Берекенің белгісі

Қаз 15, 2026

«Ас атасы – нан» деп атам қазақ әлдеқашан айдар тағып, дастарқанның ең басты дәмі екенін айтып кеткен. Ата-бабамыз нанның бір түйірін де аяқасты етпеуге ұрпағын тәрбиеледі. Бүгінде нан өнімдерінің түр-түрі шықты. Ақ нан, қара нан, тұтас дәнді нан, шелпек, багет, лаваш болып кете береді. Әркім талғамына қарай таңдау жасайды. Өндірушілер де тұтынушылардың сұранысына қарай өнімін түрлендіріп, талғамнан шығуға тырысады.

Міне, осындай нан тағамының 15 шақты түрін өндіретін «Мир хлеба» жеке кәсіпкерлігі нан өндірісінде 10 жылдам астам еңбек етуде. Осы уақытта облыста өзінің тұрақты тұтынушыларын тапқан.

– Алғашында тандыр нан пісіріп, саудалап көрдік. Нанның бұл түрін тұрғындар күнделікті тұтына бермейтінін байқадық. Сондықтан 2015 жылы бөлке нан пісіруге көштік. Біртіндеп тұрақты тұтынушыларымыз пайда болды. Тағам түрлерін көбейттік. Қазіргі кезде 10-15 түрлі нан тағамын шығарамыз. Ақ нан да, қара нан да, тоқаш, батон сияқты өнімдер пісіреміз. Тендерге қатысып, аймағымыздың ауруханалары мен балабақшаларына, қарттар үйіне жеткізуді бастадық, – дейді кәсіпкерлік иесі Ерсін Отаншеев.

Аталмыш наубайханада бүгін-
де тәулігіне 5-6 мың дана нан өндіріледі. 25 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Нан өндірісін өрістетуге мемлекеттің де қолдауын көрген.

– Нарықта, нан өндірісінде бүгінде бәсекелестік өте жоғары. Сондықтан өніміміздің сапасына мән береміз. Нанымыз аурухана, балабақша сияқты мекемелерге жеткізілетіндіктен барынша сапалы, дәмді болуын қадағалаймыз. Ыстық күйінде жеткізуге көңіл бөлеміз. Өнім сапасы дұрыс болуы үшін технологиялық жабдықтарымызды жаңарту қажет. Бұл ауқымды жаңарту бойынша «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорына жүгіндік. Электр пештерімізді жаңартып, үлкенірек түрін сатып алдық. Сол несиеміздің пайыздық мөлшерлемесі субсидияланып, айтарлықтай жеңілдік жасалды, –
дейді кәсіпкер.

Бәсекелестермен иық тіресе алға басып, өндірген өнімінің өтімді болуы үшін күш салады. Сондай-ақ, тұтынушыларына таңертеңнен жаңа піскен нанды жеткізу үшін электр пештері тәулік бойы жұмыс істейді. Сондықтан үздіксіз істейтін жабдықтардың жылдам тозатыны бар. Кәсіпкер бәсекеге қабілетті болу үшін кемінде 5-6 жылда жабдықтарды жаңартып тұру қажеттігін айтады. Мұндай кезде наубайханаға мемлекеттің қолдауы айтарлықтай демеу болуда.

Наубайхана иесі кәсіпке қажеттінің құны артқанымен, нан бағасын өсірмеуге тырысатындарын айтады. Себебі, нан шығаруға керек ұнын өзі өсіретін кәсіпкерлермен бәсекелестікте ұтылып қалады. Алдағы уақытта қайта өңдеушілерге электр қуатының бағасын басқаша есептеу мүмкіндігі қарастырылуы мүмкін көрінеді. Кәсіпкер соған құжат жинауды бастаған. Егер жеңілдік жасалса, бүкіл кәсібі электрмен байланысты наубайхана үшін көп көмек болмақ.

Павлодар қаласында орналасқан наубайхананың наны мен тоқашы аудандарға да жөнелтілетін көрінеді. Әлеуметтік бағамен сатылатын нан да шығарады. Наубайхана астықты аудандарымызда өсірілген бидайдың ұнын қолданады. Кәсіп иесі тұтынушыға күнделікті жолданатын «ас атасын» бабына келтіре, бар ықыласпен пісіріп, ыстығынан жеткізуді жалғастыра бермек. Осылайша, маңдай тер мен еңбек нәтижесі береке мен молшылықтың белгісі боп дастарқанымыздан табылуда.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.