«Кітап оқитын ұлт» жобасына «Кітап оқитын әулет» бағыты бойынша қатысып жатқан павлодарлық Мұқажановтар отбасы үшін кітап оқу бүгінде ортақ қызығушылық қана емес, отбасы мүшелерін жақындастыратын ерекше дәстүрге айналып келеді. Отбасының ұйытқысы Гүлайым Мұқажанова балаларымен бірге кітап оқудың қызығын сезініп, оқыған шығармаларын талқылауды күнделікті өмірінің маңызды бөлігіне айналдыруға ниетті.
Кітап оқуға деген ықылас Гүлайым Мұқажановада бұрыннан болғанымен, күнделікті жұмыс пен үй шаруасы оған үнемі уақыт бөлуге мүмкіндік бермеген. Оның үстіне отбасында бірге кітап оқу дәстүрі де қалыптаспаған еді. Алайда «Кітап оқитын ұлт» жобасы бұл жағдайды өзгертуге себеп болды.
Жоба туралы Гүлайым қызымен бірге Сүлеймен Баязитов атындағы балалар оқу орталығына барған кезде білген. Сол жерде оларға «Оқитын әулет» марафоны таныстырылып, отбасы болып қатысуға ұсыныс жасалған. Бастама ана мен қыздың көңілінен шығып, кейін оларға ұлы да қосылған.
– Менің өзім ғана кітап оқып қоймай, балаларымды да кітапқа қызықтырғым келді. Жобаны отбасымызбен бірге уақыт өткі-зудің, кітап оқып, оқығанымызды талқылаудың жақсы мүмкіндігі деп қабылдадық. Осылайша бәріміз біртіндеп кітап оқуға ден қоя бастадық, – дейді Гүлайым.
Отбасылық оқу дәстүрін қалыптастыруда анасының баста-масы ерекше рөл атқарған. Ол балаларды кітап оқуға мәжбүрлеу-
ден гөрі, олардың қызығушылығын оятуды маңызды санайды. Сондықтан отбасы мүшелері бір кітапты бірге оқып, шығармадағы оқиғаларды бақылап, кейіпкерлердің әрекеттерін талқылауды әдетке айналдырған.
Мұқажановтар отбасының өзіндік оқу тәртібі де бар. Алдымен Гүлайым төрт бет оқиды, содан кейін қызы мен ұлы екі беттен кезектесіп жалғастырады. Бірі оқығанда, қалғандары мұқият тыңдайды. Кітап оқылып болған соң, барлығы өз ойларын ортаға салып, кейіпкерлердің мінезі мен іс-әрекеттеріне баға береді.
Әрине, жұмыс пен балалардың сабақ кестесіне байланысты күн сайын бір мезгілде бас қосу оңай емес. Дегенмен, отбасы мүшелері бірге кітап оқуға мүмкіндік табуға тырысады. Өйткені, олар үшін бұл жай ғана оқу емес, бір-бірін тыңдап, пікір алмасатын отбасылық сәт.
Марафон барысында Мұқажа-новтар төрт бірдей шығарманы оқып шыққан. Олардың қатарында Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» романы, Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әке туралы ой-толғау» кітабы, Андре Моруаның «Жас жігітке ғылым туралы ашық хат» шығармасы және Александр Бектің «Волоколамск тас жолы» романы бар.
Бұл туындылардың тақырыптары әртүрлі болғанымен, әрқайсысы отбасы мүшелеріне өзіндік ой салған. Махаббат пен адамгер-шілік қарым-қатынастар, отбасы құндылықтары, ғылым, тарих пен ерлік тақырыптары төңірегінде әңгімелер өрбіген.
Гүлайымның айтуынша, бірге оқудың қызықты тұсы – балалардың шығармаға өзіндік көзқараспен қарауы. Кейде олардың пікірі анасының ойымен сәйкес келмейді. Балалар кейіпкерлердің әрекетте-ріне қатысты сұрақтар қойып, өз тұжырымдарын айтады. Анасы болса, олардың ойларын тыңдап, өз көзқарасын түсіндіреді.
– Балалардың пікірі көбіне менің ойымнан өзгеше болады. Олар оқиғаларға өз көзқарастарымен қарайды, сұрақтар қояды. Кейде ересек кейіпкерлердің әрекеттерін түсіне бермейді. Осындай кезде бірге талқылап, әрқайсымыз өз ойымызды айтамыз. Мұндай әңгімелер бір-бірімізді жақсырақ түсінуге көмектеседі, – дейді ол.
