Техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту аясында аймағымыздағы «Ертіс» жоғары инновациялық аграрлық колледжі Қытай Халық Республикасының Ухань көлік кәсіптік колледжімен ынтымақтастық туралы меморандум жасасты.
Аталмыш құжат екіжақты байланыстарды нығайтуға бағытталған және бірлескен жұмыстың негізгі бағыттарын айқындайды, дейді мамандар. Онда педагогтердің кәсіби тағылымдамаларын ұйымдастыру, студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын дамыту, озық тәжірибелермен алмасу, бірлескен білім беру жобаларын жүзеге асыру және басқа да маңызды талаптар жазылған. Сондай-ақ, білім беру үрдісіне заманауи технологиялар мен инновациялық тәсілдерді енгізу мәселесі де назардан тыс қалмағанын атап өткен жөн.
Осылайша, бұдан былай павлодарлық педагогтердің кәсіби құзыреттіліктерін арттыруға, тәжірибеге бағытталған оқытуды жетілдіруге және аграрлық секторға қажетті мамандарды даярлаудың халықаралық тәжірибесін зерделеуге ерекше көңіл бөлінбек. Нәтижесінде, алдағы уақытта халықаралық тәжірибені өңірдің білім беру саласына енгізуге және «Ертіс» жоғары инновациялық аграрлық колледж студенттерінің кәсіби даярлық сапасын арттыруға жаңа мүмкіндіктер ашылады деген үміт бар.
Н.АҚЫТЕГІ.
