Тереңкөл ауданының Бобровка ауылдық округіне қарасты Жаңабет елді мекенінде жаңа шағын футбол алаңы ашылды. Бұл ауылдың балғындары мұндай қуанышты көптен күткен.

Алаңның жоқтығына қарамастан ауыл жеткіншектері күні бойы доп қуып, айтарлықтай жетістікке де жеткен. Былтыр олар аудандық спартакиадада шағын футболдан бірінші орынды иеленген. Осы жетістіктерін ескерген аудан әкімі Азамат Манғұтов ауыл балаларына футбол алаңын салуға 15 млн теңгенің сертификатын табыстаған. Енді міне, елді мекен өрендері заманауи жасанды жабындысы бар алаңда алаңсыз ала доп теуіп, спортпен айналысуға мүмкіндік алып отыр. Жаңа алаңның ашылуына қатысқан тұрғындар бұл тартуға ерекше ризашылықтарын білдірді. Жаңа нысанның лентасын қиған баскетболдан спорт шебері Александр Фланчев те ауыл балаларына сәттілік тіледі. Ал ауыл ақсақалы, тыл еңбеккері, Тереңкөл ауданының «Құрметті азаматы» Әбдіғалы Тоқмағанбетов балаларға батасын беріп, жаңа нысан оларды жаңа жеңістерге жетелеуін тіледі.

Г.МАҒЖАН.