Таңдау сәті таяп қалды

Қар 26, 2026

29 қараша, яғни, алдағы жексенбі күні еліміз бойынша барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы өтеді. Жер-жерде саяси науқанға дайындық қызу. Кандидаттар сайлаушыларға сайлауалды бағдарламаларын таныстырып, үгіт жұмыстарын жүргізуде. Ал сайлау комиссиялары учаскелердің дайындығын пысықтап, саяси күннің қамында жүр.

Осы ретте, ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшелері еліміздің 20 өңіріне инспекциялық сапармен барып, дайындықты тексерді. Олар 100-ден астам сайлау учаскесін аралап, сайлау комиссияларының 3 382 мүшесі қатысқан 21 оқыту семинарын өткізген. Ұйымдастыру мәселелеріне қатысты бірқатар сұрақтар тиісті мемлекеттік органдармен пысықталған.

Орталық сайлау комиссиясының мәліметіне сүйенсек, мұндай сапарлар барысында сайлау учаскелерін материалдық-техникалық жарақтандыруға, сайлау заңнамасының талаптарын сақтауға және ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейтуге ерекше назар аударылған.

– Соңғы екі аптада Орталық сайлау комиссиясының мүшелері еліміздің барлық 20 өңіріне инспекциялық сапармен барды. Барлық өңірде мәслихаттар депутаттарын сайлауға бел-сенді дайындық жүргізілуде. Сапарлар барысында біз берген барлық ұсынымдар дауыс беру күніне дейін орындалуы тиіс. Бұл сапарлардың тағы бір мақсаты — Орталық сайлау комиссиясы ұйымдастыратын оқыту семинарларын өткізу. Ағымдағы сайлау науқаны аясында комиссиялардың 3,5 мың мүшесі осындай оқытудан өтті. Бұл тәсілдің нәтижелілігін өткізілген тестілеу арқылы бірден көріп отырмыз. Біздің басты міндетіміз — сайлау науқанын «Заң мен тәртіп» конституциялық қағидаты негізінде қатаң түрде ұйымдастыру. Бұл ретте әрбір комиссия мүшесінің жұмыс сапасы да маңызды рөл атқарады. Сондықтан сайлау комиссиялары мүшелерін оқыту мәселелеріне ерекше мән береміз, — деп атап өтті Нұрлан Әбдіров.

Павлодар облысында да саяси науқанға дайындық шаралары түйінделуде. Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мәліметінше, қазіргі таңда қажетті әзірлік іс-шаралары толық аяқталған.

– Облыста алдағы барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауында 521 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Оның ішінде 21-і – жабық түрдегі учаскелер. Саяси науқан жұмысына 3343 адам жұмылдырылады. Сайлау учаскелерін материалдық-техникалық тұрғыдан жергілікті атқарушы органдар қамтамасыз етуде әрі қадағалауда. Дайындық толық жүргізілді. Учаскелік комиссиялар 9 қарашадан бастап жұмысқа кірісіп, бүгінде тұрғындарды ақпараттандыру шараларын аяқтады. Комиссия мүшелері каскадтық тәсілмен оқудан өтті. Түрлі семинарлар, тренингтер ұйымдастырылды. Барлық комиссия мүшелері қам-тылды, – дейді облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Гүлнәр Аманжолова.

Естеріңізге сала кетейік, өңірімізде барлық деңгейдегі мәслихаттарға 189 депутат сайланады. Олардың 173-і бірмандаттық сайлау округтері бойынша, 16-сы пропорционалды жүйе, яғни партиялық тізім бойынша сайланады. Облыстық мәслихат аралас сайлау жүйесімен сайланатын 32 депутаттан тұрады. Олардың ішінде 16 депутат партиялық тізіммен, 16 депутат бірмандатты округтер бойынша сайланады. Ал қалалық және аудандық мәслихаттарға сайлау толығымен бірмандатты округтер бойынша өтеді. Яғни, сайлаушылар әрбір сайлау округі бойынша бюллетеньге аты-жөні енгізілген нақты кандидаттарға дауыс береді.

Г.ТҮГЕЛБАЙ.