«Саған кітап арнадым»

Қаз 22, 2026

Елімізде Республика күніне орай «Кітап оқитын ұлт» марафоны аясында «Саған кітап арнадым» акциясы басталды. Бұл кітап сыйлау мәдениетін дамытуға және ел тұрғындарының әдебиетке деген қызығушылығын арттыруға бағытталған.

Елдің мәдениетін қалыптастыратын, руханиятын көтеретін құндылықтардың бірі — кітап оқу. Өйткені кітап адамның ой-өрісін кеңейтіп, білім мен тәжірибе алмасуға жол ашады және жаңа жаңалықтарға жетелейді. «Саған кітап арнадым» акциясы еліміздің басты мемлекеттік мерекесін игі әрі мағыналы іспен атап өтуге шақырады. Бұл бастама зерделі ұлт қалыптастыру әр адамның жеке үлгісінен, әдебиетке деген шынайы қызығушылығынан және кез келген адам жасай алатын қарапайым әрекеттерден басталатынын еске салады.

«Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының атқарушы директоры Аян Сакошевтің айтуынша, акцияға кез келген жастағы адам қатысып, өзінің сүйікті кітабын өзге оқырмандарға сыйлай алады.

— «Республика күні — ел бола-шағы мен келешек ұрпаққа қалдырар аманат-құндылықтарымызды саралайтын күн. Кітап — ерекше сыйлық, өйткені онымен бірге біз білімімізді, идеямызды және әлемге жаңаша көзқараспен қарау мүмкіндігін бөлісеміз. «Саған кітап арнадым» акциясы — оқуды күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналдырудың қарапайым әрі мазмұнды жолы. Кітап адамдардың қарым-қатынасына себеп болып, оларды біріктіріп, жаңа шығармаларды оқуға шабыттандырғанын қалаймыз. Зерделі ұлт мәдениеті осындай шынайы ниеттен туған игі істер арқылы қалыптасатынына сенімдіміз, — дейді.

Акцияға қатысу үшін өзіңіздің жеке кітапханаңыздан бір кітап таңдап, оның алғашқы таза бетіне жылы лебіз жазуға немесе ішіне құттықтау салуға болады. Содан кейін өзіңіздің жақын досыңызға, әріптесіңізге немесе жақын туысыңызға сыйлай аласыз.

Сонымен қатар, қатысушыларға кітап сыйлау сәтімен әлеуметтік желілерде бөлісу ұсынылады. Ол үшін кітаптың фотосуретін немесе қысқа бейнежазбасын жариялап, кітап пен оны сыйлаған адам туралы шағын әңгіме жазып, марафонның ресми @kitap_oqityn_ult аккаунтын белгілеу қажет. Әлеуметтік желілерде #CағанКітапАрнадым #КнигаДляТебя #BookForYou #Republicday хэштегтерін пайдалану ұсынылады. Әр қатысушы достарын, әріптестері мен таныстарын акцияға қосылуға шақырып, игі бастаманың эстафетасын жалғастыра алады.

Тілеуберді САХАБА.