Еңбек етуге ниетті азаматтарды жұмыспен қамтудың бір тетігі ретінде елімізде бос жұмыс орындары жәрмеңкелерін жүйелі өткізу қолға алынған. Екібастұз қалалық «Мансап» орталығы ұйымдастырған кезекті жәрмеңкеге 90 азамат келіп, 35 адам жұмысқа шақырту алған.
Екібастұз қалалық «Мансап» орталығының бөлім басшысы Нұргүл Айтбаеваның айтуынша, «Maxi mall» сауда орталығында өткен жәрмеңкеге шаһардың ірілі-ұсақты 14 жұмыс беруші ұйымы қатысқан.
– Ай сайын қаламызда бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізіледі. Жұмыс іздеуші мен жұмыс берушіні байланыстыратын шараны кейде адам қарасы көп шоғырланатын орындарда өткіземіз. Мұндай жерлердегі жәрмеңкеге 90-ға жуық адам келіп, өзіне лайықты, мамандығына жарайтын жұмыс іздейді. «Мансап» орталығында өтетін жәрмеңкелерге де 50-ден астам азамат жүгінеді, – дейді Нұргүл Есентайқызы.
Бұдан бөлек, орталық тоқсан сайын жұмыс іздеген мүмкіндігі шектеулі жандарға жеке жәрмеңке тағы ұйымдастырады. Сонымен қатар, пробация қызметінде де бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізіледі. Орталық өкілінің мәлімдеуінше, ай сайынғы жәрмеңкеге келушілердің шамамен
10 пайыздан астамы тұрақты жұмыс табады. Жәрмеңкеге қатысушыларға мамандар субсидияланатын жұмыс орындары барын айтып, оны пайдаланудың жолдарын түсіндіреді.
Г.ТҮГЕЛБАЙ.
Екібастұз қаласы
Әлеуметтік жауапкершілік жемісі
Павлодар ауданында биыл екі өрт сөндіру бекеті қолданысқа беріледі. Олардың бірі «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында жаңғыртылса, бірі кәсіпкерлердің қаражатына салынуда.
Ауданның Набережный елді мекенінде «Andas agro» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өз қаражатына өрт сөндіру бекетінің әкімшілік-тұрмыстық ғимаратын және көлік тұрағын салуда. Құрылыс алаңына арнайы барған аудан әкімі Дидар Ибраев бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін айрықша атап өтті. Билік тарапынан қажетті көмек жасалатынын мәлімдеді.
– Өртке қарсы қауіпсіздік және тұтану ошағын барынша жылдам оқшаулау — ауылдағы жайлы өмір үшін басым бағыттардың бірі. Облыс әкімінің тапсырмасымен ауданымыздың ауылдарында жаңа өрт сөндіру бекеттерін ашу және «Ауыл» құтқарушылары бойынша жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Осы бағытта ауданның ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің белсенді қатысуы аса маңызды, – деді аудан әкімі Д.Ибраев.
Былтыр ауданда «Луганск» өндірістік кооперативінің күшімен Луганск ауылында өрт сөндіру бекеті жаңғыртылған. Биыл «Киров» ЖШС қолдауымен Розовка ауылындағы бекетін жаңарту жұмыстары аяқталуға жақын. Алдағы уақытта Заңғар ауылында да осындай жұмыс жүргізілмек.
Г.МАҒЖАН.
Павлодар ауданы
Акцияға атсалыс!
Баянауыл ауданында «Ата-анаңның үйін тексер!» республикалық акциясы аясында тұрғын үйлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған іс-шаралар жалғасуда.
Аталған акция аясында аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің №20 өрт сөндіру бекетінің қызметкерлері өз ата-аналарының үйлеріне улы газды анықтайтын датчик орнатуда.
Шараның басты мақсаты – тұрғын үйлердегі өрт қауіпсіздігін күшейту, улы газдан улану жағдайларының алдын алу және халықтың қауіпсіздік мәдениетін арттыру, дейді мамандар. Олардың айтуынша, улы газ – түссіз әрі иіссіз болғандықтан адам өмірі үшін өте қауіпті. Сондықтан жылыту маусымында қауіпсіздік талаптарын сақтаудың маңызы зор.
