Алтын бесік — ауылда үндемей-ақ үлкен іс тындыратын, жар салмай-ақ таудай жақсылық жасайтын, ақы дәметпей-ақ елдік мәселеге араласатын азаматтар бар. Алайда, олар аз. Сол аздың қатарына ақтоғайлық Азамат Мәуеновті де қосар едік. Жерлес болғандықтан емес, әрине. Керісінше, азамат деген асқақ атқа лайық көргендіктен.
Бір білеріміз, Азамат Қазыкен-ұлының сөз етуге тұрарлық қыры мен сыры сегізден көп. Сенбесеңіз, санаңыз. Саңлақ спортшы. Білікті бапкер. Жүректі жылқышы. Сайыпқыран саятшы. Атақты атбегі. Күшті көкпаршы. Айбарлы аңшы. Өрелі өнерпаз. Қарымды қолөнерші. Қарулы қасапшы. Тамаша техник. Әдемі әңгімеші. Шыншыл шежіреші. Ардақты аға. Ізетті іні. Тілеуқор туыс. Әйдік әке. Отаншыл отағасы…
Айттым ғой, саусағыңыз жетпейді. «Сегіз қырлы, бір сырлы» деген танымал теңеу Азаматтай азаматтарға арналғанымен, кейіпкеріміз-
дің қыры да, сыры да нақты бір санмен шектелмейді.
Уақыт озған сайын жоғарыда біз тізбектеген қатар да толыға түсеріне шүбә жоқ. Мәселен, биыл елуге толған ер мінезді кейіпкеріміздің бітім-болмысын ендігі жерде «Ел ағасы» деген тамаша тіркес одан әрі аша түсетіндей. Құдай қаласа, ер жетіп тұрған ұлдарын аяқтандырса, бір-екі жылда «Асқар тау ата» деген атаудың да Азамат атына қоса айтылатыны тағы ақиқат. Арғы жағында «Абыз ақсақалдықтың» да ауылы тым алыс емес, әлбетте. Сол күнге жетуді бұйыртсын.
* * *
…Ол кезде оң-солымызды біл-мейтін ойын баласы едік. Шай үстінде үлкендердің әңгімесінен Азаматтың бірнеше бөлтірік ұстап әкелгенін естідік. Үйде асырамақшы екен. «О-о-о, қасқырдан қорықпайтын қандай адам?!» дестік таңырқап. Дегенмен, атамның жүзіндегі алаңдаушылықты да бірден аңғардық. «Бекер болды-ау… Кесірі тимесе жарады…», – деді ол дауысын бәсеңдете. Әрине, мұның себебін сол сәтте жете түсінбедік.
Айтқанынан қайтпайтын әрі қашанда өзіне сенімді Азамат сөзінде тұрды. Каналдың арғы бетіндегі қалың шидің ішіндегі қасқыр апанынан ұстап әкелген бөлтіріктерді арнайы үйшікте бірнеше жыл асырап, бақты. Қолға үйреткісі келгенімен, ауылға жеткізілгенде көздерін енді ашқан сүйкімді күшіктер бір-екі жылда азуы ақсиған аса қауіпті жыртқышқа айналып шыға келді. Көздеріне тік қарауға жан баласы тіксінетін еді. Ал ауыл иттері қасқырлар мекені – моншаның түбіндегі темір торлы тас аранды анадайдан айналып қашатын. Бұл маңға мүлдем жолаған емес.
Бастапқыда пәлендей ештеңесі байқалмағанымен, баяғы бөлтіріктер желке жүні күжірейіп, сұсты да сұрлы көкжалға айналғанда біздің Шұғадан да тыныштық қашты. Азаматтың бөрілері қара түнді қақ жарып ұзақ-ұзақ ұлитынды шығарды. Оны естіп қотанда жүрген төбеттер де ауыл ішін азан-қазан қылады. Төрт түлік малдан да береке кетті. «Азамат қасқыр асырағалы ауылдың маңын ұлымалар торуылдайтын болды» дегенді де жиі еститінбіз сол кезде. Әу баста атамның көңіліне алаң кіргізген жағдай да осы екенін кейін білдік.
