Құрылтай депутаттарын сайлау күні Павлодар облысындағы қоғамдық көліктер жолаушыларды тегін тасымалдайды.
Атап айтқанда, Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларында қоғамдық көлікте жол жүру тегін болады. Яғни, Павлодар қаласында барлық қалалық автобус және трамваймен қатынау кезінде тұрғындардан ақы алынбайды. Екібастұз және Ақсу қалаларында да автобустармен қатынау үшін ақы төлеудің қажеті болмайды. Мұндай мүмкіндікті тек қала тұрғындары емес, сайлау күні осы қалаларға келетін қонақтар да пайдалана алады.
Сонымен қатар, 23 тамыз күні өтетін Құрылтай депутаттарын сайлау кезінде облыстың үш қаласы мен 10 аудан орталығында ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өтеді. Бұл күні жергілікті тауар өндірушілердің өнімдері 146 сайлау учаскесінде арзан бағаға сатылады.
Нақтысы, Павлодар қаласында 22 тамызда «Jailau» фермерлер нарығында, ал 23 тамызда қаланың 30 сайлау учаскесінде жәрмеңке өтеді. Дауыс беруге келген азаматтар түрлі өнімді нарықтағы бағадан әлдеқайда арзанға ала алады. Ол үшін жергілікті кәсіпкерлер барлығы 147 тонна өнім ұсынуды жоспарлап отыр. Олардың қатарында 60 тонна картоп, 30 тонна сәбіз, әрқайсысы 5 тонна болатын қызанақ пен қияр, қауын мен қарбыз, тағы 5 тонна сүт өнімдері, 2 тонна бал және бал өнімдері, 10 тонна азық-түлік, 2 тонна нан-тоқаш, 3 тонна сусын бар. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері Екібастұз және Ақсу қалаларында да өтеді. Екібастұз қаласында 22 тамызда сауда «Народный» базарында, ал 23 тамызда 20 сайлау учаскесінде төмен бағадағы өнімдер ұсынылады. Ал Ақсу қаласында 22 тамызда «Ауыл» базарында, 23 тамызда 21 сайлау учаскесінде ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылмақ.
Өз тілшіміз.
