С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың қоры жаңа құнды еңбекпен толықты. Солардың бірі – көрнекті ақын, белгілі жазушы Рафаэль Ниязбектің «Көсем» атты тарихи романы.

Аталмыш тарихи романда қылышынан қан тамған қызыл империяның тұсында билікке келіп, соқаға өгіз жеккен тар кезеңнен туған еліміздің әл-қуатын арттырып, космос дәуіріне көтеріп, ұлттық мемлекеттің негізін қалаған аса ірі мемлекет және қоғам қайраткері, ғұлама ғалым, академик, үш дүркін Еңбек ері атанған Дінмұхамед Қонаевтың қым-қуыт күреске толы өмір жолдары шырайлы шындық арнасында шынайы суреттелген.  Романда Д.Қонаевтың саяси тартыстағы өмірін екі кезеңге бөліп суреттегенін аңғарамыз. Бірінші кезең, ел басына Н.Хрущевтың келуімен басталса, екінші кезең билік басына М.Горбачевтың келуімен жалғасады. Осы екі кезеңдегі өмір ағысы романның негізгі лейтмотиві. Ортасында жиырма жылдай биліктің тұтқасын ұстаған Л.Брежневтік дәуір мен бір-бір жылдай билік құрған Андропов пен Черненконың кезеңі де шығармада баяндалады. Қай тартыста болмасын Қонаев табиғи болмысына сай ұстамдылығымен, парасат-тылығымен, тереңдігімен жеңіске жетіп отырады. Жеңіліске ұшыраған сәттері де аз емес. Бірақ араға уақыт салып, кеткен кемшіліктің орнын толтырарлық игілікті істерді жүзеге асырып отырады. Туынды нақты тарихи деректермен дәйектелген. Оның үстіне Д.Қонаевтың «Өтті дәурен осылай», «Ақиқаттан аттауға болмайды» атты бір-бірін толықтырып тұрған екі бірдей естелік кітабы тағы бар. Сонымен қатар, қаламгердің өзі сол кезеңнің куәгері. Желтоқсан көтерілісі қанға бөктіріліп, билік басына Колбин келгеннен кейін Орталық комитет пен Жазушылар одағында болып жатқан оқиғалар легі қаламгердің көз алдында өтіп жатты. Бұған жазушының ұзақ жыл романға қажетті архив деректерін жинаған қажырлы еңбегін қосыңыз. Осының барлығын ескерсек, онда қай жағынан алсаң да отыз жылғы ұлт тарихының көлеңкелі тұстарына сәуле түсіріп, ел жадынан өше бастаған тарихи оқиғаларды жаңғырту шығарманың құнды-лығын арттыра түседі.  Аталмыш шығармада Д.Қонаевтың бейнесін сомдау екі бағытта өріледі. Біріншісі, Дінмұхамед Ахметұлының даналық, халықтық болмысын сомдау да, екіншісі, Қонаевтың саяси күрескер ретіндегі бейнесін жасау. Қай жағынан алсақ та оның тарихи бейнесі толығымен ашылып отырады. Мәселен, қазақ жеріне алғаш рет Үндістанның премьер-министрі Джавахарлал Неру келген кездегі және Д.Қонаевтың АҚШ еліне барған тұста елдің президенті Эйзенхауэрмен арадағы әңгімеде Қазақстан басшысының асқан білімпаздығы мен парасатты-лығы суреттеледі. Бұл ондаған оқиғаның ішінен алынған аз ғана мысал. Д.Қонаевтың осындай даралығын сипаттайтын оқиғалар легі романда жетіп артылады. Қарапайым халықпен кездескен тұстарда, зиялы қауыммен арада болған әңгімелерде, түрлі жиындар мен басқосуларда Республика басшысының ой өрісі өзгелерден дараланып тұрады.  Жазушының бұл туындысы эстетикалық көркемдік ерекше-лігімен де, ұлттық бояуының қанықтығымен де, жан-дүниеңе рух беретін өжет оттылығымен де, ойлы, терең сезіммен тебіреніп, шебер жазылуымен де оқушы жүрегіне сара жол табады деп сенеміз.

 

Айдана БОРАНБАЕВА.