Осы жағдай әсер етті ме, әлде басқа бір себебі болды ма, Азамат кейін тордағы қасқырлардан біржола құтылды. Міне, содан бері 30 жылға жуық уақыт өтсе де, ағамыздың есіміне «Қасқыр асыраған Азамат» деген тіркес қосарланып келеді. Ел жақта жолыққан бейтаныс жандарға Шұғадан екеніңді айтсаң, «Ә-ә-ә, әлгі қасқыр асыраған Азаматтың ауылы ма?» деп міндетті түрде бір нақтылап алатындар әлі де бар. Шынында да, біздің төңіректе бөлтірік асырап, бөрі баптаған алғашқы және әзірге соңғы адам осы Азамат шығар, сірә.
Жалпы, сол кезде Қазыкен атамның шаңырағын кішігірім зоопарк деуге келетіндей еді. Бұл үй қасқырдан бөлек, борсық, қоян, түлкі, қабан секілді аңдарды да асырады. Бойымызды үрей билеп тұрса да, арагідік әкемізге еріп тордағы түз тағыларын қызықтап, тамашалауға жиі баратын едік. Біз үшін нағыз экзотика сол еді ғой, шіркін!
* * *
Қырға шықса, қанжығасы бос қайтпайтын Азаматтың аңшылығына, саятшылығына қатысты да әңгіме көп. Аң-құсты қуамын деп талай рет ажалмен бетпе-бет келген сәті де аз емес. Соның бірі еске түсіп отыр.
…Таң бозынан тұрып, қой-сиырды өріске жөнелтіп, бұзау біткенді ескі баз жаққа айдап тастап әжемнің шайына асығып келемін. Жаңа тартылған қаймақ пен бауырсақ ынтықтырмай қоя ма мұндайда! Алайда, әжемнің жылқышы Қауаштың үй жағына қарай аяңдап бара жатқанын алыстан көзім шалып қалды. «Шай дайындап қоямын дегені қайда?!» деп күңкілдеп келемін. Ұзамай қайтып оралды.
– Азамат ағаң бір ажалдан қалған екен, Құдай сақтапты, – деді сөзді төбеден ұрғандай дүңк еткізіп бастайтын әжем дастархан қамына кірісіп жатып. Елең ете қалдық. Сөйтсек…
…Сөйтсек, Азекең таң қылаң бере екі аяқты «ИЖ»-ге мініп, жондағы жылқының басын қайырып келмек болады. Ойлы-қырлы жерлермен жүйткіп келе жатқанда біздің өлкеде сирек кездесетін сұлу жануарға жолығады. Елік екен. Есі кетіп, делебесі қозған аңшы жігіт даланың еркесін қуып жетіп, ұстап алудың қамына кіріседі. Бірақ мотоциклдің барылдақ дауысынан үріккен елік жеткізсін бе, алды-артына қарамай зыта жөнеледі. Олжасын оңайлықпен жібере қоятын Азамат па, ол да астындағы қызыл «ИЖ-«ді ойқастатып, жылдамдықты арттырады. Сөйтіп, кезекті бір ойпаңнан көте-ріле бергенде мотоциклдің алдыңғы дөңгелегі «вилкадан» ажырап, алыстау жерге ұшып кетеді. Азамат та жер сүзе құлайды…
Оны қансырап жатқан жерінен жылқышы Қауаш тауып алыпты. Әшейінде шаруаның малын ауыл іргесінен асыра салып, Бақыт жеңгемнің таңғы шайына асығатын ағамыз, сол күні бір табын сиырды каналдың арғы бетіне дейін айдап апарыпты. Құдай жетелеп әкелген ғой, ес-түссіз жатқан Азаматтың дәл үстінен түседі. 15 метрдей жердегі мотоциклді көреді. Ал алдыңғы дөңгелекті жүз метрдей жерден зорға тауыпты. Інісін астындағы Көкжалына өңгеріп ауылға жеткізген. Екеуінің қауға құдықтың басында отырғанын әлгінде көргенбіз. Сөйтсек, бұл Азекеңнің бір ажалдан аман қалып, Алласына шүкіршілік айтып отырған сәті екен ғой. Ұмытпасақ, сол оқиғадан белгі боп қалған тыртық бетінде әлі бар.
Бертін сыр суыртпақтап осы оқиғаның мән-жайын жұқалап сұрадық та. «Елік қасиетті жануар ғой. Жастық жігермен даланың сол бір еркесін қолға түсірмек болдық. Бірақ, осы әрекетімнің теріс екенін Құдайдың өзі ұқтырды емес пе?! Бұл оқиға маған өмірлік сабақ болды», деп қысқа қайырған еді.
