Ақынның 70 жылдығы туған жерінде қалай тойланып еді?

Өткен 20-ғасырдың соңында, 1993 жылдың қараша айының 5-6 жұлдыздарында Шарбақты ауданының Жылыбұлақ селолық округінің «Маралды» көлінің маңындағы ескі жұрт — «Байжырықта» дүниеге келген Мұзафар Әлімбаевтің 70-ке толған мерейтойын атап өткізуге Қазақстан Республикасының Министрлер кеңесінің төрағасының орынбасары Асхат Әсиұлы Жабағиннің және Павлодар облысының «Қаныш Имантайұлы Сәтбаев» қорының төрағасы Оралбек Қожановтың хаттарын жүзеге асыру туралы кеңес өтті.

Аудан басшысы Жамбыл Мұхтарұлы Аймульдин аудандық мәслихаттың төрағасын, аудан әкімшілігінің орынбасарларын, аппарат басшысын және мені  аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы ретінде шақырды. Мерейтойды өткізу туралы сөзді өзінің экономика жөніндегі орынбасары Владимир Андреевич Савчукке беріп, ауданның экономикалық жағдайын тыңдады. Берілген ақпаратта ол аудан бюджетінде қаржының тапшылығын айтып, «зейнеткерлердің 6 ай, мұғалімдер мен дәрігерлердің 7 ай, мемлекеттік қызметкерлердің жыл бойы тиісті зейнетақылары мен табыстарын ала алмай отыр. Сондықтан мерейтойға шығаратын қаржы да жоқ», деген соң, әкім: қаражат жоқ болса, мерейтойды өткізбейміз, боссыңдар! Жағдайымыз жоқ» деген шешім айтты. Сол кезде мен: «Жамбыл Мұхтарұлы, сізге жеке айтар екі ауыз сөзім бар» деп едім.

– Не айтпақсың, барлық жағдайды естідің ғой! — дегеніне: «Көмекшілеріңіз шықсын, содан соң айтамын дедім. Олар шыққан соң: «Мұзафар Әлімбаев — Шарбақты ауданының бірегей, дарынды тумасы. Ол жерлесіміз — ақын, аудармашы, эпосшы, атақты «Естай-Қорлан» дастаны, «Маралды» әнінің, Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы әнұранының авторларының бірі, әрі қазақ халқының 666 мақал-мәтелін жинап, басып шығарған ғалым» дедім. Хатты қолына алып: «Мә, қолыңнан келсе, білгеніңді істе» деп қолыма берді. Мен: «Жамбыл Мұхтарұлы! Сізден сұрар бір өтінішім бар. Аудандағы ұжымдар мен кеңшарлардың басшыларымен жолығып, жерлес ақынымыз жайлы түсініктеме беріп, пікірлесіп, ойларын білем. Барған жерімде, басшыларға: «Сіздің тапсырмаңызбен келдім деуіме рұхсат беруіңізді сұраймын деп едім. «Бердім» деп шорт кесті. Мен 2-3 күн ауыл-ауылды аралап, жұмыста болмаймын, шаруашылық басшыларымен кездесіп, насихат жүргізем деп ескерттім де, бөлім басшысына айтып, ел аралап кеттім. Алдымен Мұзағаң туған елді мекендегі шаруашылықтың басшысы Сапарбек Сейітұлы Абдулинге жолығып, мән-жайды айтып едім, ол: «Сендер, қазақтар,  не ойлап жүргендеріңді білмеймін. Өзіміз Мұзағаны қарсы алып, шығарып салуға әзірміз. Мінгізетін сәйгүлімізді, кигізетін