«Елдің атын ер шығарады» дегендей, халықтың қамын ойлап, оған қалтқысыз бар ар-ожданымен қызмет еткен біртуар азаматтарымыз көптеп саналады. Олардың арасында қалың жұртшылыққа ақын ретінде кеңінен таралған Нұрлыбек Баймұратовты атап өтуге болады. Кейбір деректерге сенсек, бұл ақын өзіміздің Май ауданы Ақшиман ауылында дүниеге келген деседі. Алайда бұл жайлы еш жерде нақты жазылмаған. Тек жергілікті тұрғындар арасында айтылып жүр. Осыған орай, жергілікті мәдени орындардан осы суырыпсалма ақын жайлы деректерді жинастырдық. Солардан топталған мәліметтерді назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.
Ресми деректерге сүйенсек, Нұрлыбек Баймұратов 1887 жылы Семей облысы (қазіргі Абай облысы) Бесқарағай ауданында Балапан деген жерде туып, өсіпті. Дегенмен, Май ауданының өлкетанушысы Берік Ескендіровтің айтуынша, Май ауданында өмірінің жартысын өткізген. Бірақ бұл нақты емес.
— Менің білуімше, Нұрлыбек Баймұратов ауданда 30-40 жылдай тұрған. Оның атында кезінде кітапхана болған. Бүгінде нысанға сол кісінің атын қайта беру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ақын жайлы деректер жан жақтан жинастырылуда, — дейді ол. Н.Баймұратовтың табиғи таланты он жасқа шыққан шағында белгілі бола бастап, он бес жасында өнер майданына құлшына шығады:
Балапан — туған жерім, ел жайлаған,
Қу жетім кедейлікпен қол байлаған.
Он бірге келгенімде өлең қонып,
Он бесте жиын-топта айғайлағам…, — деп ақындық сапарындағы алғашқы қадамын еске алған.
Нұрлыбек ақын өлеңді қолма-қол суырып салып айтатын ақпа ақын болумен бірге, домбырасы мен қаламы қосарлана қатар жүйткитін, жазба әдеби саласында да өрен жүйрік, төкпе ақын болды. Ол, әсіресе, ақындық айтыс өнеріне суырылып шығып самғайтын саңлақтардың бірі еді. Нұрлыбектің ерте кездегі айтыс-тары толық сақталмаған. Оның 1922 жылғы атақты айтыс ақыны, импровизатор Иса Байзақовпен Семей қаласындағы бір айтысының басы-қасында болған Мұхтар Әуезов былай дейді: «1922 жылы Семейдің екі ақыны Иса Байзақов пен Нұрлыбек Баймұратов айтысады. Ол кезде Нұрлыбек ауылда. Иса Семейде болатын. Екеуінің айтысындағы жаңалық – бұрынғы айтыстардағыдай ру таласы жоқ. оның орнына қала мен ауыл жайларын бұлар тың тақырып етіп алысады. Иса қаланы жақтап, ауылды сынап, мінесе, Нұрлыбек ауыл еңбегін бағалаушы болып, Семейдің қалың құмын мінеді. Қала мен ауылдың қоғамдық, шаруашылық, саясаттық тілектегі қарым-қатынасын ашуға айтысушылардың ол кездегі білім сауаты жетпейді. Өйткенмен, айтыстың нәтижесінде қала енді елдік пен мәдени өмірдің кіндігі екені айқын аталады… Бұдан сол 1922 жылдың өзінде-ақ ақындардың әлеуметтік, мемлекеттік мәселелерге беттерін анық бұрғанын көреміз», — дейді. Осы екі үлкен ақын Иса мен Нұрлыбек жаңа заманның, Кеңес өкіметі кезеңінің ақыны болып, елге адал еңбек ету үшін, бір жақты ақындық таланттың жеткіліксіз екенін түсініп, білім көтеру жолына түседі. Екеуі де сол кездегі Қазақстан астанасы – Орынбор қаласына барып, рабфакқа оқуға түседі. Нұрлыбек рабфактан соң совет, партия мектебінде де оқиды. Баймұратовтың өзі және әйелі Балқия да совет қызметіне араласады. Ақынның тұңғыш баспасөз жүзіне шыққан шығармасы «Қала сұлуы» атты поэмасы еді. Қалаға алғаш келген қазақ сахарасының ақыны, шаһардың тұрмыс-салтымен таныса жүріп, бір күні қала бақшасына барады. Ол бақша Семейдің «Городской сад» деп аталатын, осы күнгі медициналық институты салынған жерде еді.
«Қала сұлуы» поэмасын сол бақшаны суреттеуден:
Қаланың ортасында аз ашық жер,
Төселгендей теп-тегіс, жоқ ылди-өр.
Әсемдеп айналасын қоршап алып,
Ішіне түрлі-түрлі ағаш егер.
Қарағай, қайың тал мен хош иісті шөп,
Исі алған деммен ішіңе енер.
Көк шалғын, аққан бұлақ көрініске,
Бой балқып, көңіл сергіп, қайнар жігер.
