117 сайлау учаскесінде 289 адам дауыс берді. Ал «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарайтын №5512 әскери бөлімінде орналасқан сайлау учаскесінде 300-ге жуық мерзімді әскери қызметші таңдауын жа-
сады. Солардың бірі – қатардағы жауынгер Аслан Бағаутдинов. Қарағанды қаласынан әскер қатарына шақырылған сарбаз сайлау күні 21 жасқа толды. Ол туған күнін таңертең сайлау учаскесіне келіп, азаматтық міндетін орындаудан бастады. Әскери бөлім басшылығы сарбазды туған күнімен құттықтап, оған естелік сыйлық табыстады.

Айта кетейік, Шығыс өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдерде барлығы алты сайлау учаскесі жұмыс істейді. Онда мерзімді әскери қызметшілермен қатар офицерлер мен сержанттар да дауыс беруде.

Аудандарда да белсенділік байқалды. Мәселен, Ертіс ауданының Майқоңыр ауылындағы сайлау учаскесіне келіп дауыс бергендердің бірі – қазақ тілінің амбассадоры, белсенді жас Эрика Бауэр. Тіл жанашыры әрі ел болашағына бейжай қарамайтын азамат ретінде ол өзінің саяси таңдауын жасап, оң өнеге көрсетті. Ол әрбір жастың дауысы еліміздің ертеңі үшін маңызды екенін атап өтті.

Кеше ғана шаңырақ көтеріп, болашаққа бірге жоспар құрған Ертіс ауданынан Бейсовтар отбасы – Диас пен Гүлзира маңызды науқаннан қалыс қалмады. Алғаш рет жас отау ретінде сайлауға қатысты.

Байқаушылар барын салды

Павлодар облысында елімізде алғаш рет өтіп жатқан Құрылтай депутаттарының сайлауын бақылау үшін үкіметтік емес тоғыз ұйым аккредиттелген. Солардың бірі – «Дауыс» өңірлік коалициясы. Коалиция жетекшісі Алма Қозбаеваның айтуынша, ұйым байқаушылары алдын ала оқыту мен нұсқамадан өтті. Соның барысында негізгі сайлау рәсімдері, бақылаушылардың құқықтары, міндеттері, дауыс беру күні атқарылатын іс-қимыл алгоритмі түсіндірілді. Аталмыш үкіметтік емес ұйымның екі мыңнан астам байқаушысы өңірдегі 501 сайлау учаскесінде дауыс беру процесін бақылады. Олар бақылап, қадағалап, ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз етті.

Павлодар қаласындағы №39 мектептегі №77 сайлау учаскесінде де дауыс беру процесінің талапқа сай өтуін байқаушылар бақылады.  Мұнда «Namys PVL», «KAISAR-KZ», «Berik qadam», «Ел дауысы» қоғамдық бірлестіктерінің, «Ақ жол демократиялық партиясы», «Respublica партиясы», «Әділет партиясы», «Ауыл партиясы», «Қазақстан халық партиясы» қоғамдық бірлестіктерінің облыстық филиалдарының, «Павлодар облысының азаматтық одағы» заңды тұлғалар бірлестігінің өкілдері байқаушы ретінде сайлау барысын бақылады. «Павлодар облысының Азаматтық одағы» заңды тұлғалар бірлестігі атынан келген байқаушы Анастасия Мұратова бәрі қалыпты өткенін мәлімдеді. Сайлаушылар келіп, аты-жөні бойынша комиссия мүшелеріне жақындап, тиісінше рәсімделіп, бюллетеньдерін алып, кезегімен дауыс бергеніне куә болған. Талаптан ешқандай ауытқушылық болмағанын жеткізді.

Айта кетерлігі, аталмыш сайлау учаскесіне шетелдік байқаушылар да келді. Нақтысы, OBSE миссиясы байқаушылары Soledad Birthe Lundgaard және Dorcha Eirbaannach Irish Құрылтай сайлауы барысын бақылап, #39 сайлау учаскесінің жұмыс барысымен танысты.

