Жыл сайын күзгі мезгілде тұмауға қарсы ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін екпе салу науқаны жүргізіледі. Биыл өңірімізде осы мақсатта 80 млн теңгеге 80 мың доза екпе сатып алынған. Бұл көлем тиісті талап бойынша облыста тұрғындардың 10 пайызын иммундауға бағытталады.
Бұл маңызды науқан барысы облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиында баяндалды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ермек Кучуковтың айтуынша, тұмауға қарсы екпе салу 15 қыркүйекте басталады. Алдымен профилактикалық вакциналауға тиісті азаматтарға, сонымен қатар инфекция жұқтыру қаупі жоғары тұрғындарға екпе жасалады. Бұл санатқа егде жастағы адамдар, оқушылар, кішкентай балалар, созылмалы сырқаттары бар азаматтар, жүкті әйелдер жатады.
Қазіргі таңда екпелерді сақтайтын орындар әзірленген. Биыл облыста 69 фармацевтикалық тоңазытқыш, 100 термоконтейнер, 10 ірі термоконтейнер сатып алыныпты. Аймақта екпе салатын 250 кабинет, 87 бригада жасақталған.
Сонымен қатар, өңірде ауруханаларда қажетті төсек орындар саны жасақталуда. 326 инфекциялық және 49 пульмонологиялық төсек дайындалыпты. Оның ішінде облыстық балалар ауруханасында 225 инфекциялық және 5 пульмонологиялық төсек қарастырылған. Ал Ақсу қаласында – 25, Екібастұзда 21 инфекциялық төсек орын қарастырылып отыр. Ересектерге Ғ.Сұлтанов атындағы облыстық ауруханада 30 инфекциялық және 24 пульмонологиялық төсек, Екібастұз қалалық ауруханасында 10 инфекциялық және 20 пульмонологиялық төсек орын жасақталады. Аймақтың бас дәрігерінің айтуынша, орындар қорының 85 пайызына науқастар жатқызылған жағдайда қосымша орындар қарастырылады. Былтыр мұндай 110 қосымшатөсек жайылған көрінеді.
Инфекцияның өршімеуі үшін алдын ал шаралары да күшейтілмек. Мәселен, 15 қыркүйектен бастап, медициналық мекемелерде тұмау және жедел респираторлы вирустық инфекция белгілері бар науқастарды қабылдайтын «сүзгі» кабинеттері жұмысын бастайды. Ал 1 қазаннан бастап, медицина ұйымдарында бетперде кию талабы енгізіледі. Қазіргі таңда облыста 25 мың адамға есептегенде бастапқы медициналық-санитарлық көмектің 17 мобильді бригадасы жұмыс істейді. Эпидемиологиялық өсім тіркелгенде, 5 мың адамға бір бригададан қарастырылады.
Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Батырбек Әлиев аймақта эпидемлогиялық ахуал тұрақты екенін атап өтті. Биыл тұмау дерегі тіркелмеген. Облыс әкімі Асайын Байханов жағдайды жіті бақылауда ұстап, тиісті шараларды уақытылы іске асыруды тапсырды.
Г.МАҒЖАН.