– Қауіпсіздік жақындарыңа деген қамқорлықтан басталады. Әрбір тұрғын ата-анасының, туыстары мен жақындарының үйіндегі өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуына назар аударып, олардың өмірі мен денсаулығын қорғауға үлес қосса екен дейміз, – дейді акция ұйымдастырушылары. Сондай-ақ, төтенше жағдай бөлімінің өкілдері тұрғындарға пештер мен жылыту құрылғыларының жарамдылығын тексеріп, мұржаларды уақтылы тазалауға және үйлерге улы газды анықтайтын датчиктер орнатуға кеңес беруде.
Н.ШОДЫР.
Баянауыл ауданы
Қысқа дайындық пысықталды
Ақтоғай ауданы әкімдігінде ауылдық округ әкімдері мен бөлім басшыларының қатысуымен кезекті мәжіліс өтті. Жиында алдағы қысқы кезеңге дайындық барысы мен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қаралды.
Мәжіліс барысында аудан басшысы Ернұр Әйткенов автомобиль жолдары мен көшелерді қысқы кезеңде күтіп ұстау жұмыстарына ерекше назар аударды. Аудан аумағындағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 469,4 шақырымды құрайды. Жолдарды қыс мезгілінде тиісті деңгейде күтіп ұстау мақсатында 7 бағыт бойынша 5 мердігер ұйыммен 3 жыл мерзімге келісімшарт жасалған.
Аудан әкімі жолдардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету, қар тазалау жұмыстарын уақытылы жүргізу және тұрғындардың қауіпсіз қатынауына қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстардың сапалы ұйымдастырылуы қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, мәжілісте өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуы, тұрғын үйлерде өрт шығу мен көміртегі тотығынан улану қаупінің алдын алу мәселелері талқыланды. Әсіресе, әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды көміртегі тотығын анықтайтын датчиктермен қамтамасыз ету жұмыстарына баса мән берілді.
Жиын қорытындысында жауапты бөлімдер мен ауылдық округ әкімдеріне тиісті тапсырмалар беріліп, олардың сапалы әрі белгіленген мерзімде орындалуын қатаң бақылауда ұстау міндеттелді.
А.БОРАНБАЕВА.
Ақтоғай ауданы
Ауыл сүтінен – сапалы өнім
Май ауданында жергілікті кәсіпкер «Ауыл аманаты» бағдарламасының мүмкіндігін тиімді пайдаланып, сүт өңдеу ісін қолға алды. Бұл бастама ауыл тұрғындарын сапалы сүт өнімдерімен қамтамасыз етеді.
Май ауданына қарасты Малайсары ауылында жергілікті кәсіпкер Айгүл Нұрғожина жетекшілік ететін «Алихан» жеке кәсіпкерлігі ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу бағытында жұмысын дамытуда. Кәсіпкер «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы жеңілдетілген несие алып, сүт өңдеу жобасын жүзеге асыруға мүмкіндік алған.
Алынған қаржыға модульдік цех сатып алынып, сүт өңдеуге, сондай-ақ ірімшік пен құрт өндіруге қажетті құрал-жабдықтар алынған. Бүгінде цехта өндірілетін экологиялық таза сүт өнімдеріне тұтынушылар тарапынан сұраныс бар. Кәсіпорын өнімдері Май ауданының орталығына, сондай-ақ Павлодар және Ақсу қалаларына жеткізіледі.
А.ЖЕҢІСҚЫЗЫ.
Май ауданы
Жастар жәрдемдесті
Жақсылықтың үлкен-кішісі болмайды. Әрбір қарапайым ғана қадам – өзгеге үлкен жәрдем. Тереңкөлдік жастар мұны жақсы біледі. Олар мүмкіндігі шектеулі жанға көмек қолын созды.
Тереңкөл аграрлық-техникалық колледжінің студенттері өндірістік оқыту шеберімен бірге 2-топ мүгедектігі бар Александр Бедринге өсірген картобын жинауға көмектескен. Жиналған өнімді кептіріп, қаптарға салып, реттеп берді.
Білім ордасы бұл күн өзара көмек көрсетудің, мейірімділіктің және қолдауға мұқтаж жандарға бейжай қарамаудың жарқын үлгісі болғанын айтады. Осындай игі істер жастардың бойында мейірімділік пен жанашырлықты, аға буынға деген құрметті, айналасындағы адамдарға жауапкершілікпен қарау қасиеттерін қалыптастырады деп есептейді.
Г.МАҒЖАН.
Тереңкөл ауданы
