Жақында Нағымбек Нұрмұхамедов атындағы облыстық көркемсурет музейінде белгілі суретші Виктор Батуриннің 160 жылдығына орай қылқалам шеберінің естелік көрмесі ашылды. Онда суретшінің 6 туындысы мен Николай Петерш салған портреті ұсынылған.
Көрмеде Виктор Батуриннің алты шығармасы бар. Олар — «Орман», «Найзағай», «Ит пен аңшы», «Қырым пейзажы», «Шалғындағы аңшы», «Ясная Полянадағы гүл бағы» атты картиналар. Суретші туындыларды салу үшін майлы бояу мен акварельді қолданған. Талант иесі көбінесе пейзаждар мен натюрморттар салуды ұнатқан. Виктор Батуриннің есімі Павлодар облысында ХХ ғасыр басында рухани өмірдің қалыптасу тарихымен тығыз
байланысты. Ол 1919-1929 жылдар аралығында Павлодар шаһарының мәдени дамуына ерекше үлес қосты. Мәскеу кескіндеме, мүсін және сәулет училищесінде оқыған суретші-кескіндемеші, қаладағы театр безендірушісі ретінде еңбек етті. 1882 жылы орта білім беру училищесін тәмамдағаннан кейін болашақ суретші Мәскеу кескіндеме, мүсін және сәулет училищесінде И.Прянишников, В.Маковский, А.Саврасов, В.Поленов сияқты танымал ұстаздардан білім алды. Оқудың алғашқы жылдарынан бастап Батуриннің туындылары өнерсүйер қауыды тамсандырып, жақсы сатыла бастады. Сол жылдары оның «Ормандағы ағаш кесу» атты туындысы басқа оқушылардың шығармаларымен бірге П.Третьяковтың топтамасына сатып алынды. Училищені тәмамдағаннан кейін Батурин Көшпенді суретшілер серік-тестігінің ұйымдастырушысы және шабыттандырушы Г.Мясоедовпен бірге Полтавада шығармашылықпен айналысты. Облыстық көркемсурет музейінің қорларында суретшінің «Орман» (1929 ж.), «Найзағай» (1930 ж.), «Ит пен аңшы» (1927 ж.), «Қырым пейзажы» (1928 ж.), «Шалғындағы аңшы» (1928 ж.), «Ясная Полянадағы гүл бақшасы» (1929 ж.) сияқты кенеп бетінде майлы бояулармен орындалған алты кескіндемелік шығармасы сақтаулы. Туындылары Ресей мемлекеттік Третьяков галереясы, Тула облыстық өнер музейінде, Мәскеудегі Л.Толстой, В.Поленов, Ульяновск, Омбы, Иркутск, Куйбышев көркемсурет музейлерінде және Алматы қаласындағы Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік бейнелеу өнері музейінің қор коллекцияларында орын тапқан.
Айдана БОРАНБАЕВА.
Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.