Ақылдаса отырып айыбын анықтайды

Там 20, 2026

Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлының «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деген тәмсілі бар. Кез келген салада заң мен тәртіп салтанат құрса, ілгерілеушілік болатыны анық. Алайда, өкінішке қарай, бес саусақ бірдей болмайтындай, тәртіп талаптарынан аттайтындар да табылады. Оларды тезге салатын да тиісті орган бар. Мәселен, мемлекеттік қызметшілердің тәртібі қаралатын әдеп жөніндегі кеңес жұмыс істейтінін білесіздер.

Біреу білмей, бірі біліп қателікке бой алдырады. Мұндай жағдайлар, әлбетте, қараусыз қалмауы тиіс. Өйткені, әрбір өрескел қателік, заңға қайшы әрекет мемлекеттік қызметтің беделіне салқынын тигізеді. Аймағымызда еңбек ететін мемлекеттік қызметшілердің әр қадамын қадағалайтын облыстық мемлекеттік қызмет істері департаменті жанынан мемлекеттік қызметшілердің әдеп жөніндегі кеңесі бар.

Бұл әдеп жөніндегі кеңес – Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің алқалы органы.

– Әдеп жөніндегі кеңестің міндеттеріне тек тәртіптік істерді қарау ғана кірмейді. Бұл кеңес, сондай-ақ, қатар мемлекеттік органдар мен ұйымдардағы мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнама талаптары және қызметтік әдеп нормаларының бұзылуын алдын алуға бағытталған іс-шаралары мәселелерін қарауды жүзеге асырады. Павлодар облысындағы Әдеп жөніндегі кеңес құрамына 11 адам кіреді. Олардың ішінде құқық қорғау органдарының басшылары, мәслихат төрағалары, қоғам және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және мемлекеттік қызмет ардагерлері бар, – дейді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы, әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Мадияр Әбілдин.

Әдеп жөніндегі кеңес отырыстары жоспарға сай екі айда бір реттен сиретпей өткізіледі. Кеңес төрағасының айтуынша, қажеттілікке байланысты кеңес отырыстары жоспардан тыс та ұйымдастырылып тұрады.

Былтыр кеңес отырыстарында 33 тәртіптік іс қаралыпты. Биыл сегіз айда 8 тәртіптік іс бойынша отырыс өткен. Осы ретте, өткен жылдың 8 айымен салыстыратын болсақ, тәр-тіптік іс саны 3 есеге сиреген. Былтыр 8 айда 23 тәртіптік іс тіркеліпті. Департамент басшылығының айтуынша, тәртіптік істердің 3 есеге жуық төмендеуі алдын алу сипатында жүргізілген шаралардың тиімділігін көрсетіп отыр.

Осы орайда, биыл кеңесте жан-жақты сарапталған 8 тәртіптік іс бойынша жіберілген қателіктерге тоқталсақ, басым бөлігі қызметтік әдеп нормаларын бұзуға қатысты орын алған. Мадияр Байғабылұлының айтуынша, 8 тәртіптік істің бесеуі қызметтік әдеп нормаларының бұзылуы мәселелерімен байланысты болған. Нақтысы, мемлекеттік қызметшілер автокөлікті мас күйінде басқарған. Сонымен қатар, қызметтік көлікті мақсатсыз пайдалану, азаматтармен қарым-қатынас кезінде әдепсіздік таныту сияқты жағдайлар орын алған.

Құзырлы орган Әдеп кеңесінде қаралған жағдайлардан кейін сол қателіктердің қайталанбауы үшін мемлекеттік мекемелерде алдын алу шараларына басымдық береді. Яғни, ұқсас жағдайларға жол бермеу үшін департамент өзге мемлекеттік органдармен бірлесіп, тұрақты негізде профилактикалық сипаттағы іс-шаралар, оның ішінде мемлекеттік қызметшілермен түсіндірме жұмыстарын жүргізеді.  Биыл жыл басынан бері мемлекеттік органдарда 100-ге жуық түсіндірме кездесу жүргізілген.

Департамент мамандары, әдеп жөніндегі кеңес аймағымызда мемлекеттік қызмет беделіне нұқсан келтіретін әрекеттерді болдырмауға күш салады. Дегенмен, кемшілікке жол беретіндер де кездеседі. Мәселен, әдеп жөніндегі кеңес отырыстарында көбінесе шешімдерді дайындау мен қабылдау кезінде жеке және заңды тұлғаларға құқыққа сыйымсыз қолдау деректері жан-жақты сараланған. Сонымен қатар, кәсіпкерлік және кіріс алумен байланысты өзге де қызметті жүзеге асыруда заңнамада көзделмеген кез келген жәрдем көрсету жағдайлары да май шаммен қаралған көрінеді. Жеке және заңды тұлғаларға құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін іске асыруына ашық кедергі жасауы сияқты мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтар әдеп кеңесі мүшелері тарапынан кең талқыланып, азаматтардың айыбы анықталған. Аталған бағыттар бойынша материалдар кейде департаменттің тексеруі кезінде анықталса, кейде прокуратура және құқық қорғау органдарынан көбінесе келіп түседі.

Әр жағдайға байланысты кеңес жан-жақты талдау жасап, айыпты азаматтың ойын, уәжін тыңдап, заң талабына сай түрлі жаза қолдануды ұсынады. Яғни, әрбір іске қатысты әдеп жөніндегі кеңес өз ұйғарымын шығарады. Мәселен, биыл жылдың басында әдеп жөніндегі кеңестің шешімімен 1 мемлекеттік қызметшіге, яғни Екібастұз қаласының бөлім басшылары орынбасарларының біріне қатысты масаң күйде автокөлік құралын басқару фактісі бойынша атқаратын лауазымынан шығару түріндегі тәртіптік жаза қолдану ұсынылған.

Осылайша, құзырлы орган мемлекеттік қызметте ел үшін еңбек етіп жүрген азаматтардың әдептен озбауына қырағылық танытады.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.