Республика күніне орай Баянауыл ауданының екі ауылындағы мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтіп, қайтадан ел игілігіне пайдалануға берілді.
Аудан әкімі Ардақ Кісентаев бұл ауыл клубтарының іші-сырты, шатыры толығымен ауыстырылып, жаңа кейіпке енгенін атап өтті. Жаңартылған ғимараттың бірі — Ақсаң ауылдық округіне қарасты Қаражар ауылын-дағы мәдениет үйіне жаппай күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жылу жүйесі мен электр желілері де ауыстырылған. Сонымен қатар, ауылдық клубтың материалдық-техникалық базасы нығайтылып, музыкалық аппаратура, сахна киімдері және жаңа жиһаздармен толықты. Аудандық ішкі саясат бөлімінің мәліметінше, бұл мақсатқа жергілікті қазынадан 35 миллион теңге көлемінде қаржы жұмсалған. Елу орындық клубты қайта жөндеу жұмыстарын «Арқа-БД» ЖШС жүргізген. Ал алпыс орындық Лекер ауылындағы мәдениет үйінің де шатыры, жылу жүйесі, электр желісі толық ауыстырылып, сыртқы қасбеті қалпына келтірілді. Сондай-ақ, жаңа есік-терезелер қойылды. Ауыл клубына күрделі жөңдеу жұмыстарын жүргізуге аудандық бюджеттен 43 миллион теңге қаражат қарастырылған. Айтулы мерекені жаңа мәдениет үйінде қарсы алған қос ауыл тұрғындарының қуанышында шек жоқ.
Н.АҚЫТЕГІ.