Сейділдә қажының кесенесі ашылды

Қар 12, 2026

Ертіс-Баян өңірінің діни-ағартушылық тарихында өзіндік орны бар Сейділдә қажы  Түйтебекұлының зиратына орнатылған кесененің ашылу рәсімі өтті. Бұл —  өткен ғасырларда қорғансыз қазақ баласына, ұлт руханиятына, соның ішінде асыл дінімізге қорған болған дара тұлғаға көрсетілген айрықша құрмет.

Тағылымды шараға Тереңкөл ауданына қарасты мешіттердің жамағаты, өңірдің белсенді азаматтары және аудандық «Сейділдә қажы» мешітінің бас имамы Қобыланды Надырбаев қатысты. Аудан имамы марқұмның рухына Құран бағыштап, осы игі іске атсалысқан барша азаматтарға алғысын білдірді.  Жиналған қауым кесенеге арнайы зиярат жасап, қиын заманда Ислам дінінің өркендеуіне қосқан үлесін, руханият жолында атқарған қызметін еске алды.

Сейділдә қажының мәңгілік мекені Тереңкөл ауданына қарасты Жаңа Құрылыс ауылдық округінің аумағында орналасқан. Ол – кезінде өңірде діни білімді жаюмен және ағартушылықпен айналысып, ұлт руханиятына зор үлес қосқан тұлғалардың бірі. Сейділдә қажы (шын есімі – Шайдолла) Түйтебекұлы XIX ғасырдың соңында Павлодар уезі, Тереңкөл болысының Бекбау ауылында дүниеге келген. Тарихи деректерге сүйенсек, ол 1874– 1925 жылдары аралығында өмір сүрген. Уфа қаласында медресе білімін алған. 1912 жылы қазіргі Тереңкөл ауданының Трофимовка және Жаңа Құрылыс ауылдарының ортасында мешіт ашып, бала оқыту ісімен айналысқан. Кейін мешіт жанынан шәкірттерге арналған жатын бөлмелері бар медресе салдырған.

Бұл білім ордасының даңқы алысқа жайылып, Ертістің екі жағалауынан, тіпті Ресейден де талапты жастар келіп, қажыдан діни білім мен тәлім-тәрбие алған. Тарихи деректерге сүйенсек, мешіт-медреседе 500-ге жуық шәкірт тәрбиеленген. Бұл – Сейділдә қажының өз дәуірінде ағартушылық бағытта атқарған еңбегінің ауқымын аңғартатын маңызды дерек. Сонымен қатар, мешіті мен медресесінің орны да белгілі. Яғни, Качир ауданынан Трофимовка ауылына баратын жолдың бойынан анықталған. Сол аумақта орналасқан елді мекен тұрғындары Құран бағыштау үшін зиратының басына жиі барып тұрады. 1963 жылы шәкірттері Қанапия, Әусақ есімді азаматтардың және артында қалған жалғыз қызы Құратылғайынның бастамасымен ескерткіш тақта орнатылған. 2006 жылы осы Тереңкөл ауданында ашылған мешітке Сейділдә қажының есімі берілді.

Қажының өмірі мен қызметінен сыр шертетін бірқатар құнды жәдігер бүгінге дейін сақталған. Олардың қатарында Құран кітабы, намаз кезінде киген тақиясы, араб және шағатай тілдерінде жазылған қолжазбалары бар.

Ғалымдардың анықтауынша, Сейділдә қажының 16 беттік қолжазбасында түрлі дұғалар, оларды қай жерде және қай уақытта оқу керектігі жөніндегі түсініктемелер жазылған. Сондай-ақ қолжазбада «Елім – барым, дінім – Алладан берілген бағым» деген тағылымды сөз кездеседі.

Бүгінде қажының бірқатар жеке заттары Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде сақтаулы. Бұл жәдігерлер – өткен дәуірдегі діни-ағартушылық ісінің, ел ішіндегі рухани сабақтастықтың құнды мұрасы.

Сейділдә қажы кесенесінің ашылуы – тарихи тұлғаның есімін ұлықтап қана қоймай, оның ел болашағы үшін атқарған ағартушылық еңбегін кейінгі ұрпаққа танытудың маңызды қадамы. Рухани мұраны сақтау мен тарихи тұлғаларды дәріптеу – ұлт жадына құрметтің белгісі.

Тілеуберді САХАБА.