Шарбақты ауданында елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту және ауыл тұрғындары үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған игі істер жалғасуда. Соның дәлеліндей, қазіргі таңда Богодаровка ауылына кіреберіс жол жөнделуде.
Қуантарлығы, Богодаровка ауылына кіреберіс жолды жөндеу жұмыстары демеушілердің қолдауымен жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, оған облыстық мәслихат депутаты Виталий Соломкин мен аудандағы белгілі кәсіпкер Владимир Таролла көмектесіп, қажетті қаражатпен қамтамасыз еткен.
– Бұл – туған жердің дамуына үлес қосып, ауыл тұрғындарының игілігі үшін жасалып жатқан маңызды әрі әлеуметтік мәні зор бастама. Осы іске қолдау көрсетіп, ауданымыздың көркеюіне өз үлестерін қосып жүрген азаматтарға алғысымызды білдіреміз! – дейді Шарбақты ауданының әкімі Сержан Иманқұлов.
Жол сапасын жақсарту – ауыл тұрғындарының күнделікті тұрмыс-тіршілігіне тікелей әсер ететін маңызды мәселелердің бірі екені сөзсіз. Сондықтан бұл бастама — біз үшін үлкен қолдау, дейді Богодаровка ауылының тұрғындары.
Н.ШОДЫР.
Шарбақты ауданы
