29 қараша күні — республика бойынша мәслихаттар сайлауы өтеді. Сайлауға қатысу – әр азаматтың борышы. Бұл ретте әркім өзінің учаскелік сайлау комиссиясын алдын ала анықтап, аты-жөнін тексеріп, дауыс беру құқығын пайдалануы керек.
2026 жылғы 12 қазанда Мемлекет басшысы барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы Жарлыққа қол қойды. Осыдан кейін Орталық сайлау комиссиясы кезектен тыс сайлауды 29 қарашаға белгіледі. Сайлау нәтижесінде 3 447 депутат сайлануы тиіс. Оның ішінде 20 облыстық мәслихатқа – 668, 38 қалалық мәслихатқа – 626 және 170 аудандық мәслихатқа 2 153 депутат сайланады.
Павлодар облысында да саяси науқанға дайындық шаралары түйінделуде. Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мәліметінше, қазіргі таңда қажетті әзірлік іс-шаралары толық аяқталған.
– Облыста алдағы барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауында 521 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Оның ішінде 21-і – жабық түрдегі учаскелер. Саяси науқан жұмысына 3343 адам жұмылдырылады. Сайлау учаскелерін материалдық-техникалық тұрғыдан жергілікті атқарушы органдар қамтамасыз етуде әрі қадағалауда. Дайындық толық жүргізілді. Учаскелік комиссиялар 9 қарашадан бастап жұмысқа кірісіп, бүгінде тұрғындарды ақпараттандыру шараларын аяқтады. Комиссия мүшелері каскадтық тәсілмен оқудан өтті. Түрлі семинарлар, тренингтер ұйымдастырылды. Барлық комиссия мүшелері қамтылды, – дейді облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Гүлнәр Аманжолова.
Естеріңізге сала кетейік, өңірімізде барлық деңгейдегі мәслихаттарға 189 депутат сайланады. Олардың 173-і бірмандаттық сайлау округтері бойынша, 16-сы пропорционалды жүйе, яғни партиялық тізім бойынша сайланады. Облыстық мәслихат аралас сайлау жүйесімен сайланатын 32 депутаттан тұрады. Олардың ішінде 16 депутат партиялық тізіммен, 16 депутат бірмандатты округтер бойынша сайланады. Ал қалалық және аудандық мәслихаттарға сайлау толығымен бірмандатты округтер бойынша өтеді. Яғни, сайлаушылар әрбір сайлау округі бойынша бюллетеньге аты-жөні енгізілген нақты кандидаттарға дауыс береді.
Астана, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар мәслихаттарындағы депутаттардың жартысы партиялық тізім бойынша, ал қалған жартысы бірмандаттық сайлау округтері арқылы сайланады. Аудандық және облыстық маңызы бар қалалардың мәслихаттарында депутаттар тек бірмандаттық округтер бойынша сайланады. Осылайша, сайлаушылардың өздері танитын, мүдделерін қорғай алатын нақты кандидатты таңдау мүмкіндігі сақталады. Бірмандаттық сайлау округтерінде кандидаттарды саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер ұсына алады. Сонымен қатар азаматтардың өзін-өзі ұсыну құқығы да бар. Бір партия бір округ бойынша тек бір тізім ұсына алады. Бұл ретте тізімдегі әйелдер мен жастардың жиынтық үлесі кемінде 30 пайызды құрауы тиіс. Ал кандидат тек бір сайлау округі бойынша ғана ұсыныла алады.
Мәслихат депутаты болып 20 жасқа толған Қазақстан Республикасының азаматы сайлана алады. Сот шешімімен әрекетке қабілетсіз деп танылған, бас бостандығынан айыру орындарында отырған, өтелмеген соттылығы бар, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық қылмысы немесе құқық бұзушылығы бойынша кінәсі сотта танылған адамдардың сайлануға құқығы жоқ.
Биыл ауқымды реформалар аясында жаңа Конституция бойынша референдум және Құрылтай депутаттарының сайлауы өткенін еске салайық. 23 тамыздағы дауыс беру қорытындысы бойынша жаңа бір палаталы Парламент құрамына 145 депутат енді. Мәслихат сайлауы осы жаңару үдерісін жергілікті деңгейде аяқтап, республикалық деңгейден аудандық деңгейге дейінгі жаңартылған өкілді органдар жүйесін толықтырады.
Президент бұл сайлауды мемлекеттік басқару жүйесін жалпы трансформациялау үдерісімен байланыстырды. Мемлекет басшысының айтуынша, сайлау білікті әрі кәсіби мәслихат депутаттарының корпусын қалыптастыруға жол ашып, олардың жұмысына жаңа серпін береді. Бұл ұстаным Мемлекет басшысының мәслихаттар форумында да айтылған кәсібилендіру бағытымен үндеседі. Атап айтқанда, депутаттардың ротациясы мен жауапкершілігін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылған болатын.
Сайлау науқанының басты міндеті – оны «Заң мен тәртіп» қағидаты негізінде қатаң сақтау арқылы өткізу. Орталық сайлау комиссиясы сайлауды ұйымдастырушыларды даярлауға ерекше көңіл бөліп отыр. Өйткені әрбір комиссия мүшесінің жұмысы сайлау үдерісінің заңдылығы мен ашықтығына тікелей әсер етеді.
Халықты ақпараттандыру барлық арналар арқылы жүзеге асырылып жатыр.
Сайлауға қатысу мүмкіндігі барынша қолжетімді әрі ыңғайлы бола түсті. Азаматтар өз сайлау учаскесін онлайн анықтап, байланыс орталығы арқылы қажетті ақпарат ала алады. Сайлау материалдарымен ана тілінде және ымдау тілі арқылы танысуға мүмкіндік бар. Дауыс беру сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін өтеді. Науқанның барлық кезеңі байқаушылар үшін ашық.
Мәслихат сайлауы – өкілді демократия мен жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың маңызды тетігі. Әрбір сайлаушының дауысы алдағы бес жыл бойы өңірдегі өмір сапасына тікелей әсер ететін шешімдер қабылдайтын өкілді органның құрамын айқындайды.