Ауыл төңірегіндегі аң-құсты жеті атасындай жатқа білетін Азамат аңшылықтың әліппесін, саясатшылықтың сабақтарын ізінен ерген інілері мен ұлдарына үйретумен келеді.
* * *
Құдайға шүкір, бір кездері жер бауырлап қалған ұлттық спортымыз қазір қарқынды даму жолына түсті. Ал Егемендігімізді жариялап, Тәуелсіздігімізді алған тоқсаныншы жылдардағы елең-алаң шақта да, одан кейінгі күрделі кезеңдерде де төл спортымызға назар аударатындай мүмкіндік болмағаны рас. Әсіресе, халқының құрамы ала-құла солтүстік өңірлерде төл ойындарымыз тұралап қалғаны өтірік емес. Сананы тұрмыс билеген қысылтаяң кезеңде ұмытылуға шақ қалған ұлттық спортымыз дәл осы Азамат Мәуенов секілді жекелеген азаматтардың еңбегінің, жанашырлығының, жанкештілігінің, табандылығының арқасында еңсе тіктеп, бүгінгі деңгейге жетті. Оны ашық мойындауымыз керек.
Өйткені, өкімет тарапынан төл спортты дамыту міндеті кейінгі орындарға ысырылған аумалы-төкпелі шақтарда алыс ауылдардағы Азамат сынды бірді-екілі энтузиаст белсенділер шатқаяқтап тұрған ұлттық ойындарымызға иығын сүйеп, арқасын тосты. Бағзыдан жеткен дәстүрді жалғап, өркендетуге уақыт тапты, қажыр-қайрат жұмсады. Әркім «балапан басымен, тұрымтай тұсымен» әуре болып жүргенде қат-қабат шаруаларымен бірге ұлттық спортты дамыту ісін қатар алып жүруді азаматтық парыз санады. Олардың сондағы өнімсіз тірлігінен оң нәтиже шығатынына сол тұста көпшілік те сенімсіздікпен қарағаны анық. Бірақ, бойдағы буырқанған бұла намыс пен қазақы рух Азамат сияқты ұлттық спорттың шын жанашырларын алға жетеледі. Осылайша, олар кесе-көлденеңдеген қиындықтарға қарамастан, ел-жұртты ұмытыла бастаған дәстүрлі дүниелермен қайта қауыштырды.
Айталық, біздің бала күнімізде Шұғада көкпар мүлдем ойналмайтын. Ойналғаны не, көкпар деген сөздің өзін көнердіге санап, көңіл аудармайтынбыз. Ал сол бір төл ойынды қарт тарихтың қойнауынан қайта аршып, кейінгі 10-15 жылда жоқ жерден дамытып, бүгінде шұғалықтардың сүйікті спортына айналдырған – осы Азамат.
Азекең қыста топтасып жабағы мінетін жас балаларға шөпті кенеп қапқа нығыздап, жасанды серке әзірлеп беретін. Әлгіні ойын балалары күн ұзаққа ермек қылады. Өзара алысады, тартысады, жұлысады, жарысады, әйтеуір тыным таппайтын. Сөйтсек, бұл көкпардың алғашқы әліппесі екен ғой. Балалар да, жылқылар да серкеге осылай бой үйретеді. Кейін икемі барларға жердегі серкені көтеріп алудың амалдарын көрсетеді. Серкені тақымға қысып алып алға ұмтылудың айла-шарғысын түсіндіреді. Бұдан соң ауылдың шетіне «К-700» тракторының екі дөңгелегін апарып қойды. Бұл – көкпардың қос қазандығы. Ауыл ішінде әрлі-берлі шауып жүретін балалардың кәсіби болмаса да, алғашқы көп-көрім ойын алаңы осылай пайда болған.
Азамат баптаған сол балалардан бүгінде Ақтоғай аудандық көкпар командасының негізгі құрамы жасақталған. Кейбірі облыс намысын республикалық, халықаралық жарыстарда абыроймен қорғап жүр. Ал Шұғаның жас-кәрісі облыс аумағында өтетін көкпар додаларын қалт жібермейтін шынайы жанкүйерге айналды. Сөйтіп, білікті бапкер Азаматтың арқасында төл ойынымыз қайта дамыды, ал көкпар арқылы ауылдастарымыздың ауызбіршілігі артты. Міне, ұлттық ойынның осындай да игілігін көрдік.