Мүмкіндік жасалды

Павлодар қаласындағы №34 учаскелік сайлау учаскесінде де сайлаушылар үшін барлық жағдай жасалды. Учаске төрағасы Қайсар Айыповтың айтуынша, дауыс беруге арналған кабиналар мен жәшіктер уақытылы орнатылып, сайлаушыларға емін-еркін таңдау жасауына мүмкіндік берілген. Әсіресе, ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін тактильді жолдар, Брайль қарпі, арнайы кабина, трафарет, аудио сүйемелдеу, компьютер және ымдау тіліне арналған материалдар қарастырылды.  Сонымен қатар, үйден дауыс беруге өтініш білдірген азаматтардың таңдау жасауы үшін комиссия мүшелері шағын жәшіктермен үйлеріне арнайы барды.

Павлодар қаласындағы зағип жандарға арналған кітапханадағы №97 сайлау учаскесінде де мүгедектігі бар азаматтардың алаңсыз дауыс беруіне жан-жақты жағдай жасалыпты. Сайлау учаскесінің төрағасы Ермұрат Ордабаевтың айтуынша, мүмкіндігі шектеулі адамдардың еш кедергісіз дауыс беруіне қажетті құрал-жабдықтар қарастырылды. Бұл учаскеде 18 көзі көрмейтін, 3 арбамен жүретін және 5 құлағы естімейтін адам тіркелген.

Мүгедектігі бар тұрғындардың қолданылуына арналған құрылғылардың бірі – тифломаркер. Бұл – арнайы электронды құрал. Оның көмегімен көру қабілеті бұзылған азаматтар арнайы тифлобелгіні трафарет мәтінімен салыстырып қарайды. Ол сайлау бюллетеніне кигізіледі. Сайлаушы тифломаркерді трафареттің тиісті жолына жақындатқанда жазылған ақпарат дауыстап, шығарылады. Құлаққап арқылы сайлаушы ғана мәтінді ести алады. Сәйкесінше, дауыс беру құпиясы сақталады. Аталған құрал бұл учаскеде екінші  сайлауда қолданылған.

Жәрмеңкеден құр қайтпады

Сайлау кезінде облыстың үш қаласы мен 10 аудан орталығында ауыл шарушаылығы жәрмеңкелері ұйымдастырылды. Нақтысы, жергілікті тауар өндірушілердің өнімдері 146 сайлау учаскесінде арзан бағамен сатылды.

Мұндай жәрмеңке Павлодар қаласындағы №39 мектепте де өтті. Сайлаушылар таңдауын жасаған соң арзан бағамен азық-түлік алуға жағдай жасалды. Шағын жәрмеңкеде күріштің келісі 500 теңгеден, жұмыртқаның он данасы 528 теңгеден, қанттың келісі 400 теңгеден сатылуда. Макаронның бір келісін тұрғындар 380 теңгеден, күнбағыс майының литрін
780 теңгеден, жоғары сұрыпты ұнның келісі 314 теңгеден, қарақұмықтың келісін 435 теңгеден сатып алды.

Павлодар қаласының тұрғыны Қымбат Бабыкова таңдауын да жасап, үйіне арзан бағалы тағамдарын да алып кетті.

– Қазақстанның азаматы ретінде дауыс беруден қалмаймын. Қызым екеуіміз келіп, таңдау жасадық. Бар жағдай жасалған. Құр қайтпайық деп арзан бағамен ұн, жұмыртқа, қант алып қайттық, — дейді Қымбат Қазбекқызы.

Павлодар қаласындағы №75 және №81 сайлау учаскелері орналасқан Бауыржан момышұлы атындағы мектептің ауласында сауда қызды. Таңертеңнен ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде түрлі өнім сайлаушыларға ұсынылды. Олардың қатарында ет, шұжық, сүт, ұн, бал өнімдері, көкөністің түр-түрі болды. Барлығы нарықтық бағадан анағұрлым арзанға сатылды. Мәселен, жұмыртқаның он данасы 528 теңгемен ұсынылды. Тереңкөл ауданының тұрғыны Светлана Бородихина шұжық өнімдерін әкелген. Саудагердің айтуынша, өнімдердің бағасы қарапайым дүкендердегі бағадан 40 пайызға дейін төмен. Сондықтан болар, сұраныс жоғары. Дауыс беруге келушілерге өнімнен дәм татқызып, таңдау жасауға да мүмкіндік берді. Сұраныстың жоғары болғаны соншалық, кейбір өнімдер таусылып, жаңа легін жеткізуге тура келген.

Тілшілер тобы.

Суреттерді түсірген — Есенжол Исабек.