Отбасының ерекше есінде қалған шығармалардың бірі – Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әке туралы ой-толғау» кітабы. Әсіресе, онда баяндалатын Қасым мен Кемел есімді екі бауырдың қоштасу сәті балаларға да, анасына да терең әсер еткен.
Майданға аттанар алдында ағасы Қасым қолындағы сағатын інісі Кемелге естелік ретінде сыйлайды. Інісі ағасымен қоштасуды ауыр қабылдап, сол сағатты ұзақ жылдар бойы көзінің қарашығындай сақтайды. Кейін Қасымның соғыста қаза тапқаны туралы қаралы хабар жетеді.
Бұл оқиға отбасы мүшелерін бауырмалдық, жақынға деген сүйіспеншілік пен қамқорлық туралы ойландырған. Сонымен қатар, Гүлайым балаларға Қасым-Жомарт Тоқаевтың есімінің тарихын да түсіндірген. Әкесінің өз ұлына соғыста қаза тапқан ағасы Қасымның есімін есте қалдыру мақсатында Қасым-Жомарт деп ат қойғанын айтып берген. Осылайша бір кітаптағы оқиға отбасы үшін тарихты танудың ғана емес, адам тағдыры мен отбасылық құндылықтарды терең түсінудің мүмкіндігіне айналған.
Гүлайым жобаға қатысқалы бері балаларынан да оң өзгерістер байқай бастаған. Олар оқыған шығармалары туралы көбірек сұрақ қойып, кейіпкерлердің әрекеттеріне назар аударып, өз ойларын еркін жеткізуге талпынады. Бірге дауыстап оқу мәнерлеп оқу дағдыларына, сөйлеу мәдениетіне де оң әсер етіп келеді.
Бүгінгі балалардың уақытын телефон, ойындар мен әлеуметтік желілердің көбірек алатыны жасырын емес. Дегенмен, Гүлайым кітапқа қызығушылықты тек тыйым салу арқылы қалыптастыру мүмкін емес деп есептейді. Оның пікірінше, ата-ананың жеке үлгісі маңызды.
– Балаларға кітап оқы деп талап қойғаннан гөрі, өзің үлгі болғаның дұрыс. Ата-ана баласымен бірге оқып, оқығанын талқыласа, бала да кітаптың қызықты екенін сезінеді. Біз әрқайсымыз кезекпен дауыстап оқимыз, қалғанымыз тыңдаймыз. Осылайша балалар өздерін ортақ істің бір бөлігі ретінде сезінеді, – дейді кейіпкеріміз.
Оның пайымынша, кітап оқитын отбасы қоғамның рухани дамуына да үлес қосады. Себебі, кітап адамның дүниетанымын кеңейтіп, сөздік қорын байытады, оқиғаларды саралауға және өзге адамдардың сезімін түсінуге үйретеді. Ал отбасымен бірге кітап оқу ата-ана мен баланың арасындағы байланысты нығайтып, өзара түсіністікті арттырады.
Мұқажановтар әулеті марафон аяқталған соң да қалыптасқан дәстүрді жалғастыруды көздейді.
Алдағы уақытта жаңа шығарма-лармен танысып, түрлі авторлардың туындыларын бірге оқымақ. Гүлайымның арманы – кітап оқудың отбасының күнделікті өміріндегі табиғи дағдыға айналуы.
– Өзге отбасыларға айтар кеңесім – бәрін кішкентай қадамнан бастау. Алдымен қызықты кітап таңдап, аз-аздан болса да бірге оқуға болады. Балаларға өз пікірін айтуға, оқығанын талқылауға мүмкіндік берген жөн. Бастысы, кітап оқуды міндетке айналдырмау керек. Ол отбасының бірге өткізетін жағымды уақыты болғаны дұрыс, – дейді Г. Мұқажанова.
Мұқажановтар отбасының тәжірибесі кітап оқуға деген сүйіспеншілікті қалыптастыру үшін үлкен істен бастаудың қажеті жоқ екенін көрсетеді. Кейде төрт бет оқудан басталған шағын қадам тұтас әулеттің ортақ дәстүріне айналуы мүмкін. Маңыздысы – кітапты бірге ашып, бірге оқуға және бір-біріңді тыңдауға деген ниет.
Айдана БОРАНБАЕВА.
