Елімізде алғаш рет өтетін Құрылтай депутаттарын сайлауға санаулы күн ғана қалды. Бүгінде депутаттық мандаттарды алудан үмітті жеті партия өкілдері үгіт-насихат жұмысын ширата түсті. Саяси ұйымдардың мүшелері түрлі ұжым, кәсіпорын қызметкерлерімен кездесіп, тұрғындармен тілдесіп, сайлауалды бағдарламасын егжей-тегжейлі таныстыруда.
«Әділет» партиясы
«Әділет» партиясының Павлодар облыстық сайлауалды штабының ақпараттық-үгіт топтары Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалаларында және Шарбақты ауданында өңір тұрғындарымен бірқатар кездесу өткізді. Құрылтайға кандидаттар сарапшылар қауымдастығы сараптамалық сессия өткізіп, әлеуметтік-экономикалық дамудың өзекті мәселелері талқылады.
Сонымен қатар үгіт топтары тұрғындармен және еңбек ұжымдарымен тікелей жұмыс жүргізді. Ақсу қаласында Мансап орталығының, «Ақсу сервис» КМК және №24 балабақша қызметкерлерімен кездесулер өтті. Одан бөлек, «Ақсу молл» сауда — ойын-сауық орталығының қызметкерлерімен, келушілермен бейресми кездесулер ұйымдастырылды. Қаладағы №11 шағын ауданда «Есіктен — есікке» акциясы ұйымдастырылды.
Шарбақты ауданында штаб өкілдері Шарбақты ауылындағы «Қазақтелеком» АҚ және «Қазпошта» АҚ ұжымдарымен кездесіп, «Есіктен — есікке» форматында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ ПХС және Шалдай ауылдық дәрігерлік амбулаториясының қызметкерлерімен кездесулер өтті.
Екібастұз қаласында «KEGOC» АҚ филиалының, «Ekibastuz FerroAlloys» ЖШС және «Диас Дар» ЖШС қызметкерлерімен кездесулер ұйымдастырылды. Жеткізу және такси саласының өкілдерімен жеке кездесу өтіп, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар мен қаладағы жұмыспен қамту мәселелері талқыланды. Қала тұрғындарымен «Есіктен — есікке» акциясы да өткізілді.
Павлодар қаласында ақпараттық-үгіт топтары бизнес өкілдерімен, «ҚазТрансОйл» АҚ қызметкерлерімен, жастармен, Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театрының ұжымымен, жеткізу және такси саласының өкілдерімен кездесулер өткізді. Қалада тұрғындармен тікелей байланыс орнатуға бағытталған «Есіктен — есікке» акциясы да ұйымдастырылды.
«Жалпыұлттық социал-демократиялық партия» (ЖСДП)
ЖСДП белсенділері Баянауыл ауылында Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттығына кандидаттар — Роза Жүсіпова және Талғат Тәтиковпен бірге үгіт-насихат акциясын өткізді.
Акция барысында партия өкілдері елді мекен тұрғындарымен кездесіп, оларға сайлауалды бағдарламаның негізгі ережелерін, ЖСДП қызметінің басым бағыттарын таныстырды. Ауыл көшелерінде партияның бағдарламалық ұсыныстары туралы ақпарат қамтылған ақпараттық және үгіт-насихат материалдары таратылды.
Тұрғындармен тікелей диалог орнатуға ерекше көңіл бөлінді. Ауыл тұрғындары өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, ұсыныстарын білдіріп, ауылдық жерлер үшін өзекті мәселелер бойынша пікірлерімен бөлісті.
Осындай кездесулер мен көшедегі акциялар партия өкілдеріне халықпен тікелей байланыс орнатып, өз бастамалары туралы кеңірек ақпарат беруге және тұрғындардың пікірлері мен ұсыныстарына құлақ түруге мүмкіндік береді. Мұндай формат сайлауалды науқанның қорытынды кезеңінде ерекше маңызға ие.
«Байтақ» партиясы
«Байтақ» партиясының Павлодар облыстық сайлауалды штабының ақпараттық-үгіт топтары өңір тұрғындарымен кездесулерін жалғастыруда. Сапарлар барысында партия өкілдері облыстың бірқатар елді мекеніне барып, тұрғындармен түрлі форматта — ұйымдастырылған кездесулерден бастап аулаларда жүргізілген тікелей әңгімелерге дейін пікір алмасты.
Кездесулердің негізгі тақырыптарының бірі — өңірдегі экологиялық жағдай. Тұрғындар ауаның сапасы, су айдындарының жай-күйі, тұрмыстық және өнеркәсіптік қалдықтарды кәдеге жарату, аумақтарды көгалдандыру және абаттандыру мәселелерін көтерді. Елдегі ірі өнеркәсіптік өңірлердің бірі саналатын Павлодар облысы үшін экологиялық қауіпсіздік мәселесінің маңызы зор.
