Медициналық қызметке көңіліңіз толмаса, ем-ханаңызды ауыстыруға құқылысыз. Кез келген адам медициналық қызмет көрсету ұйымына тіркелу науқаны кезінде осы мүмкіндікті пайдалана алады.

Емханаға тегін тіркелу акциясы 15 қыркүйекте басталып, екі айға созылады. Осы уақыт аралығында әрбір адам алғашқы медициналық-санитарлық көмек алатын медициналық мекемені өз бетінше анықтай алады. Бұл ретте қажет болған жағдайда учаскелік дәрігер науқасты үйіне барып көруі үшін тұрғылықты жеріңізге жақын жерде емхана таңдау маңызды. Облыс тұрғындары медициналық көмек алу үшін Денсаулық сақтау субъектілерінің деректер базасында тіркелген және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде медициналық қызмет көрсетуге үміткер кез келген емхананы таңдай алады. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» АҚ облыстық филиалының директорының міндетін атқарушы Алмагүл Ахметжанованың айтуынша, тұрғылықты жердегі емханада немесе электронды қолтаңба арқылы eGov веб-порталында қосымшаның жай-күйін тексеруге болады. Жаңа емханаға тіркелген тұрғындарға ағымдағы жылдың 31 желтоқсанына дейін бұрынғы тіркелген орнында қызмет көрсетіліп, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап таңдаған мекемесінде медициналық көмек алуға болады. Тегін тіркеу науқаны Денсаулық сақтау субъектілерінің деректер базасында тіркелген және Медициналық көмек және міндетті медициналық сақтандыру мемлекеттік қоры шеңберінде медициналық қызметтерді көрсетуге өтініш білдірген медициналық ұйымдар арасында ғана жүргізіледі. Тіркеуге болатын емханалар тізімін қордың www.fms.kz сайтындағы «Емхана таңдау» бөлімінде көруге болады.

Торғын ОРАЗАЛЫ.