шапан-бөркімізді, сыйлайтын сый-сыяпатымызды, ас мәзірімізді қамдап қойдық» деп үлкен азаматтық танытты. Ризашылығымды білдіріп, телефонмен «Хмельницкий», «Қарабидай», «Боровой» кеңшарларының басшыларына хабарласып, орындарында болуларын өтіндім де, Павлодарға баратын көлікпен Маралды бекетіне жетіп, «Хмельницкий» кеңшарының директоры Жалбыров Бауыржан Серікұлының кеңсесіне «Ассалаумағалейкум» деп кіргенімде: — «Уағалейкумассалам! Иә, «қайыршы», кір, не шаруаң бар?» деген сөзі жүрегіме қанжардай қадалса да, сабыр сақтап, байыппен келген шаруамды айтып, «әріптесің Сапарбек Сейітұлы ақын ағамыздың мерейтойын өткізуге толық дайындалып, тас-түйін отыр екен деп едім. Бауыржан: «Әй, мен, сол Сапарбегіңнен аспасам кем түспеймін дегенде, мен кіргенде айтқан зілді сөзіне, ішімнен кешіріп: «Жарайсың, Бауыржан! — деп риясыз ризашылығымды жеткіздім. Сол шаруашылықтан кейін «Қарабидайдан» кеңшарына жол тартып, Мұрат Қожахметұлы Құнанбаевқа келген шаруамды айтып, Сапарбек пен Бауыржанның ұстанымдарын айтқанымда, сөзге сараң, іске мығым Мұрат: «Каһа, айттың, түсіндім. Бәрі болады! деді». «Қарабидай», «Боровой» кеңшарына жетіп, шаруашылық басшысы Амантай Әшірұлы Жұмагельдинге не жаймен жүргенімді жеткізгенімде: «Ой, Қаһа, жағдай қиын. Жұмысшыларға біраз болды айлық еңбекақыларын бере алмай отырмыз деген уәжіне: «Меке, жағдайыңа қара. Менің міндетім — пікірлесіп, кім не деді, қандай шешімі барын анықтап, әкімге тізімдеп жеткізу ғана. Жоқ десеңіз, жоқ деймін, бар десеңіз, бар деймін деп тұра бергенімде: «Жарайды. Бір ат мінгізейік» деп өз шешімін айтты. Сол күні кешкісін «Шегірен» кеңшарына жетіп, шаруашылық басшысы Аржылғайып Жакуповқа іссапармен жүрген жайымды түсіндіргенімде: — «Құп, біз де өз үлесімізді қосамыз» деп құптады. Мен баратын Шалдай орман шаруашылығы шалғайда. Сондықтан кеш батып келеді, олай қарай баратын машина жоқ деп едім. Ол автогараждың меңгерушісі Азаматты шақырып алып: «Мына кісіні Шалдайға жеткіз» деп нұсқау бергенде: — Азаматтың жүргізушілер рейстерден келіп машиналарын қойып, тарап кетті деген уәжіне: «Кез келген машинаға өзің отырып, қажет жанар-жағармайын құйып, мына кісіні Шалдайға жеткіз, деп бұйырды. Шалдайдаға келгенде директордың үйіне келіп тоқтадық. Азамат, сен кетпе, директор үйінде ме, жоқ па, біліп шығайын. Жоқ болса, Шегіренге қайтамын деп ескерттім. Директор Кәрімжан Мұхамеджанұлы Әпсалықов үйінде екен. Келген ісімді қысқаша айтып едім: — «Бұл мәселе үйде шешілетін іс емес, ертең кеңседе шешейік. Сен қон, мына жеңгеңнің әзірлеген бәлішінен дәм тат» деді. Мен сыртқа шығып, Азаматқа