Ұлттық валюта — кез келген елдің экономикалық дербестігі мен тәуелсіздігінің маңызды белгісі. 1993 жылы 15 қарашада Қазақстанның төл валютасы – теңге ресми түрде айналымға енді. Осылайша, еліміздің қаржы жүйесі қалыптаса бастады. Міне, атаулы күнге орай облыстық Г.Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейінде «Қазақстан валютасы – теңгенің тарихы» атты көрме ұйымдастырылды.
Көрмеде ұлттық ақшамыздың тарихы, қалыптасу кезеңдері, дизайны мен ерекшеліктері көрініс тапқан. Биыл көрмеге музейдің жәдігерлері, павлодарлық коллекционер, нуризмат Виктор Столяровтың жеке коллекциясынан заттар қойылған. «Ertis» музейінің басшысы Айзада Бектемісованың айтуынша, көрмеге Қазақстан Республикасының және көршілес елдердің 200-ден астам монетасы қамтылған.
– Көпшілік біздің көрмеден Тәуелсіз Қазақстанның купюралар коллекцияларымен таныса алады. Алғаш айналымға шыққан тиын мен ұлы тұлғалар бейнеленген теңгелердің түпнұсқаларын көруге болады. Көрмеге қойылған монеталар әртүрлі санатқа, тарихи кезеңге, ортақ белгілері бойынша тақырыптарға, серияларға топтастырылған. Жалпы, көрме коллекциялары Қазақстан аумағындағы ақша жүйесінің даму тарихынан сыр шертеді. Мұнда Қола дәуірінен қазіргі кезеңге дейінгі уақыт қамтылған, – дейді Айзада Оралбекқызы.
Көрмеге қойылған жәдігерлердің ішінде ең көне монета IV ғасырда қолданыста болған көрінеді. Ол көрмеде «Антикалық дәуірдегі Қазақ-стан» сериясында көпшілікке ұсынылған. Мәселен, коллекционер келесі бір монеталар тобына «Қазақ даласының ұлылары» атауын берген екен. Мұнда қазақтың біртуар тарихи тұлғалары бейнеленген монеталар шоғырланған. Ал «Қазақ халқының рухани мәдениеті» атауындағы серияда ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыптан сыр шертетін монеталар жинақталыпты. Коллекционер әрбір монета нөмірлеп, жеке папкасында әрқайсысының тарихына, мән-мағынасын тоқталған. Демек, көрмеге келген азаматтар нөміріне қарай сипаттамасымен танысып, тарихына үңіле алады.
Сонымен қатар, коллек-ционердің жинаған түрлі төсбелгілері де тарихтың қатпарлы кезеңдерінен сыр шертеді. Мұнда фалерис-тикалық коллекциялар «Қазақстан мақтанышы», «Қазақстандағы туризм және экология», «Қазақстанның қызыл кітабы» сынды тақырыптарды қамтыған. Қазақстанның үстел үстіне қойылатын медальдарының да жиынтығы көпшілік назарына ұсынылыпты.
Ұйымдастырушылар көрмені тарихпен ұштастырып, әр монетаның дизайны жасалғанда қолданылатын ел тарихын, ұлттық құндылықтарды ескерген. Яғни, осы тақырыпқа сай картиналар ілініп, көрменің мәнін аша түскен.
Ұлттық валютаның тарихына арналған көрме 15 қарашаға дейін жұмыс істейді. Кез келген азамат келіп, тегін көріп кетуіне болады.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.
