Шоқанның мәңгілік бейнесі

Қаз 29, 2026

Қазақтың кәсіби мүсін өнерінің қалыптасуына зор үлес қосқан көрнекті мүсінші Хәкімжан Наурызбаев тарихи тұлғалардың бейнесін сомдауға ерекше мән берген. Солардың бірі – қазақтың ұлы ғалымы, этнографы әрі саяхатшысы Шоқан Уәлихановқа арналған «Шоқан Уәлиханов» мүсіні.

1965 жылы гипстен жасалған бұл туындыда Шоқанның жастық шағындағы келбеті мен зиялы тұлғасы бейнеленген. Мүсіннен оның жинақы әрі сымбатты тұлғасы, байсалды бет әлпеті анық байқалады. Бастың сәл жоғары көтеріңкі қалпы мен алысқа бағытталған көзқарасы оның ойшыл, ізденімпаз табиғатын аңғартады. Жүзіндегі сабырлы әрі салмақты кейіп ғалымның терең ойға берілген бейнесін аша түседі.

Мүсінші Шоқанның сыртқы портреттік ұқсастығымен қатар, оның ішкі жан дүниесін де көрсетуге ұмтылған. Бет әлпетіндегі байыптылық, көзқарасындағы сергектік пен тұлғасының тік қалпы жас ғалымның білімге құштарлығын, алға ұмтылысын сезіндіреді. Наурызбаевтың тарихи портреттеріне тән ерекшелік те – кейіпкердің сыртқы бейнесі арқылы оның мінезі мен рухани болмысын жеткізу.

Шоқан бейнесін сомдауда мүсінші артық детальдарға көп жүгінбей, тұлғаның басты ерекшеліктерін айқындауға назар аударған. Сондықтан туынды көрерменге ең алдымен ойлы, білімді, парасатты жас ғалымның бейнесін ұсынады.

Бүгінде аталған мүсін Н.Нұрмұхаммедов атындағы облыстық көркемсурет музейі қорында сақтаулы.

Айдана БОРАНБАЕВА.