Облыс орталығында «Өнерлі шаһар» жобасы аясында тағы бір сурет өз орнын тапты. Бұл жолы қалада жолаушылар тасымалында өзіндік орны бар, тарихы тереңде жатқан, шаһар символдарының бірі трамвай көлігінің суреті тұрғын үйлердің бірінің қабырғасына салынды.
Орал қаласынан келген суретші ескі және жаңа трамвайды қатар бейнелеуді жөн көрген. Муралдан трамвайдың ескі вагоны артында қалып, жаңасы алға басқан көрініске куә боласыз. Яғни, қаланың тарихы мен бүгінін ұштастыруға деген ұмтылыс байқалады.
Суретте алыста зауыт мұржалары меңмұндалайды. Суретші өндірісті қала екенін меңзегісі келсе керек. Бұл мурал – «Өнерлі шаһар» жоба аясында қабырғаға түсірілген төртінші туынды.
Трамвайдың суретін Достық және Дачный шағын аудандарына қарасты Қамзин көшесі 364 мекенжайындағы үйдің бүйір қабырғасынан көре аласыз. Аталған аумақты таңдаудың да өзіндік себебі бар көрінеді. Өйткені, дәл осы аумақта алдағы уақытта трамвай желісінің жаңа тармағын салу көзделген. Қала билігі трамвайды муралдардың бірі ретінде таңдауы бекер емесі анық. Өйткені, бұл көлік қаланың шағын аудандарын байланыстыратын күретамыр іспеттес. Жүріп бара жатқан трамвайдың ерекше дыбысы да қала өмірінің бір бөлшегі ретінде көптің жүрегінде.
Естеріңізге сала кетейік, «Өнерлі шаһар» жобасы шеңберінде қалада жалпы 20 жаңа мурал салу жоспарланған.
Г.МАҒЖАН.
Суретті түсірген — Есенжол Исабек.
