Павлодар ауданындағы «Үміт» би ансамблі жас өнерпаздардың шығармашылық қабілетін шыңдап, ұлттық би өнерін насихаттап келеді. Бес жыл бұрын төрт қатысушыдан құрылған ұжым бүгінде 45 бишіні біріктіріп, республикалық байқауларда топ жарып жүр. Жас өнерпаздардың жетістіктерін қолдаған аудан әкімдігі ортаңғы және ересектер топтарына арнап жаңа ұлттық костюмдер тігуге қаржы бөлді. Енді бишілер мерекелік іс-шараларға қатысып, алдағы өнер додаларына тың қойылымдар әзірлеуде.
Жалпы, Павлодар ауданында 72 шығармашылық ұжым жұмыс істейді. Солардың бірі – Чернояр ауылдық округіндегі «Үміт» би ансамблі. Мұнда 5 пен 18 жас аралығындағы қыздар би өнерін меңгеріп жүр. Алғашында төрт қатысушыдан құралған ұжымның қатары ауылдық және мектепішілік концерттерден кейін толыға түскен. Соның нәтижесінде бишілер жас ерекшеліктері мен дайындық деңгейіне қарай бірнеше топқа бөлінген. Қазір ансамбльде кіші, ортаңғы және ересектер топтары бар. Кіші топта 12 қыз өнер жолын енді бастаса, 10–13 жастағы
12 биші ортаңғы топта дайындалады. Ал 14–18 жас аралығындағы тоғыз қыз ересектер тобына қатысады.
Черноярка мен Сычевка ауылдарының бишілері аптасына екі рет мәдениет үйінде жаттығады. Кішкентай қыздардың сабағы 50 минуттан аспайды, ал ересектер тобы бір жарым сағатқа дейін дайындалады. Өйткені күрделі қимылдарды меңгеру, дене дайындығы мен орындау техникасын жетілдіру үшін көбірек уақыт қажет.
Ансамбльдің көркемдік жетекшісі әрі хореографы Оксана Витковская қойылымдарды әзірлегенде балалардың жасы мен мүмкіндіктерін ескереді. Ересектер тобы халықтық хореографияға ден қойса, кіші және ортаңғы топтар заманауи, эстрадалық билерді орындайды.
Кейбір қойылымдарды дайындау үшін ұжым басқа хореографтарды да шақырады. Бұл балаларға жаңа стильдерді меңгеруге, ал жетекшіге шығармашылық тәжірибесін толықтыруға мүмкіндік береді. Шақырылған маман бидің хореографиясын әзірлегеннен кейін Оксана Витковская қимылдардың үйлесімін, орындау техникасын және сахналық шеберлікті жетілдірумен айналысады.
Қазір ортаңғы және ересектер топтарының 21 бишісі қатысатын қазақтың этностиліндегі жаңа қойылым әзірленіп жатыр. Бұл жұмысқа Павлодар қаласындағы «Мастерская танца» ұжымының хореографы Галина Мальчиковская тартылған. Ол музыканы таңдап, бидің хореографиясын қойған. Ал ансамбль жетекшісі қойылымның көркемдік мазмұнын, бишілердің үйлесімді қимылдауын және сахналық дайындығын пысықтап жатыр. Жаңа биді Наурыз мерекесіне дейін әзірлеу жоспарланған.
Оксана Витковскаяның айтуынша, өзге мамандармен бірлесіп жұмыс істеу тың идеялардың туындауына ықпал етеді. Әртүрлі хореографиялық мәнердің үйлесуі қойылымды байытып, байқауларда жақсы нәтиже көрсетуге көмектеседі.
Биыл «Үміт» ансамблі Павлодар қаласында өткен республикалық деңгейдегі екі байқауда бірінші орын алды. Олар – көпжанрлы «Таланттар достастығы» және хореографиялық «Импульс» байқаулары. Жетекшінің пікірінше, мұндай жетістіктер балалардың өз күшіне сенімін арттырып, өнерге деген қызығушылығын күшейтеді.
Бүгінде ансамбль қыздар үшін жай ғана би үйірмесі емес, бір-біріне қолдау көрсететін ұйымшыл командаға айналған. Олар бірге жаттығып, сахнада өнер көрсетіп, ортақ жеңістеріне қуанады.
Ұжымның жетістіктерін ескерген Павлодар ауданының әкімдігі жаңа сахналық киімдер тігуге қаржы бөлді. Бұған дейін эстрадалық және тақырыптық билерге арналған костюмдерді ата-аналар көбіне өз қаражатымен сатып алып немесе тіктіріп келген. Әсіресе, ұлттық киімдерді жаңарту қажеттілігі туындаған.
2023 жылы ауданның
95 жылдығына орай ересектер тобына жаңа ұлттық костюмдер тігілген еді. Алайда бишілердің өсуіне байланысты олар да тарлық ете бастаған. Осыған орай биыл ансамбль жетекшісі аудан әкімдігіне көмек сұрап жүгінген. Нәтижесінде ортаңғы және ересектер топтарына жаңа қазақтың ұлттық костюмдері алынды. Бишілер оларды Республика күніне арналған іс-шараларда киіп, өнер көрсетеді.
Алдағы уақытта ансамбль қараша айында өтетін «Жұлдыздар ұрпағы» көпжанрлы байқауына қатысуды жоспарлап отыр. Келесі жылы Art Mix байқауына және ортаңғы мен ересектер топтары үш қойылым әзірлеп жатқан «GULNAR FEST» халықаралық көпжанрлы байқауына қатысу көзделген.
Кіші топтың қыздары әзірге байқауларға қатыспайды. Жетекші олардың би шеберлігін біртіндеп шыңдап, сахна мен байқауларға дайындық деңгейін арттыруды маңызды санайды.
Айдана БОРАНБАЕВА.
Павлодар ауданы.
