Ақтоғай ауданының Ақжол ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілуде. Алайда жұмыс қарқыны бекітілген кестеден баяу орындалып жатқаны анықталды. Оның негізгі себептерінің бірі – мердігер ұйым тарапынан жұмысшылар санының жеткіліксіздігі.
Аудан басшысы Ернұр Әйткенов Ақжол ауылына жұмыс сапары барысында құрылыс алаңындағы жұмыстардың орындалу барысын қарап, жауапты мамандар мен мердігер өкіліне бірқатар нақты тапсырма берді. Атап айтқанда, жұмысшылар санын көбейтіп, құрылыс қарқынын жеделдету, белгіленген жұмыс кестесін қатаң сақтау және құрылыс сапасына ерекше мән беру қажеттігі айтылды. Мердігер тарапынан туындаған мәселелерді қысқа мерзімде шешіп, жұмысты белгіленген мерзімде аяқтау жөнінде талап қойылды. Сонымен қатар, құрылыс барысында қауіпсіздік талаптарын сақтау және орындалатын жұмыстардың сапасын тұрақты бақылау қажеттігі атап өтілді.
Алдағы уақытта нысандағы құрылыс жұмыстарының барысы бақылауда болып, мердігердің қабылдаған міндеттемелерін орындауына тиісті мониторинг жүргізіледі.
А.БОРАНБАЕВА.
Ақтоғай ауданы
