Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Павлодар облысы бойынша өкіл имамы қызметіне тағайындалған Жұманазар Өсерханұлы өңір мешіттерін аралап, тыныс-тіршілігімен танысуда. Сонымен қатар, діни-ағарту жұмыстарын жандандыруға, рухани құндылықтарды дәріптеуге бағытталған бірқатар маңызды кездесулер өткізді.
Облысқа жаңа келіп, іске кіріскен өкіл имамды алдымен облыс әкімі Асайын Байханов қабылдап, жауапты қызметіне сәттілік тіледі. Сонымен қатар, облыс имамы қызметін осы күнге дейін атқарып келген Жолдас Қоспақұлына өңірдің рухани өмірін дамыту жолындағы елеулі еңбегі үшін алғысын білдірді. Аймақ басшысы, бұл – діни тұрақтылықты сақтау, қоғамдағы өзара түсіністік пен татулықты нығайтатын ең маңызды сала екенін де атап өтті.
Жұманазар Өсерханұлының алғашқы сапары Баянауыл ауданына, соның ішінде Мәшһүр Жүсіп кесенесіне зиярат етумен басталды. Зиярат барысында бас имам Мәшһүр атаның рухына Құран бағыштап, дұға жасады. Осы сапары арқылы ол елдің руханиятын дамыту жолында тарихи тұлғалардың мұрасын дәріптеудің маңызын басты назарға алған-дығын байқатты.
— Алғашқы сапарымды Мәшһүр Жүсіп бабамыздың басына барып, құран бағыштаумен бастауды жөн санадым. Себебі, қазақтың көрнекті ойшылы, фольклортанушы, этнограф Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының рухани мұрасы халқымыздың мәдениеті мен әдебиетінде айрықша орын алады. Ол — өз шығармалары арқылы елдің дүниетанымын байытып, имандылық пен адамгершілік құндылықтарын насихаттауға өлшеусіз үлес қосқан тұлға. Біз мұндай тау тұлғалардың рухани мұраларын ешқашан ұмытпауға тиіспіз, — деді Жұманазар Өсерханұлы.
Өкіл имам жұмыс сапары барысында Екібастұз қаласына барып, қаладағы екі мешіттің жұмысымен танысты. Екібастұз қалалық мешітінің бас имамы Нұрсейіт Омаров қарсы алып, өңірдің діни ахуалымен таныстырды. Кездесу кезінде Жұманазар Өсерханұлы мешіттердің қазіргі жағдайы, ғимараттардың жай-күйі, сыйымдылығы, жамағат саны, шәкірттермен жүргізілетін жұмыстар және діни-ағарту бағытындағы іс-шаралар туралы жан-жақты мәлімет алды. Сонымен қатар әр имаммен жеке танысып, алдағы уақытта бірлесе атқарылатын жұмыстарды талқылады.
Бас имам халықтың діни сауаттылығын арттыру, мешіттердің қоғам өміріндегі рөлін күшейту бағытындағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды. Екібастұзға сапары аясында жергілікті жамағатпен де кездесті. Қалалық орталық мешітте бесін намазына қатысып, жамағатқа уағыз айтты. Бұдан кейін Екібастұз қаласындағы студенттерге арналған Ибраев Хамит атындағы мүфтият жатақханасын және өзге де нысандарды аралап, олардың тыныс-тіршілігімен танысты.
Бас имамның қызметіндегі маңызды бағыттардың бірі – қоғамдағы ізгілік пен үлкенге құрмет дәстүрін дәріптеу. Осы мақсатта Павлодар қаласындағы қарттар үйіне арнайы барып, қариялармен жүздесті. Кездесу барысында ол ақ жаулықты әжелермен және ақсақалды қариялармен әңгімелесіп, қарияларға сый-сыяпат көрсетті.
— Жалпы, Павлодар облысының діни ахуалы тұрақты екеніне көзім жетті. Алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстарды барынша нәтижелі атқарып, елге пайдамызды тигізуге тырысамыз. Мен барған жерімнің бәрінде елдің үлкендерімен кездесіп әңгімелесуге, олардың батасын алуға айрықша көңіл бөлудемін, —
деді ол.
Павлодар облысының бас имамы Жұманазар Өсерханұлы өңірдегі діни нысандардың жұмысымен танысу сапарын жалғастыруда. Жақында ол Павлодар ауылындағы Қасым қажы мешіті мен Әбу Бәкір Сыддық медресе-колледжіне барып, шәкірттермен жүздесті. Сонымен қатар облыс орталығындағы «Ақмешіт», «Умар Әл-Фаруһ» және «Бижан» мешіті секілді ғибадат орындарына арнайы барып, тыныс-тіршілігімен танысты.
Бас имам алдағы уақытта облыстың барлық аудан орталықтарына кезек-кезегімен барып, мешіттердің жұмысын зерделеп, дін қызметкерлерімен кездесуді жоспарлап отыр. Бұл сапарлар өңірдегі діни-ағарту жұмыстарын жетілдіріп, рухани байланысты нығайтуға бағытталған.
Тілеуберді САХАБА.