алғысымды айтып, осы үйде қонатынымды ескерттім. Ертесіне Шалдай орман шаруашылығының кеңсесіне келіп, жайғасып отырғаннан кейін Кәрімжан Мұхамеджанұлы «Қаһарман, інім, айта келген ісің — сауапты іс. Өзің білесің, біз орман шаруашылығымыз, табиғаттың берген табиғи орманды қорғау, баптау. Мал мен егістігіміз жоқ, деп сыпайы түрде «жоқ» деп айтуға мұрсат бермей. Кәрімжан Мұхамеджанұлы: «Естіген құлақта жазық жоқ» дегендей, менің естуімше, сіз басқарып отырған орман шаруашылығыңызда қара-ғайлардың әр бұтағында бір-бір шөлмек не коньяк не «арақ» ілулі тұрады деп. Әттең, сол естігендерім жалған екеніне мән бермей, сеніп келіппін, деп едім. «Ой, інім, әрі қарай жалғастырма! Не істеуім керек? демесі бар ма. Қазақ жігіттері басқарып отырған ұжымдардың ең халі мүшкілі бір жылқы атап отыр, өзгелері мінгізген сәйгүліктерінен тыс сый-сыяпаттары да бар екендіктерін білдірді дегенімде: «Бір жылқының құны қанша?» дегеніне Жылқының құны қоңдылығына байланысты 10-13 мың дедім де: «Жылқы» деп атайсыз да, тиісті қаржыны конвертке салып, мерейлі тойда өзіңіз тапсырасыз. Менікі ел азаматтарының ой-пікірлерін анықтап, аудан әкіміне ақпар беру ғана деп едім: «Келістік, інім! Жүр, сені Шарбақты арқылы жүретін машинаға өзім ертіп барып отырғызайын деп бірге шықты. Тақтай тиеп, Павлодарға жүрейін деп тұрған жүргізушіге Шарбақты арқылы жүресің де, қалаға бұрылатын постқа аман-есен жеткізіп түсіресің. Жол ойдым-ойдым шұңқыр, ақырын жүр. Інімді жолсоқты қылып алма деп, ізгі тілегін айтып, мені «аманаттап» шығарып салды. Түс ауа қызметке келіп, кеңсеге кіргенім сол еді, телефоным безілдегесін тұтқаны алсам, әкімнің хатшысы: — «Қайда жүрсіз, тез әкімге кіріңіз!», деген соң, әкімге кірдім. Аудан әкімі: -«Қайда жүрсің?» деп ізбарланып сұрағанда. Міне, кеңшар басшыларының келісімдері, әрқайсысы бір-бір сәйгүлік, телидидар, тоңазытқыш, кілем, шапан-бөрік кигізіп қарсы алмақ екендерін жеткізгенімде: — «Өй, мынауың үлкен той ғой» деп, риза болғаны бар. Сөйтсем, мен барып жолыққан кеңшардың басшылары аудандағы өзге ұлт өкілдері басқарып отырған шаруашылықтардың директорларына хабарласып: — «Осылай да осылай, біз мынандай да мынандай сый-сыяпат көрсетеміз, сендер де сырт қалмаңдар» деп ескерткеннен кейін олар аудан әкіміне телефон шалып, біз де өз тарапымыздан атсалысамыз деп ниет білдіріп: «Әлгі «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы бізге хабарласып, жолықсын» деген соң, әкімнің маған: — «Қайда жүрсің?» деп шүйліккен сыңайы екен. Сол мерейтойға 11 сәйгүлік (сол кезде бір жылқының құны 10-13 мың сом тұратын. Салыстырмалы түрде