Акцияға белсене атсалысты

Қыр 24, 2026

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына железиндік тұрғындар да атсалысты. Олар туған мекенін көркейтуді әрі айналаны абаттандыруды ортақ міндет деп біледі.    

Игі іске аудан әкімі Айтуған Шайхимов басшылық етіп, мемлекеттік мекемелердің өкілдерімен бірге қатысты. Олар аудан орталығында ағаш көшеттерін отырғызды. Осылайша, жалпы облыстық сенбілікке шығып, айналаның тазалығы мен гүлденуіне әрбір азамат жауапты екенін көрсетті.

– Әрбір отырғызылған көшет – ауданымызды көгалдандыруға, экологиялық аухалды жақсартуға және келер ұрпақ үшін қолайлы әрі жайлы орта қалыптастыруға қосылған маңызды үлес, – деп атап өтті аудан әкімі.

Тазалық акциясына әрбір ауылдық округтің жасы мен жасамысы атсалысты. Мәселен, Еңбекші ауылдық округінің жастары елді мекенді ретке келтіріп, қоршаған ортаны таза ұстауға үлес қосты. «Айбат» жастар бастамаларын дамыту орталығының жастары «Өзіңнен баста» челленджіне белсене қатысты. Ал Уәлиханов ауылында әкімдік жастармен бірлесіп, елді мекеннің кіреберісіндегі стелланы жаңартып, сырлап шықты. Оны ою-өрнекпен безендіріп, көрік кіргізді. Өзге де ауылдық округтерде осындай тазалық жұмыстары жүргізілді.

Г.МАҒЖАН.

Железин ауданы