Жалпы, Азамат ауыл балаларын көкпарға ғана емес, бәйге, қазақ күресі, гір тасын көтеру, аударыспақ, арқан тарту секілді спорт түрлеріне де баулыды. Өйткені, өзі де бесаспап спортшы еді. Гір тасын көтеруден облыстық спартакиадалар мен жарыстарда мен деген кәсіби спортшыларды тығырыққа тіреп, қара терге түсіргенін талай көрдік. 32 келілік қос темірді бір минутта 72-75 рет төбесінен асыру түк емес еді оған.
Азамат аударыспақтан да ешкімге алдыра қоймайтын. Бұл спорттың қыр-сырын туған інісі Ерланға да үйретті. Кейін Ерлан облыс біріншілігінде топ жарды. Қателеспесек, Қазақстан біріншілігінде де жүлдеге ілінді. Қазір өзінің кенже ұлы Ырысқұлды аударыспаққа баулып жүр. Нәтижесі де жаман емес – жас спортшы облыс біріншілігінде бірнеше рет өз салмағында жүлдегер атанды.
Кейіпкеріміз қазақ күресінен де қарсыластарына дес бермейтін. Көбімізге арқан тартуда қара күш қана емес, ептеген ептілік пен аздаған айла керектігін алғаш осы Азамат ұқтырған еді. Наурыз мейрамында тағы сол Азекеңнің жетекшілігімен бәйге ұйымдастыру жылдағы игі дәстүрге айналған.
* * *
Шешеміз сонау 90-шы жылдары Шұға мектебіне жас маман ретінде жұмысқа орналасқанда кейіпкеріміздің сыныбына жетекшілік етіпті. «Азамат тыныш оқушы болды, сабақ үстінде жылқының суретін сала беретін және әр салған суреті бір-біріне ұқсамайтын», деп әлі күнге айтып отырады ол. Шынында да, Азамат үшін жылқы – өмірдің мәні. Қан арқылы бойға дарыған осы қасиет Азекеңнің абыройын асырумен келеді. Ауылдастар бас білмес асауларын үйретерде Азаматты іздейді. Маңызды жиын-тойдың яки ас-жабдықтың жылқысын, жылдағы соғымды союды да қасапшы Азаматқа сеніп тапсырады. Елдің жылқысын шашау шығармай бағып келе жатқанына да бірталай жыл болды. Бәйгеге түсер жүйріктерді жаратып, көкпар аттарын баптауды да бір адамдай білетін ол, осы күнге дейін жинаған мол тәжірибесін қос ұланы Серікболсын мен Ырысқұлға үйретіп жүр. Қамбар ата тұқымына деген бала күннен басталған құмарлық пен қызығушылық әлі басылған емес. Басылмайтын да шығар.
Азаматтың аздаған ақындығы, қара сөзге жақындығы – бөлек тақырып. Жиын-тойларда жеңгелеріне шығарған шымшымаларын, ауылға арнаған жырларын жатқа оқығанда жиналған жұрт сілтідей тынады. Ұйқасы қорғасындай құйылып түсетін шумақтардың мәні де, мағынасы да терең. Әттең, біз көрмедік, бірақ құрдастары мен замандастары Азаматтың жас күнінде брейк-данспен әуестенгенін де жыр қылып айтады. Көше биінің көркін қыздыратын кейіпкеріміздің әдемі әңгімеші екенін де ауылдастары жақсы біледі. Арғы-бергіні қозғап, қарт тарихқа тіл бітіргенде ұстазға ұйыған шәкірттей санаңа сәуле түсіп, рухани тұрғыдан бір байып қаласың. Әлі есімде, белгілі жазушы Мейрам Асылғазиннің көрші Ақкөл ауылында тұратын саятшы ұлы Елдоспен бірге Қыздарбек атамның Ақкөл-Жайылма төңірегінде қасқыр алған тазылар мен төбеттер, желмен жарысқан жүйрік жылқылар туралы әңгімесін сағаттап тыңдап отыратын. Тіпті, бейне таспаға да жазып алған кездері бар-дын. Азамат шежіреден сыр шерткенде де ерекше күйге бөленеді. Өз бабалары – Қанжығалы Бөгенбай батырдың үзеңгілесі Қайыпберлі батыр мен Өтеміс баһадүр туралы айтқанда тыңдап отырған адамның кеудесін намыс кернеп, санасын мақтаныш билейді.