алсақ, «Лада» маркалы жигули автомашинасы 7500 сом еді). Мерейтойда той иесі Мұзағаға 11 конверт пен сәйгүлігіңіздің жабуы деп 11 кілем, 4 теледидар,  1 тоңазытқыш сыйға тартылды. Мерейтой өтетін Қызылтаң ұжымшарының орталығы Жылыбұлақ ауылының мәдениет үйін безендіріп жатқанымызда үстіне ер-тұрманы, басында ноқта-жүгені бар, есік пен төрдей қоңыр аты бар ГАЗ-53 машинасы тоқтады. Машинадан бойшаң келген еңселі жігіт түсіп: «Мені Май ауданының Киров кеңшарының директоры Машрап Төлебаев жіберді. Сіздердің аудан осы өңірдің тумасы Мұзафар Әлімбаевтың 70 жылдық мерейтойын атап өтеді деген хабарды естіп, өз тарапымыздан ақын ағамызға мінгізер атымызды сыйға тартып, осы тойға қосқан үлесіміз болсын деп ақ ниетін білдірді. Тойды ұйымдастыруға бар ынта-ықыласымен жанын салып жүгірген Жылыбұлақ жалпы орта білім беретін мектептің физика пәнінің мұғалімі, ақынжанды Қайыртас Нұрғалиевке: «Сен осы ауылдың ауқатты тұрғынына мына жылқыны 10 мың сомға сат. Он екінші сый конверт қылып, Май ауданының Киров кеңшарының атынан ұсынайық» деп
ұйғардық әрі жүзеге асырдық. Ақынның 70 жылдық мерей-тойының Шарбақтыда кең көлемде, ауқымды түрде ұйымдастырылып жатқанынан хабардар болған Павлодар облыстық мәслихатының хатшысы Қанат Болатұлы Даржұманов: «Облыс ақын Мұзафар Әлімбаевтың 70 жылдығын жетім қыздың тойындай қылып өткізіп еді. Шарбақтылықтар жерлес ақындарына үлкен қошемет көрсетіп тойламақ екен. Біз де жіберіп алған олқылығымызды түзейік деген ниетпен Павлодар қаласындағы «8 март» тігін фабрикасының директорына қолқа салып, осыдан 2-3 күн бұрын Тольятти қаласынан әкелген «Лада» маркалы жигули көлігіңді Павлодар облысының әкімі мен мәслихаттың атынан сыйға тарт та, барлық тіркеу рәсімін құжаттап бер. Біз жыл соңында жылдық фондтан тыс келетін «Жигули-Лада» машинасын мекемеңе бөліп береміз, деп көндіріпті. Осы шешім-ұстанымды Шарбақты ауданының әкімі Жамбыл Мұхтарұлы Аймульдинге айтып, Маралдыда өтетін тойларыңда сыйға тартамыз десе, әкім мырза: «Жоқ! Сыйларыңды өздерің ұйымдастырып өткізген кезде берулеріңіз керек еді. Біз аудан бюджетінен «көк тиын» да бөлген жоқпыз. Бәрін ұйымдастырып, той өткізуімізге мұрындық болып жүрген — аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы. Бұл шаруаның шешілетін бір-ақ жолы бар. Ол өздеріңнің шешімдеріңе «Павлодар облысының әкімшілігі мен облыстық мәслихаттың және Шарбақты ауданы әкімшілігінің атынан» деп құжаттайсыңдар» деген соң, шешімді солай рәсімделген. Сол ақ жигули — Ладаны Павлодар тігін фабрикасының директорының орынбасары автокөліктің құжаттарын той иесі — Мұзағаңа сыйға тартты.

