Колледждердің мүмкіндігі қандай?

Қаз 29, 2026

Мемлекетімізде жұмысшы мамандар даярлайтын кәсіптік-техникалық колледждерге үлкен міндеттер жүктелуде. Бұл ретте, павлодарлық колледждердің жастарға кәсіби білім берумен қатар, олардың еңбек нарығында өз орнын табуына мол мүмкіндік жасап отырғанын атап өткен жөн.

Облыстық білім беру басқармасының ақпараты бойынша бүгінде өңірімізде 42 колледж жұмыс істейді. Онда 23 мыңнан астам студент түрлі мамандықты игеруде. Жастардың кәсіптік білім алуына қолдау көрсету мақсатында мемлекеттік білім беру тапсырысының көлемі де жыл сайын артып келеді. Мәселен, соңғы бес жылда мемлекеттік білім беру тапсырысының көлемі 5 600 орыннан 6 300 орынға дейін ұлғайған. Бұған қарап, кәсіптік білім алуға қолжетімділікті арттыруға және өңірге қажетті мамандарды даярлауға бағытталған шаралардың маңызы зор екенін аңғаруға болады, дейді мамандар. Сонымен қатар, 2026 жылы 9-сынып түлектері тегін техникалық және кәсіптік біліммен 100 пайыз қамтамасыз етілген. Бұл – облыс жастарының мамандық игеруіне, кәсіби дағдыларын дамытуына және болашақта тұрақты жұмысқа орналасуына жол ашатын таптырмас мүмкіндік.

– Кәсіптік-техникалық білім беру жүйесі – өңір экономикасын дамытуға және еңбек нарығын сұранысқа ие мамандармен қамтамасыз етуге бағытталған маңызды салалардың бірі. Қазіргі таңда кадр даярлау 85 мамандық пен 141 біліктілік бойынша жүргізілуде. Мемлекеттік білім беру тапсырысы, ең алдымен, өңір экономикасының қажеттіліктеріне сәйкес келетін техникалық және индустриялық бағыттарға бағдарланған. Осы тәсіл арқылы еңбек нарығындағы сұранысты ескере отырып, өндіріс пен басқа да салаларға қажетті білікті мамандар даярлау ісі жалғаса береді, – дейді облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Азанбаева.

Атап өтерлігі, колледждер қызметінің нәтижесі түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткішінен де байқалуда. Мәселен, өткен жылдың қорытындысы бойынша аймақтағы колледж түлектерінің жұмысқа орналасу және жұмыспен қамтылу көрсеткіші 90,1 пайызды құраған. Оның ішінде түлектердің 62,4 пайызы өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасқан екен. Бұл кәсіптік білім беру жүйесінің жастарды еңбек нарығына даярлаудағы маңызын айқындайтыны сөзсіз.

Қорыта айтқанда, колледждерде білім беру мүмкіндіктерін кеңейту, мемлекеттік білім беру тапсырысын арттыру және өңір экономикасына қажетті мамандықтарға басымдық беру – білікті кадр даярлаудың негізгі бағыттары болып табылады. Ал жастардың тегін кәсіптік білім алуына жағдай жасау – олардың кәсіби тұрғыда өсуіне, жұмыспен қамтылуына және өңірдің әлеуметтік-экономикалық саласының дамуына үлкен септігін тигізбек.

Нұржайна ШОДЫР.