Азекеңнің қарымды қолөнерші, тамаша техник екенін де айтуға тиіспіз. Еліктің тұяғынан қамшы жасағанды алғаш осы Азаматтан көрдік. Оның қолынан шыққан тобылғы сапты қамшылар, ноқта мен жүген, ертоқым мен басқа да бұйымдар іздесеңіз Шұғадағы кез келген үйден табылады. Техниканың тілін білетін кейіпкеріміз иелігіндегі трактор мен жеңіл көліктердің қирап тұрған жерін де қиналмай-ақ өзі жөндей береді.
* * *
Азамат туралы әңгіме айтылса, мына бір деталь да бірден ойға оралады. Ол кезде ойын баласымыз. Балға деген ағамыз ақ «Жигулиін» мініп алып, ауыл ішінде әрі-бері құйғытып жүр. Қасында осы Азамат бар. Көршінің қорасының түбінде доп ойнап жүр едік, қасымыздан жүйткіп өтті. Екеуі де мәз. Шуылдап бас изеп амандас-
қан болдық. Шамалы уақыттан соң ойынымызды кідіртіп, шаңдатып кері қайтты. Сонда ғой тілінің бізі бар біздің Әзілханның «Мына екеуі қыз алып қашатындай мәз ғой, тіпті» деп қойып қалғаны. Әзілхан бірдеңені біліп айтты ма, әлде ойынымыздың шырқын бұзды деп кейіп айтты ма, білмеймін, бірақ сол күні Азамат ауылдағы Қабден ағайдың бір қызын алып қашыпты. Балғаның ақ «Жигулиімен», әрине.
Гүлнұр жеңгеміз осылай үлкен шаңыраққа келін болып түсті. Құдайға шүкір екі ұл, екі қыз тәрбиелеп отыр. Алды отау құратын жасқа жетті.
Осыдан он бес жыл бұрын. Студент едік. Қысқы сессияны тәмамдап, ауылға жеткенбіз. Азамат 35 жасқа толып жатыр екен. Жора-жолдастары мен туған-туыстардың басын қосып, дастархан жайды. Үлкендердің ортасында біз де бармыз. Бір уақытта тілектің кезегі де жетті. Сол жерде «Егер менен ардақты аға, ізетті іні, тілеуқор туыс, әйдік әке, отаншыл отағасы кім деп сұраса, ең алдымен Азамат ағамды айтар едім. Ал егер үлгілі отбасы, өнегелі шаңырақ, берекелі үй қайда деп сұраса, ең әуелі Азамат пен Гүлнұрдың әулетін нұсқар едім. Сондықтан, төрт құбылаңыз тең болсын! Кем болмаңыз!» деген тілек айттық. Бұл – сол жерде ойға орала салған сыпыра сөз емес, жылдар бойы көкейімізде жүрген, көзіміз әбден жеткен шынайы тұжырым еді. Қазір де сол тілектің үстіндеміз, әлбетте. Осы күні жер-жерде «Мерейлі отбасы» деген байқау ұйымдастырылады. Алда-жалда Шұғадағы Мәуеновтер отбасы да аталған байқауға ат қосар болса, біразға дейін барарына сенімдімін.
Біз білсек, осы Азаматта ресми еңбек кітапшасы да жоқ. Есесіне, елге сіңірген еңбегі – сол елдің көз алдында, жұртшылықтың жадында. Қаршадай кезінен қара жұмысқа араласып, ер жеткен сәттен бері елдік істердің бел ортасында жүрген, шаш-етектен келетін шаруасын отбасы мен әулетінің, ауылы мен ауданының, өңірі мен Отанының игілігіне бағыштаған Азаматтай азаматтар – қашанда көпке үлгі, жас ұрпаққа өнеге. Өйткені, ол – нағыз еңбектің адамы.
Шұғаның Азаматы, міне, осындай жан.
Фархат ӘМІРЕНОВ, журналист, Қазақстан Республикасы
Президенті Әкімшілігінің қызметкері, Астана қаласы.
