Ертіс-Баян өңірінің әдебиетсүйер жұртшылығы көрнекті ақын, жерлесіміз Павел Васильевтің өлеңдерін қазақ және орыс тілдерінде қатар оқи алады. Бұл мүмкіндікті жасаған — Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, аудармашы Айбек Оралхан. Ол ақынның бір кітапқа жүк болар топтама туындысын толық қазақ тілінде сөйлетіп, «Палящее слово — Жалын атқан жыр» атауымен жарыққа шығарды.
Кітаптың тұсаукесер рәсімі С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада өтті. Шараға облыс әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова, Ресей Федерациясы Омбы облысының бұрынғы губернаторы, «Полежаев-фонд» қорының президенті Леонид Полежаев, Халықаралық заманауи өнер академиясының мүшесі Ольга Макарова және жергілікті қаламгерлер, әдебиеттанушылар, суретшілер қатысты. Облыс әкімінің орынбасары өз сөзінде бұл екі елдің мәдениеті мен рухани байланысын арттырып, ұлттар арасындағы достықты нығайтатын айрықша жоба екенін атап өтті.
— Павел Васильев шығармашылығының өңір тарихындағы орны ерекше. Ақынның поэзиясында қазақ даласының кеңдігі, Ертістің айбыны, туған өлкенің табиғаты мен жергілікті халықтың тыныс-тіршілігі терең көрініс тапқан. Осы аударманың өмірге келуіне ұйытқы болған азаматтарға шынайы ризашылығымды білдіремін, — деді Айгүл Қайыртасқызы.
«Палящее слово – Жалын атқан жыр» атты жаңа жинақ Ресей Федерациясы Омбы қаласының мәдениет және руханиятты қолдау орталығының қолдауымен, «Полежаев-фонд» қорының демеушілігімен жарық көріп отыр. Қор президенті Леонид Полежаевтың айтуынша, басылымды әзірлеу идеясы белгілі суретші Виктор Поликарповтың шығармашылық мұрасымен тікелей байланысты. Яғни, ақынның өлеңдері мен оларға салынған көркемсуреттерді бір кітапқа біріктіру арқылы оқырманға ерекше жанрда жеткізу көзделген. Ал одан кейін ақынның өлеңдерін қазақ тіліне аудару ұсынысы айтылып, шығармашылық топқа ақын, аудармашы Айбек Оралхан тартылады. Осылайша бір-бірімен рухани сабақтас үш шығармашылық тұлғаның еңбегі тоғысқан жаңа кітап өмірге келді. Кітаптың жалпы көлемі 270 беттен тұрады. Оған Павел Васильевтің табиғат, этнография, туған жер тақырыптарын жырлаған 20 лирикалық өлеңі енгізілді. Сонымен қатар, үш поэмасы да аударылып, оқырманға ұсынылды. Олар — «Соленый бунт», «Принц Фома», «Лето» поэмалары. Ал жинақтың дизайнын жасап, безендірген Халықаралық заманауи өнер академиясының мүшесі Ольга Макарова екенін де атап өткен жөн. Кітап көрнекті суретші Виктор Поликарповтың иллюстрациялық суреттерімен безендірілген. Суретшінің бұл қылқалам туындылары әу бастан-ақ, осы Павел Васильевтің шығармашылығы негізінде салынған екен.
Жаңа телтуманың тұсаукесер лентасын Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері Ғалымбек Жұматов, Қазақстан Суретшілер одағының Павлодар облыстық филиалының төрағасы Өсербай Шоранов, Ресей Жазушылар одағының мүшесі Леонид Полежаев, халықаралық Заманауи өнер академиясының мүшесі Ольга Макарова кесті. Сонымен қатар, филология ғылымдарының докторы, профессор Айтмұхамбет Тұрышев сөз сөйлеп, қаламгерлер мен суретшілердің үйлесім тапқан шығармашылық жұмыстарына ризашылғын білдірді.
— Әдебиетте, соның ішінде поэзияда шекара жоқ. Міне, осындай ақындардың шығармаларын екі тілде сөйлету арқылы екі халықтың тамыры тереңге кеткен достығы мен мәдени байланысын одан ары нығайта аламыз. Осы тұста Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Айбек Оралхан бауырымызға ерекше алғыс айтып, ықылас білдіргім келеді. Себебі, ол кез келгеннің тісі батпайтын үлкен іске қол салып отыр. Бүгін ол Павел Васильевті көтерген болса, сол жанқиярлық еңбегі арқылы өзі де үлкен деңгейге көтерілді. Енді алдағы уақытта Айбектің аударма еңбегін зерттейтін, талдайтын жастар шығады деп ойлаймын. Ол үшін Павлодар облысы мектептерінде Павел Васильев оқулары өтуі керек. Міне, сонда автор мен аудармашының еңбегі кең көлемде насихатталып, оқылатын болады, — деді Айтмұхамбет Қасымбайұлы.