Қуанышқа көңілі тасыған Мұзағамыз ұсынылған сый-сыяпатты үлкен ризашылықпен қабылдап, қолындағы 12 конвертті сол қолында ұстап, оң қолымен шашбауын көтеріп келген әріптес ақын-інілері Тұманбай Молдағалиевке, Қадыр Мырзалиевке, қалталарың тең жүрсін деп 2 конверттен қалталарына салды. Ағасы Әси Жабагинге, туған ағасы Әлмағамбеттің қызына, біреуін өзінің туған ұлына табыстап, қалған 5 конвертті жоғары көтеріп, мынау тартуларыңды Алматыда күтіп отырған дос-жарандар мен еліміздің руханиятын молықтыруға мол үлес қосып жүрген әріптес ақын-жазушы бауырларыма өздеріңнің аттарыңнан дастархан жайып, тойымызды тойға ұластырайын деп, шынайы ризашылығын білдірді. Иә, бұл жерлесіміз Мұзафар Әлімбаевқа Шарбақты ауданының тұрғындарының, ел басқарып, ауылшаруашылық саласын дамытып, игеріп, бұқара халықтың әлеуметтік, тұрмыстық мәселелерін оң шешіп отырған ел ағалары: Сапарбек Сейітұлы Абдуллиннің, Мұрат Қожахметұлы Құнанбаевтың, Кәрімжан Мұхамеджанұлы Әпсалықовтың, Бауыржан Серікұлы Жалбыровтың, Аржылғайып Жакуповтың, Амантай Әшірұлы Жұмагельдиннің, Владимир Пантелеевич Поляковтың, Николай Григорьевич Соколовтың, Бәйкен Нұртайұлы Майкотовтың, Тоқбай Омаровтың, Владимир Николаевич Водолазовтардың азаматтықтарының нақты да шынайы көрінісі мен еліміздің айшықты мызғымас ынтымақ- бірлігінің белгісі еді. Той тарқар шақта Тұманбай ақын екеуіміз сөйлесіп тұрға-нымызда: — «Талай мерей-тойға бардым. Дәл мынандай құрметшілікті көрмедім. Ерле-діңдер! Елдіктеріңді, шынайы құрметтеріңді көрсеттіңдер! Рахмет!» — деп қолымды қатты қысып, арқамнан қақты. Мен марқайып, шаттандым да: «Тұмаға, мына «Жүректегі жазулар» өлеңдер жинағыңызды арнайы ала келіп едім, естелік ретінде қолтаңбаңызды қойып беріңізші» дегенімде, кітапты алды да, «Қаһарман! Еліңе елдігімізді таныта бер. Өзің қалаған істі дамыта бер. Жан сырыңды ағыта бер». Тұманбай 5.XI-1993 деп қолын қойып берді. Дәл осындай қолтаңба алу ниетімді Қадыр Мырзалиевтен өтінгенімде: «Құрметті Қаһарман! Дертіміз бір, өртіміз ортақ, Талабымыз бен шешіміміз де бір болатын шығар!». Автор Қадыр Мырза-Әлі, 5 қараша, 1993 жыл, «Қызыл таң» деп, мен берген «Мәңгі майдан» деген туындысының мұқабасына қолын қойып берді. Келесі күні қадірлі қонақтарымызбен Жылыбұлақ ауылында ашылған мешітке барып, ата-баба аруақтарына дұға бағыштап, перзенттік борышымызды атқардық. Содан соң Жылыбұлақ жалпы орта білім беретін мектептің директоры Әлия Қалиқызы Жарылғапованың шақыруымен мектепке барып, ұстаздармен, оқушылармен кездесіп, өскелең ұрпақтың ақынның жыр шумақтарын мәнерлеп оқуларын тыңдап, рухани сусындап, ақынның атына арнайы ашылған «Әлімбаев» класына кіріп, сөрелерге қойылған ақынның туындылары мен мектепке сыйлаған мұрағаттық жәдігерлеріне көз жүгіртіп, ұстаздар ұжымының ұйымдастырған іс-шараларынан қуанышқа бөленіп, мерейлене марқайған Мұзағаны көріп, біз де шаттандық. Той тарқатар шарамызды Шалдай орман шаруашылығының аймағында орналасқан «Шағала» — «Чайка» балалар мен жасөспірімдерді мәдени-сауықтыру орталығында күтіп, таза да шипалы жасыл желекті