Екібастұз қаласында жыл сайын балаларға арналған ойын және футбол алаңдарының қатары артып келеді. Биыл да бұл бағытта ауқымды жұмыс жүргізіліп, бос уақытты тиімді ұйымдастыратын жаңа аумақтар пайда болды.
Соңғы жылдары шаһарда 220-дан астам жаңа ойын және спорт алаңдары жабдықталды. Осы жылы да аулаларды абаттандыру аясында бірқатар іс қолға алынды. Айталық, 20 футбол алаңының 11-і салынып, жұмыстар толығымен аяқталды. Қалған тоғызы таяу күндері пайдалануға берілмек.
Сонымен қатар, 50 ойын алаңын орнату жоспарланған еді. Бүгінде
37 алаң орнатылды. Тағы 13 аумақтағы жұмыс қыркүйек айының соңына дейін аяқталуы тиіс.
Жуырда қала әкімі Аян Бейсекин аталған алаңдарға арнайы барып, жұмыс барысын бақылап қайтты.
— Біздің басты міндет – балалар мен жастардың белсенді, қауіпсіз әрі жайлы демалысы, уақыт өткізуі үшін жағдай жасау. Осы мақсатта ойын және спорт алаңдарын орнатуға баса мән беріп келеміз. Алаңдарды орнату ісі де қатаң қадағалауымызда. Жұмыстар сапалы жүргізіліп жатыр, — деді А.Бейсекин.
Шаһар басшысы бұл бағыттағы жұмыстар келесі жылы да жалғасын табатынын айтты. Яғни, 2027 жылы да көпқабатты баспаналардың аулаларына ойын, футбол алаңдарын салу көзделіп отыр.
Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.
Екібастұз қаласы
