Өзгерістер өзегі – цифрландыру

Қар 12, 2026

Павлодарда өткен Digital Qazaqstan Day – 2026 аймақтық форумы цифрлық трансформацияның өзекті мәселелерін талқылап, жаңа технологиялық бастамаларды таныстыру алаңына айналды. Жиында жасанды интеллектіні экономика мен әлеуметтік салаға енгізу, Smart City жобаларын дамыту, цифрлық инфрақұрылымды жетілдіру және IT-стартаптарды қолдау мәселелері көтерілді. Мемлекеттік органдар өкілдері, IT-сарапшылар, кәсіпкерлер мен жас әзірлеушілер бас қосқан форумда өңірдің цифрлық даму жетістіктері сараланып, болашаққа бағытталған жобалар таныстырылды.

Форумды ашқан облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Ердос Жүсіпов цифрландыру индустриялық өңір экономикасын дамытудың маңызды тетігіне айналғанын атап өтті. Ердос Жанатұлының айтуынша, облыста цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамытуға арналған 52 іс-шарадан тұратын жоспар бекітілген. Басым бағыттардың бірі – Smart City жобасы. Оның аясында білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы 156 нысанға 5 мыңнан астам бейнебақылау камерасы орнатылған. Ал Екібастұзда жылу желілерінің цифрлық моделі енгізіліп, инженерлік инфрақұрылымның жұмысын бақылауға және проблемалық учаскелерді анықтауға мүмкіндік жасалды.

— Жасанды интеллект әлеуметтік салада да кеңінен қолданыла бастады. 109 бірыңғай байланыс орталығында сөйлеуді тану және өтініштерді автоматты өңдеу технологиялары енгізілуде. Тоғыз айда орталыққа 83 мыңнан астам өтініш түскен. Денсаулық сақтау саласында PACS медициналық кескіндерді орталықтандырылған сақтау жүйесі іске асырылып жатыр. Оның көмегімен 22 медициналық ұйымның радиологиялық зерттеулерін талдап, онкологиялық ауруларды ерте анықтау көзделген, — деді Е.Жүсіпов.

Цифрлық жаңғыру өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын да қамтиды. Облыс кәсіпорындарында 50-ден астам цифрлық жоба жүзеге асырылып, тағы 28 жобаны іске қосу жоспарланған. Аграрлық секторда 1,7 миллион гектар егіс алқабы толық цифрландырылған. Шаруашылықтарда дәлме-дәл егіншілік технологиялары, агродрондар мен интеллектуалды датчиктер қолданылуда. Одан бөлек, Екібастұзда қуаты 200 МВт болатын, болашақта 1 ГВт-қа дейін кеңейту мүмкіндігі қарастырылған деректер орталығын салу жобасы пысықталуда. Оның алғашқы 50 МВт кезеңін 2027 жылғы маусымда іске қосу жоспарланған. Сонымен қатар, Firebird AI KZ компаниясы өңірге 3,5 миллиард доллар инвестиция салу жоспарын жариялаған. Жоба аясында қуаты 109 МВт деректер орталығын салу да көзделген.

Форум барысында ірі инфрақұрылымдық бастамалармен қатар, бизнес пен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы мәселелерді шешуге арналған отандық IT-әзірлемелер таныстырылды. Соның бірі – Qoldam цифрлық платформасы. Жоба негізін қалаушы Думан Тоқашевтің айтуынша, жүйе әртүрлі платформадағы үдерістерді біріктіріп, дебиторлық берешекті басқаруды автоматтандырады.

– Біз шашыраңқы жүйелердегі үдерістерді бір ашық платформаға біріктіруге тырыстық. Нәтижесінде берешекті қайтару мерзімін шамамен 90 күннен 20 күнге дейін қысқарттық. Бұл қаражаттың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына жылдам оралуына мүмкіндік береді, – деді ол.

Жоба акселерациялық бағдарламаға іріктеліп, финалистер қатарына енген. Қазір команда платформаны одан әрі енгізуге дайындалып жатыр.

Цифрлық экономиканың дамуы білікті мамандарға деген сұранысты да арттырады. Осы мақсатта өңірде Pavlodar Hub жұмысы жанданып келеді. 2025–2026 жылдары орталықта 100-ден астам білім беру және технологиялық іс-шара өткізіліп, 42 стартап-жоба тіркелген. Сонымен қатар, Павлодарда бағдарламалау мен жасанды интеллектіні үйрететін тегін Tomorrow School мектебінің кампусы жұмыс істейді. Мұнда оқу практикалық тапсырмаларға, командалық жұмысқа және өзара тәжірибе алмасуға негізделген.

Форум аясында пленарлық сессия өтіп, IT-сарапшылар өз тәжірибелерімен бөлісті. Сондай-ақ, Smart City бағыты бойынша 8 команда бақ сынаған Idea Battle жобалар байқауы ұйымдастырылып, Modus Trade компаниясымен бірлескен хакатон өткізілді. Қатысушылар тың идеялары мен технологиялық шешімдерін ұсынып, өзара тәжірибе алмасты.

Айдана БОРАНБАЕВА.