Ақын, аудармашы Айбек Оралханның сөзінше, Павел Васильев шығармашылығы қазақ тіліне бұған дейін де бірнеше мәрте аударылған. Атап өтер болсақ, Жұматай Жақыпбаев, Иранбек Оразбаев, Әмірхан Балқыбек, Ұлықбек Есдәулет, Ержан Алаштуған сынды қазақтың қабырғалы қаламгерлері орыс ақынының поэзиясына айрықша қызығушылық танытып, оны өз оқырмандарына ұсынған. Сонымен қатар, Ертіс-Баян өңірінің қаламгерлері де Васильев шығармаларын тәржімалаудан шет қалған жоқ.
— Қазақтың қабырғалы қаламгерлері, интеллектуалды ақындары үлкен сара жол салып кетті және аударма саласында жоғары деңгей қалыптастырды. Сондықтан, аударма ісіне кіріскенде жоғарыдағы аты аталған ақындардың деңгейінен төмен түсуге болмайды деген ұстанымда болғанымызды айта кеткен жөн. Сонымен қатар, Павел Васильев шығармаларын Ертіс-Баян өңірінің қаламгерлері де аударып, жоғарыдағы қалам иелерінің жолын жалғады. Олардың қатарында Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері Сүлеймен Баязитов, Серік Сатыбалдин сынды ақын ағаларымыздың аудармаларын атап өту керек. Міне, осыдан кейінгі қалыптасқан толқын ретінде осы миссия маған жүктелгенін сезіп отырмын, — деді Айбек Оралхан.
«AIQARA.KZ» әдеби порталының бас редакторы Асыл Әбіштің айтуынша, Павел Васильевтің тағдыры мен шығармашылығы Ертіс өңірімен тығыз байланысып жатыр. 1910 жылы дүниеге келген ақынның балалық шағы мен шығармашылық дүниетанымының қалыптасуына қазақ даласының табиғаты, көшпелі өмір салты айтарлықтай әсер еткен.
— Оның өлеңдерінен сайын даланың кеңдігі, еркіндікке құштар мінезі, Ертістің екпіні, қазақ тұрмысының сан алуан көріністері анық аңғарылады. Орыс тілінде жазғанымен, ақынның поэтикалық ойлау жүйесінде қазақтың жыршылық дәстүрімен үндесетін ерекшеліктер бар. Өлеңдерінің екпінді ырғағы, образдарының өткірлігі, табиғат пен адам болмысын бейнелеуі оның шығармашылығына айрықша сипат береді, — деді Асыл Әбіш.
Осы кездесуде Павел Васильевтің атындағы әдеби бірлестіктің мүшесі Рафаэль Мухамеджанов пен Торайғыров университеті жанындағы «Мұрагер» шығармашылық бірлестігінің мүшесі Нұрлы Әміржан ақын П.Васильевтің өлеңдерін оқыды.
Тілеуберді САХАБА.
Глазами рыбьими поверья…
Глазами рыбьими поверья
Ещё глядит страна моя,
Красны и свежи рыбьи перья,
Не гаснет рыбья чешуя.
И в гнущихся к воде ракитах
Ликует голос травяной –
То трубами полков разбитых,
То балалаечной струной.
Я верю – не безноги ели,
Дорога с облаком сошлась,
И живы чудища доселе –
И птица-гусь и рыба-язь.
1928
Балық көз нанымдар…
Қарайды елім жазмышына жүзін қадап,
Балық көз нанымдардан арылмастан.
Балықтың қауырсыны – қызыл қанат,
Қабыршағы жарқылдап жалын шашқан.
Суға иілген сәмбі тал ернеуінен
Жасыл құрақ дауысы гуілдескен.
Жеңілген жасақтардың кернейі мен
Балалайка үні боп уілдескен.
Сыңар аяқ самырсын, сенем, жүрмек,
Сыңар соқпақ бұлтқа ізін түбі жұптар.
Аңдаймын әлі күнге тірі жүр деп,
Ақ қаз-құс пен аққайраң, құбыжықтар.
1928