қарағайдың тынысыңды кеңейтетін, жұтқан сайын жаныңды сергітер серуен-сейіл құрып, ән мен күйі күмбірлеген көңіл жадыратар сәтте Мұзағаға: «Аға, мынау сіздің «Екі тақтай — бір көпір» деген өлеңдер, тақпақтар, жұмбақтар, жаңылтпаштар, ертегілер кітабыңызға қолтаң-баңызды қойып беріңізші» деп өтінгенімде: — «Сен кімсің?» деп тура қарап, қатуланып, сын көзбен басымнан аяғыма дейін «сүзіп» шықты. Мен аты-жөнімді айтып, осы ауданның «Халықаралық Қазақ тілі» қоғамының аудандық бөлімінің төрағасы Зағыт Қаһарман Қаматайұлымын деп тоқтағанда: — «Елге шығардан 3-4 ай бұрын, ауданның, елдің хал-жағдайына қанық болайын деп, кейінгі 2-3 жыл бұрын шыққан ауданның «Трибуна» газетін шолып шығып едім. Сонда газет бетінде көлемдері табақтай мақала-пікірлерді жазып жүрген сен екенсің ғой, әкел кітапты» деп, мұқаба бетіне: «Қаһарман Зағытов бауырыма! Елдің намысын ерлерше жоқта, бірақ ерендік жасаймын деп бұзып алма…» Мұзафар Әлімбаев, 6 қараша, 1993 жыл. Арба иген» деп қолтаңба қойып берді де: «Мынау 70-ке келген шал қорқып отыр деп ойлама! Мен өмірдің ызғарын да, суығын да көргендіктен айтып отырмын, ұқтың ба?» деп, төлтума кітабын өзіме қайтарды. Осы қазақтың жайсаң да парасатты, абзал да ардақты, қаны қазақ, жаны қазақ, рухы қазақ жандардың маған қолтаңба ғып, жазып берген бата-тілектерін өресіне жеткізіп орындай алдым ба, жоқ па, білмеймін. Әйтеуір істеген істерім мен атқарған барлық шараларда 37 ұлт өкілінен құралған аудан тұрғындарының бірлігін сақтап, нығайтып, олардың тілін, мәдениетін дамытып, салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын жаңғырта жандандырып, өз ұлтымыздың ана тілін қолданыстағы заң талабына сай балабақшалар мен қазақ тіліндегі мектептердің санын арттырып, кәсіби білімді де білікті мамандарды арнайы курстардан өткізіп, оқытып, білім беру сапасына оң ықпал жасауға атсалыстық. Қазақ тілі мен неміс тіліндегі пән мұғалімдердің жетіспейтінін ескеріп, мектепті үздік әрі жақсы бітірген 19 қазақ қызы мен 1 ұлды және 4 неміс пен 1 орыс қызын Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті мен Павлодар педагогикалық училищенің бірігіп ұйымдастырған 8 айлық курстарында оқытып, орыс тілді мемлекеттерде қазақ тілін оқытатын 20 мұғалімді, неміс тілін факультативті сауаттандыратын 5 мұғалімді әзірлеп, олардың оқуына төлейтін қажетті қаржына Павлодар облысының еңбекпен қамту орталығының қорынан Шарбақты ауданының еңбекпен қамту орталығының есепшотына әр тыңдаушыға 65 мың теңгеден аудартып, оқытып, оқуларын бітірген соң, аудан мектептеріне жұмысқа орналастырып, «мұғалім жоқ!» деген сылтаудың да мәселесін оң шешкеніміз бар. Ауданда өткізетін мерекелік іс-шараларды ұлттық нақышта безендіріп, ән-күймен, сахналық көріністермен көмкеріп, мәнді де сәнді өткізуді жүйелі түрде дамыта жаңғыртқанымыз ұлттық рухымызды сергіткені анық. Өткен ғасырдың 90-жылдарынан бастап ауданымызда «Наурыз» мерекесін салтанатты түрде тойлап, қазақ үйлерін тігіп, әр үйге Абай, Шәкәрім, Мұхтар, Сұлтанмахмұт, Мұзафар, Рамазан ауылы деп атап, халқымыздың ұлттық санасын тіктеуге ой