Сайлау алдындағы үгіт-насихат науқанының қорытынды кезеңі тұрғындармен ашық диалог форматында өтуде. «Байтақ» партиясы үшін экологиялық қауіпсіздік — табиғатты қорғау мәселесі ғана емес, халықтың денсаулығын сақтау, қолайлы қалалық ортаны қалыптастыру және Павлодар облысының тұрақты дамуын қамтамасыз етудің маңызды құрамдас бөлігі.
Қазақстан Халық партиясы
Қазақстан Халық партиясынан Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттығына кандидаттар — Әлімбек Ағибаев пен Евгений Миронов үгіт-насихат науқаны аясында «ТемирГрад» ЖШС еңбек ұжымымен кездесті. Кандидаттар ұжымға ҚХП сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырды. Кездесу барысында отандық бизнесті қолдау, лайықты еңбек жағдайларын қамтамасыз ету, жұмыс орындарын сақтау және кәсіпорын қызметкерлерін толғандыратын мәселелер талқыланды. Қызметкерлер өз пікірлерін білдіріп, кандидаттарға ұсыныстары мен аманаттарын жеткізді.
Сондай-ақ, кандидаттар Әлімбек Ағибаев пен Евгений Миронов үгіт-насихат науқаны аясында Павлодар облыстық кардиологиялық орталығының ұжымымен кездесті. 2013 жылдан бері жұмыс істейтін орталық ересектер мен балаларға мамандандырылған кардиологиялық және кардиохирургиялық көмек көрсетеді. Мұнда күрделі операциялар жасалып, диагностикалық тексерулер мен науқастарды оңалту шаралары жүргізіледі. Шұғыл және жоспарлы медициналық көмек тәулік бойы көрсетіледі. Кандидаттар ҚХП сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырды. Кездесу барысында денсаулық сақтау саласын дамыту, медицина қызметкерлерін қолдау, еңбек жағдайларын жақсарту және сапалы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мәселелері талқыланды. Кездесу ашық диалог форматында өтті. Орталық қызметкерлері сұрақтарын қойып, өз пікірлерін білдірді.
«Ауыл» партиясы
Сайлауалды штаб өкілдері Аққулы ауданындағы «Аққу Сервис» кәсіпорнының еңбек ұжымымен кездесу өткізді. Кездесу барысында кәсіпорынның қазіргі қызметі, ауылдық аумақтарды дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу, еңбек адамын қолдау және өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру мәселелері сөз болды.
Ұжым мүшелері өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салып, кәсіпорынның әрі ауылдық елді мекендердің алдағы дамуына қатысты ұсыныстары мен пікірлерін білдірді. Өз кезегінде сайлауалды штаб өкілдері айтылған ұсыныстарды тыңдап, партияның сайлауалды бағдарламасында қамтылған негізгі бағыттар мен бастамаларға тоқталды.
Кездесу ашық пікір алмасу және сындарлы диалог форматында өтіп, қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды.
«Ақ жол» партиясы
Бүгін «Ақ Жол» демократиялық партиясының сайлауалды штабының өкілдері «Мойылды» шипажайының еңбек ұжымымен кездесу өткізді. Кездесу барысында қатысушыларға 23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауы туралы ақпарат берілді. Сайлаудың Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының ережелеріне сәйкес өтетіні айтылды. Партия өкілдері өздерінің сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырып, басты бастамалары мен ұсыныстарға тоқталды.
Кездесуде ашық пікір алмасуға ерекше көңіл бөлінді. Сайлауалды науқан қорытынды кезеңге жақындап келеді. Осындай кездесулер партия өкілдеріне азаматтармен тікелей байланыс орнатып, сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстыруға мүмкіндік береді.
«Respublica» партиясы
«Respublica» партиясының өкілдері Ақтоғай ауданында алдағы сайлау қарсаңында үгіт-насихат жұмыстарын жалғастыруда. Сайлауалды науқан мәресіне таяп, қазір негізгі назар сайлаушылармен тікелей қарым-қатынас орнатуға және халықты партия бағдарламасының негізгі бағыттарымен таныстыруға аударылуда.
Үгіт-насихат жұмыстары аясында партия өкілдері аудан орталығы мен елді мекендердің тұрғындарымен кездесулер өткізіп, ақпараттық материалдар таратып, сайлаушыларға өздерінің бағдарламалық ұсыныстарын таныстыруда. Кездесулер барысында ауылдық аумақтардың өміріне тікелей қатысты мәселелер — инфрақұрылымды дамыту, жұмыспен қамту, бизнесті қолдау және аграрлық сектордың әлеуеті талқыланды.
Дауыс беру күніне санаулы уақыт қалғандықтан, науқанның қорытынды кезеңі белсенді форматта өтуде. Партия өкілдері барынша көп тұрғынды қамтып, олардың сұрақтарына жауап беруге және сайлауалды бағдарламаның негізгі ережелерін халыққа жеткізуге күш салуда. Бұл кезеңде әрбір тұрғын кандидаттардың ұсыныстарымен танысуға мүмкіндік алады.
Әзірлеген – Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.