Мінездер алуан қызық көзге түсіп,
Жас жүрек елігуге лажсыз көнер.
Ұп-ұзын екі иықта жалғама шаш,
Қызыл ерін, қап-қара бояма қас… – деп бастап, қаланың кейбір жеңіл мінез, көрсеқызар, опасыз, қуыс кеуде, бояма «сұлуларының» жағымсыз жат қылықтарын суреттейді. Ол шығармасы Семейде шығып тұрған «Таң» журналында 1925 жылы басылған. Нұрлыбек Баймұратовтың ақындық сапарындағы өрге өрлеп, биікке көтерілген кезеңі, бүкіл республика жұртшылығына танылып, атақ-даңқы шыққан кезі 1939 жылы болатын. Ол тарихи оқиғаларды жыр етіп, поэма, дастандар жазған, үлкен эпик ақын еді. Оның ақындық өнеріндегі елеулі бір дастаны – «Қанды жорық». Ақын бұл поэмасында азамат соғысы жылдарындағы қанішер, қара жүрек, революция жауы атаман Анненковтың зұлымдығын суреттейді. Оған қарсы күресте ерлік көрсеткен Сейітқалидың, Ілияс, Жексенай, Сейтен, Әбіш, Смирновтардың образдарын шыншылдықпен сипаттап, өмірде болған қайғылы халды баяндайды. Қазақ әдебиеті тарихынан орын алған, революция тақырыбына жазылған дастандардың бірі Нұрлыбектің осы «Қанды жорық» поэмасы болды. Ақынның Ұлы Отан соғысы жылдарындағы тудырған өлең-жырларының ішіндегі ерекше деп атап айтатын шығармасы — Совет Одағының Батыры – Төлеген Тоқтаровтың жауға қарсы күрестегі қаһармандығын суреттейтін «Ер Төлеген» поэмасы. Н.Баймұратовтың өлең-жырлары, айтыстары, поэма-дастандары газет- журналдарда, жеке жинақтарда үздіксіз жарияланып тұрды. Көптеген шығармасы орыс тіліне де аударылып басылып шықты. «Қанды жорық», «Ер Төлеген» поэмалары, өлеңдері жеке-жеке кітап болып, әлденеше рет басылды. Ақын 1949-1958 жылдары Москвада өткен қазақ өнері мен әдебиетінің онкүндіктеріне қатысып, Москва жұртшылығына да кең танылған ақын болатын. Нұрлыбек ақындық өнерді жоғары бағалайтын. Абайдан үлгі-өнеге, тағылым алған ойлы ақын болған. Ол өлеңді кәсіпке айналдырып жүрген тотышар талантсыз ақынсымақтарды жек көрген.
Атылса шын ақындық қайнар көзі,
Тосыннан тоят тілер келсе кезі.
Жарқылдап жай отындай нөсер төккен,
Жаңбырдай құйылады дарын сөзі.
…Өлең бар қуыс қоңырау іші сылдыр,
Түйір жоқ ой-сезімнен жұрдай бұлдыр.
Ұйқас қуған ұсақ сөз ұйқы-тұйқы,
Сынық қима арбадай салдыр-күлдір.
«Өлең – сөздің патшасы» деген Абай,
Мағыналы терең сын айтқан былай:
«Іші алтын, сырты күміс» сөз нақысын,
Бөтен сөзбен былғама,
біл бағдарлай, — деген екен.
1945 жылы ұлы ақын Абайдың туғанына 100 жыл толған мерекесі барша халық тойы болып өтті. Сол тойға, Абай ауданына Қазақстанның атақты халық ақындары: Қызылордадан Нартай, Шымкенттен Орынбай, Алматы облысының Үмбеталы, Қарағандыдан Қайып, Павлодардан Естай, Семейден Төлеу, Нұрлыбек, Сапарғали секілді ақындар қатысып, Абай тойын құттықтап, бәрі де өлең айтты. Ақын Төлеу Көбдіков сол ақындардың әрқайсысының сөз шеберлігін бағалай келіп, Нұрлыбек туралы:
Екінші сөз берілді Нұрлыбекке,
Жүлде алған жұма сайын қара көкке.
Дауысы дауылпаздай жерді жарып,
Бұрыннан белгілі ақын бұ да көпке.
Тыз етпе жүйрік емес жері жақын,
Біледі Қазақстан анық атын.
Тұлпардай ауыздығын қарш-қарш шайнап,
Дүбірде тоқтамайтын перілі ақын.
Нұрлыбек Баймұратов, осы Төлеу ақын айтқандай, ақын болып, қазақ әдебиетінің тарихынан өзінің құрметті орнын алды.
Ардагер ақын 1969 жылы 9 қараша күні 82 жасында дүниеден көшті.
С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада Халық ақыны Нұрлыбек Баймұратовтың 1982 жылы Алматыда басылып шыққан «Қазына» кітабы мен 1957 жылы «Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет» баспасынан жарық көрген «Өлеңдер мен поэмалар» жинағы сақтаулы.
Әзірлеген – Айдана БОРАНБАЕВА.