Құрылтай сайлауына үш күн қалды. Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мәліметінше, бүгінде аймағымыздағы барлық сайлау учаскелері саяси науқанға толық дайын.
Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мәліметінше, Қазақстан Республикасы Құрылтай депутаттарының сайлауын дайындау және өткізуге Павлодар облысында 536 сайлау комиссиясы жұмылдырылған. Олар – 1 облыстық, 13 аумақтық және 522 учаскелік комиссия. Оның ішінде 22-сі – қолжетімділігі шектеулі учаскелер. Яғни, олар ауруханалар, шипажайлар және уақытша оқшаулау орындарында ұйымдастырылады. 98 адам аумақтық комиссиялар құрамында саяси науқанға атсалысса, 3348 адам учаскелік комиссиялар жұмысына тартылады.
– Барлық сайлау учаскелері қажетті құрал-жабдықтармен қамтылды. Яғни, стационарлық және көшпелі жәшіктер, жасырын дауыс беру кабиналары қарастырылды. Сонымен қатар, мүгедектігі бар тұлғаларға арналған кабиналар да ұйымдастырылды, – дейді облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Гүлнәр Аманжолова.
Саяси науқанға әзірлік аясында электоралды оқытуға баса назар аударылды. Яғни, комиссия төрағалары, мүшелері тиісті жоспарға сай оқытылды. Оқыту барысында комиссия мүшелерінің сенім білдірілген адамдармен, отандық және шетелдік бақылаушылармен, БАҚ өкілдерімен өзара іс-қимылы, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдардың дауыс беру мәселелері бойынша практикалық кейстерді пысықтап, заң талаптарына сай әрекет ету түсіндірілді.
Сайлаушылар үшін алаңсыз дауыс беруге барлық жағдай жасалған. Осы орайда, сайлаушалырға қажетті бірқатар ақпаратқа тоқтала кетейік. Мәселен, 23 тамыз күні белгілі бір себептермен тұрғылықты мекеніңіз бойынша дауыс бере аймайтыныңызды білсеңіз, жол жүріп, өзге елді мекенде болсаңыз, тіркелген жеріндегі учаскеден есептен шығару куәлігін алуға болады. Ол үшін міндетті түрде жеке басын куәландыратын құжатын көрсетуі тиіс. Есептен шығару куәлігі жоғалса, оны қалпына келтіруге болмайтынын және телнұсқасы берілмейтінін ескерген жөн. Яғни, есептен шығару куәлігі бір рет қана беріледі. Сонымен қатар, бір елді мекен аумағында тіркелген жеріңіз бойынша учаскеде емес, басқасында дауыс беруге есептен шығару куәлігі берілмейтінін білгеніңіз абзал. Есептен шығару куәліктерін беру сайлау күнінің алдындағы күннің жергілікті уақыты бойынша сағат 18.00-де, яғни 2026 жылғы 22 тамызда тоқтатылады.
Учаскеңіздің нөмірін және орналасқан мекенжайын білудің түрлі жолы қарастырылған. ҚР Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, азаматтардың қай учаскеде тіркеуде екенін www.gov.kz/sailau, sailau.gov.kz және sailau2026.gov.kz онлайн сервистері арқылы біле алады. Бұл сервистер көмегімен жеке сәйкестендіру нөмірін енгізіп, қай учаскенің сайлаушылар тізімінде екенін анықтау мүмкіндігі қарастырылған. Сонымен қатар, тұрғындар өзінің тұрғылықты елді мекеніндегі әкімдіктің Call-орталықтарына хабарласып, учаскесін біле алады. Call-орталықтардың нөмірлері әкімдіктердің интернет-ресурстарында қолжетімді. Үйіңізге жеткізілген жеке шақыртудан да учаскеңізді білуге болады. Яғни, шақыртудағы QR-кодты пайдаланып, анықтау мүмкіндігі қарастырылған.
Павлодар облыстық аумақтық сайлау комиссиясының айтуынша, Call-орталықтар аймақтың барлық қалалары мен аудандарында құрылған. Олардың телефондары әкімдіктердің сайттарында, аумақтық сайлау комиссияларының әлеуметтік желілерінің беттерінде жарияланған. Сондай-ақ, өз учаскесін сайлаушы «Сайлау учаскесін іздеу сервисі» Telegram-ботына ЖСН теру арқылы білуге болады. Сонымен қатар, 109 нөміріне хабарласып, жеке сәйкестендіру нөміріңізді айтсаңыз, қай учаскеге қарасты екеніңізді анықтап береді.
Г.ТҮГЕЛБАЙ.