салып, шағын сахналық көріністер көрсетіп, кітіп сөрелерінің көрмесін ұйымдастырып насихаттау ісі де жүйелі әрі әсерлі жүргізілетін. Ұлттық жаңғыру ісінде бұқаралық ақпарат құралдарына жазылу науқанына тиісті мән беріп, оқырмандар санын үнемі арттырып, тәуелсіздігіміздің алғашқы елең-алаң жылдары ана тіліміздегі газет-журналдардағы сананы селк еткізіп серпілтер мақалаларды оқу үрдісі барысында кең қолданғанымыз бар. Ұлттық салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды, көмескіленген тарихи жадымызды, әсіресе, оның ақтаңдақ, беймәлім деректерін «Егемен Қазақстан», «Ана тілі», «Қазақ әдебиеті», «Сарыарқа самалы», Павлодар облысының «Қазақ тілі» қоғамының «Дауа» газеттерінде жарияланған мақалаларды оқу үрдісі барысында пайдаланып, еліміздің болашағы — жас түлектерімізді сауаттандырып, рухтандырып, оқуға, білім алуға құштарлықтарын  арттырғанымыз өзінің оң нәтижесін бергені бар. Сол кезде қажетті оқулық жоқ немесе өте тапшы, әдістемелік құралдар да қат, оқыту жоспарлары да әрқилы, бірізділік жоқ шақта бар жауапкершілік мұғалім-ұстаздардың сауатты білім-біліктіліктерінің нәтижесінде оқыту үрдісін жоспарлап, сәйкестендіріп, оқушы-шәкіртіне түсінікті түрде санасына құйып, жеткізу жауапкершілігі бастауыш кластарының тәлімгер ұстаздарының қажырлы еңбегі. Көңілі қуанышқа бөленген Мұзаға туған ауылын көркейтіп, ел байлығы — ауылшаруашылық өнімдерінің саны мен сапасын арттырып, ауылдастарының әлеуметтік мәселелерін оңалтып, еліне, халқына адал еңбек етіп жүрген ұжымдық шаруашылықтың төрағасы Абдуллин Сейітұлы Сапарбекті, Мейрамов Меңдібай Теміртасұлын Жылы бұлақ ауылдық округінің әкімін және Жазит атты жүргізушіні арнайы Алматыға, үйіне шақырып, өзінің дос-жарандары мен әріптес ақын, жазушылар мен дастархандас, дәмдес қылып 3-4 күн думандатып, иықтарына костюм жауып, ұшаққа отырғызып,    үлкен ілтипат-ризашылықпен аттандырған. Ақынның 80 жылдық мерейтойы Алматыда салтанатты түрде өткізіліп, ауданнан аудан әкімі Әпсалықов Серік Кәрімжанұлы арнайы барып құттықтап қайтқан. 2013 жылы ақынның 90 жасқа толғаны Шарбақтыда 10 қазақ үй тігіліп, ұлттық дәстүрлі үлкен мерекелік шаралармен салтанатты түрде аталып өтті. Осы жолы, сонау 1993 жылы аудан орталығы Шарбақты селосының Пионерская көшесін Мұзафар Әлімбаев көшесі деп атап, орталықта орналасқан «Әмбебап сауда үйінің» қасбетіндегі тақтайша ескерткішті мәрмәр тастан қашалған мемориалды тақтаға ауыстырып, жаңартылды. Бұл игі істі Шарбақты селосының тұрғыны, сәулетші Сергей Владимирович Колот тегін өңдеп, сурет бейнесін кескіндеп дерекнамасын хуснихаттап берді. Бұл өзге ұлт өкілінің жерлес ақын — Мұзафар Әлімбаевқа, қазақ халқының ардақты перзентіне көрсетілген сый құрметі еді. «Ақынын іздеген ел өседі, әкімін іздеген ел өшеді» деген мақалды еске ала отырып, қай уақытта да ақынын құрметтеген елдің өсіп-өркендеп дами беруін тілеймін! Ынтымақ, бірлік болып, ақынның елдік, ерлік, достық жыр жолдары еліміздің өрістей дамуын қуаттандырып, өрбіте берсін!

 

Қаһарман Қаматайұлы ЗАҒЫТ,

Шарбақты ауданының
Құрметті азаматы.