Ең алдымен жүрек пен ниет таза болуы керек

Қаз 13, 2026

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әрдайым «Таза Қазақстан» ұлттық экологиялық жобасының маңызын айтып келеді. Бұл туралы жаңадан қабылданған Конституцияда да атап өтілген. Яғни, тазалыққа мән берген ел ғана барлық салада жетістіктерге жетіп, әлемдік деңгейде танылып, алға озады. Бұл — келешек  жастар үшін жасалып жатқан ауқымды шара.

Президент осы бағыттағы терең мәнді сөздерді 19 қыркүйекте Астанада жастармен өткізген «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы барысында келтірген болатын. Қасым-Жомарт Кемелұлы «егер біздің жүрегіміз таза, ниетіміз ақ болса, бұл әр істе де көрініс табанынын» айтты.

«Мен осындай игі іске өз үлесін қосып жүрген жастарды нағыз отаншыл азамат деп санаймын. Себебі Отанға, туған жерге деген сүйіспеншілік өз үйіңнен, өз ауылың мен қалаңнан бастау алады.

Халқымызда «Бір тал кессең, он тал ек» деген сөз бар. Өнегелі сөз деп айтсақ, артық болмас. Табиғатты аялау, қоршаған ортаға қамқор көзбен қарау – ұлтымыздың болмысында бар асыл қасиет. Бұл – бабаларымыздың бізге қалдырған өсиеті әрі аманаты. Ал жаңа Конституциямыз бойынша осы көзқарас пен іс-шаралар азаматтық міндет болып саналады. Сондықтан біз жаппай бір ел болып бастаған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасының қоғамдық және тарихи мәні айрықша» деді Мемлекет басшысы.

Президент Қазақстан экологиялық мәдениеті жоғары ел болуы керектігіне назар аударды. Бұл – мемлекетіміздің Конституциясында айқындалған аса маңызды міндет. «Таза Қазақстан» – жарқын болашағымыздың кепілі. Бұл – жай ғана ұран емес, бұл – шын мәнінде, еліміздің тазалығы өркениетті болашаққа апаратын даңғыл жол деген сөз. Өркениеттілік, жасампаздық пен ілгерілеу ұғымдарының ластыққа, селқостыққа ешқандай қатысы жоқ. Бұл – өмірдің ақиқаты. Түптеп келгенде, бұл жұмыстың бәрі де өскелең ұрпақтың қамы үшін жасалып жатыр, деді Қ.Тоқаев.

Бұл бағытта жұмсыла еңбек етуге тура келеді. Әйтпесе, ештеңе де өздігінен қолымызға түспейді.

«Еліміздің әрбір азаматы бүгін де, ертең де «Таза Қазақстанда» жайлы өмір сүруі керек. Алайда осындай керемет өмір өзінен-өзі аспаннан түспейді, бұл да – ең алдымен, әрбір азаматтың саналы көзқарасы, болмысы. Солай болса ғана, халқымыз бен жалпы еліміздің халықаралық беделі жоғары болады, инвестициялық тартымдылығы күшейе береді.

Мен өз сөздерімде әрдайым айтып жүрмін: біз тазалық ұғымына кең ауқымда қарауымыз керек. Ойы, ниеті таза адамның әрбір әрекеті түзу болады. Тазалықты ең алдымен өзімізден бастау маңызды», деді ҚР Президенті.

Нұрбол Қанатбекұлы.