Зияткерлер бақ сынады

Қаз 29, 2026
Photo Valeriy BUGAYEV

«Кітап оқитын ұлт» республикалық марафонына павлодарлықтар да белсенді қатысуда. Аталмыш шара аясында Екібастұз қаласындағы «Қайнар» білім беру және бос уақытты қамту кешенінде «BOOK BATTLE» деген атаумен әдеби зияткерлік сайыс ұйымдастырылды.

Аталған байқауда бақ сынаған шахтерлар шаһарының оқушылары кітап оқуға деген қызығушылықтарын көрсетті. Зияткерлік бәсеке форматында өткен шара қатысушылардың әдеби білімін шыңдап қана қоймай, олардың ойлау қабілетін, тапқырлығын және өз пікірін дәлелді жеткізу дағдыларын дамытуға бағытталды, дейді ұйымдастырушылар.

Сайыс барысында оқушылар түрлі шығармалардың кейіпкерлеріне берілген сипаттамалар арқылы кітаптардың атауын анықтап, қазақ әдебиетіне қатысты сұрақтарға жауап берді. Сонымен қатар, қағаз кітап пен электронды басылымның ерекшеліктерін талқылап, олардың артықшылықтары мен оқырман үшін маңызын саралады. Бұл кезеңдер қатысушылардың білімін тексеріп қана қоймай, әдебиетке деген көзқарасы мен ойларын ортаға салып, өзара пікір алмасуларына мүмкіндік берді.

Сайыстың ең қызықты кезеңі – қорытынды тапсырманы орындау болды. Мұнда әр команда өзі оқыған бір кітапты таныстырып, оны қатарластарына неліктен оқуға ұсынатынын дәлелдеді. Бұл тапсырма оқушылардан шығарманың мазмұнын баяндауды ғана емес, оның негізгі идеясын түсініп, көркемдік және тәрбиелік мәнін бағалай білуді талап етті. Сол арқылы оқушылар кітаптың оқырманға берер рухани азығы мен өмірлік тағылымын түсінді.

Ұстаздар қауымы осындай форматтағы әдеби сайыстардың маңызы ерекше екенін атап өтті. Өйткені, кітап оқу – тек мәтінді қабылдау немесе шығарма мазмұнын есте сақтау емес. Ол – адамның ой-өрісін кеңейтетін, сөздік қорын байытатын, сыни ойлауын дамытып, дүниетанымын қалыптастыратын маңызды рухани үдеріс. Ал оқығанын өзгелермен бөлісіп, пікірін дәлелдеу жасөспірімдердің өзіне деген сенімін арттырып, қарым-қатынас мәдениетін жетілдіреді, дейді мамандар.

Шара барысында сондай-ақ, екібастұздық ақын, блогер әрі диктор Асхат Амангелді жастармен жүздесіп, сөз құдіреті және ойды әсерлі жеткізудің маңызы туралы пікірімен бөлісті.

Осылайша, BOOK BATTLE сайысы кітапты насихаттаудың заманауи әрі нәтижелі жолдарының бірі екенін көрсетті.

«Кітап оқитын ұлт» республикалық марафонының негізгі мұраты да кітапты күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналдырып, оқуға құштар ұрпақ қалыптастыру екені белгілі. Ал осындай мазмұнды кездесулер мен зияткерлік сайыстар жастардың кітапқа деген қызығушылығын оятумен қатар, кітаптың адам өміріндегі құндылығын түсіндіруге ықпал етпек.

Н.ШОДЫР,

Екібастұз қаласы.