Әйгілі актердің есімі қайтарылды

Қаз 29, 2026

Павлодардағы кинотеатрға қазақ кино өнерінің көрнекті өкілі, актер әрі режиссер, ұлттық кинематографияның негізін қалаушылардың бірі Шәкен Аймановтың есімі қайта берілді. Көпшілік күткен бұл шешім қала тұрғындары мен мәдениет саласы өкілдерінің ұсынысы негізінде қабылданды.

Шәкен Аймановтың есімін кинотеатрға қайтару мәселесі бұған дейін де басылым беттерінде бірнеше рет көтерілген еді. Өйткені, мәдени нысан жиырма жылдан астам уақыт бойы «Ш.Айманов кинотеатры» атауымен жұмыс істеп, павлодарлық көрерменнің жадында осы атаумен қалыптасқан. Алайда биыл тамыз айында кинотеатрдың маңдайшасынан Шәкен Аймановтың есімі алынып, оның орнына жаңа бренд орнатылды. Бұл шешім қала тұрғындары мен мәдениет саласының өкілдері тарапынан сынға ұшырады. Ұлттық кино өнерінің алып тұлғасының есімін мәдени нысаннан алып тастауға алаңдаған қоғам белсенділері әлеуметтік желілерде өз пікірлерін жарыса білдіріп, тарихи атауды қайтаруды талап етті.

Әлеуметтік желідегі жазбалар мен қоғамдық пікірде Шәкен Айманов есімінің кинотеатрмен тарихи тұрғыда байланысы ерекше атап өтілді. Белсенділер мәдени нысандарға ұлттық өнерге өлшеусіз үлес қосқан тұлғалардың есімін беру – өткенді ұлықтап қана қоймай, кейінгі ұрпаққа өнеге көрсетудің маңызды жолы екенін алға тартты.

Көп уақыт өтпей көпшіліктің пікірі мен ұсынысы назардан тыс қалмады. Павлодар жұртшылығы мен облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұсынысы нәтижесінде кинотеатрға Шәкен Аймановтың есімін қайтару туралы шешім қабылданды. Бұл туралы жуырда басқарма басшысы Медет Тауасқан өзінің әлеуметтік парақшасында хабарлады.

Кинотеатрдың тарихи атауын қайтару туралы алғаш көтерген – қоғам белсендісі Ерлан Рахимов. Оның пікірінше, бұл шешім ұлттық мәдениет пен руханият үшін маңызды қадам болғанымен, ендігі кезекте атауды мазмұнды істермен сабақтастыру қажет.

– Павлодардағы Шәкен Айманов атындағы кинотеатрдың тарихи атауының қайтарылғанына қуандым. Бұл – ұлттық мәдениетіміз бен руханиятымыз үшін маңызды қадам. Ендігі кезекте осы атауды нақты істермен жалғастырып, кинотеатрдың мәдени тынысын жандандыруға атсалыссақ деймін. Шәкен Аймановтың есімін иеленген бұл орын қазақ киносының тарихын танытатын, өнерсүйер қауым бас қосатын тұрақты мәдени алаңға айналса, қандай жақсы! – дейді Е.Рахимов.

Оның айтуынша, мұндай бастамалардың өміршең болуына көрермен қызығушылығы да негіз бола алады. Мәселен, 2014 жылы Шәкен Аймановтың 100 жылдығына орай осы кинотеатрда ұйымдастырылған кино дәрісіне жұртшылық көп жиналған. Зал лық толып, орын жетпегендіктен, кейбір көрермен кері қайтуға мәжбүр болған.

– Сол шараға дайындық кезінде Шәкен Аймановтың фильмін цифрлық нұсқада табудың өзі оңайға соқпады. Алматыдағы «Қазақфильм» киностудиясымен хабарласып, ақыры «Біздің сүйікті дәрігер» фильмін көрерменге ұсындық. Бұл оқиға халықтың ұлттық киноға деген қызығушылығы бар екенін көрсетті. Әсіресе, жас ұрпаққа қазақ киносының алтын қорын таныстырып, ұлы тұлғалардың шығармашылығын насихаттау маңызды, – дейді ол.

Осыған байланысты Ерлан Рахимов «Шәкен мұрасы» атты тұрақты мәдени жобаны қолға алуды ұсынады. Оның аясында режиссердің фильмдерін көрсету, кино дәрістері мен көрермендік талқылаулар өткізу, мектеп оқушылары мен студенттерге арналған танымдық сабақтар ұйымдастыру, танымал өнер қайраткерлерімен кездесулер өткізу көзделеді. Сонымен қатар, жас режиссерлердің шығармашылық жұмыстарын таныстырып, өнер байқаулары мен фестивальдер ұйымдастыруға да мүмкіндік бар.

Қоғам белсендісі мұндай бастамаларды жүзеге асыру үшін кинотеатр басшылығымен өзара тиімді әріптестік орнатуға болатынын атап өтеді. Өйткені, кинотеатр жеке кәсіпкердің иелігінде болғандықтан, мәдени жобалар оның негізгі қызметі мен іскерлік мүддесіне қайшы келмеуі керек. Бірлескен меморандум негізінде ұйымдастырылатын шаралар кинотеатрға жаңа көрермен тартуға, беделін арттыруға және қоғамдық маңызын күшейтуге ықпал ете алады.

Айдана БОРАНБАЕВА.