Жыл сайын елімізде 25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» халықаралық акциясы өтеді. Аталмыш акция аясында ақпараттық-түсіндіру кездесулері, профилактикалық шаралар мен түрлі қоғамдық іс-шара ұйымдастырылады. Бұл бастама әр адамның қауіпсіз өмір сүруге құқығы бар екенін еске салып, қоғамды ортақ жауапкершілікке шақырады. Осы бағыттағы жұмыстар қаншалықты маңызды? Зорлық-зомбылыққа тап болған адам қайдан көмек сұрай алады? Осы сауалдарға жауап алу үшін Облыстық полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы Отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің аға инспекторы, полиция майоры Индира Жүсіповаға жүгінген едік.
— Индира Ерболатқызы, санаулы күндерден соң елімізде жыл сайынғы «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» акциясы бастау алады. Жалпы, бұл акцияның негізгі мақсаты қандай және оның қоғам үшін маңызы неде?
— «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» халықаралық акциясының негізгі мақсаты – қоғамның назарын отбасылық-тұрмыстық және гендерлік зорлық-зомбылық мәселесіне аудару, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, сондай-ақ зорлық-зомбылықтың кез келген түріне мүлдем төзбеушілік қағидатын қалыптастыру. Бұл акция ақпараттық науқан ғана емес, сонымен қатар әрбір азаматқа зорлық-зомбылықтың алдын алу – баршамызға ортақ міндет екенін түсіндіретін маңызды қоғамдық бастама.
— Қазіргі таңда отбасындағы және қоғамдағы зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
— Облыста отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында кешенді профилактикалық жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде. Полиция қызметкерлері тұрмыстық жанжалдар мен қайталама шақыртуларға ерекше назар аударады. Әсіресе, бұрын құқық бұзушылық жасаған, профилактикалық есепте тұрған азаматтармен жеке профилактикалық жұмыстар жүргізіліп, олардың отбасындағы жағдайы бақылауға алынады.
Ағымдағы кезеңде отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында құқық бұзушылық жасағаны үшін 4602 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 3674 қорғау нұсқамасы шығарылып, құқық бұзушылардың мінез-құлқына қатысты 1069 ерекше талап белгіленді. Бұл шаралар зорлық-зомбылықтың қайталануына жол бермеуге, жәбірленушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және құқық бұзушыларға заң талаптарының міндетті екенін түсіндіруге бағытталған. Сонымен қатар, халық арасында түсіндіру жұмыстары, кездесулер, дөңгелек үстелдер, жастармен профилактикалық іс-шаралар және әлеуметтік эксперименттер ұйымдастырылуда. Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы азаматтарға құқықтық түсіндіру жұмыстары жеткізіледі.
Біздің жұмысымыздың маңызды бағыттарының бірі – зорлық-зомбылықтың алдын алуға қоғамның барлық өкілдерін тарту. Өйткені бұл мәселені тек полицияның күшімен шешу мүмкін емес. Оған мемлекеттік органдар, білім беру ұйымдары, денсаулық сақтау саласы, үкіметтік емес ұйымдар және жалпы қоғам бірлесе атсалысуы қажет.
— Зорлық-зомбылыққа тап болған азаматтар қайда жүгінуі керек және оларға қандай көмек түрлері көрсетіледі?
— Зорлық-зомбылыққа тап болған немесе өз өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған азаматтар алдымен 102 нөміріне хабарласып, полиция көмегіне жүгіне алады. Сондай-ақ, 112 бірыңғай жедел қызметіне қоңырау шалуға болады. Отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесі бойынша әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі 111 байланыс орталығына, ал балалар мен жастарға қолдау көрсету мәселелері бойынша
150 сенім телефонына хабарласуға болады.
Жәбірленушілерге полиция тарапынан құқықтық қорғау шаралары көрсетіліп, қажет болған жағдайда қорғау нұсқамасы шығарылады, құқық бұзушының әрекеттеріне заң аясында баға беріледі. Сонымен қатар, азаматтарға психологиялық, әлеуметтік және құқықтық көмек көрсететін дағдарыс орталықтарына жүгіну мүмкіндігі бар.
— Ақпаратыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан – Айдана БОРАНБАЕВА.
