1993 жылғы 15 қарашада Қазақстанның ұлттық валютасы — теңге айналымға енгізілді. Теңгенің қасбеттеріне еліміздің мәдени, саяси өмірінде өшпес із қалдырған тариxи тұлғалардың бейнесі басылса, сырт тұсына кең-байтақ жеріміздің сұлу табиғаты мен тариxи сәулет нысандары енді.
1991 жылы теңге дизайнын әзiрлейтiн мамандар тобы құрылды. Қазақ валютасын өмірге келтірген суретшілер Тимур Сүлейменов, Меңдібай Алин, Ағымсалы Дүзелханов, Қайролла Әбжәлеловтер ұлттық валюта дизайнын әзiрлеп, банкноталарды жасауға атсалысты. Ал тиынның дизайнын жасау Айрат Исмамбетов пен Виктор Ивженкоға тапсырылды. 1992 жылдың 27 тамызы күні Ұлттық банк теңге купюрасының үлгілерін бекітті. Ертесіне қазақ валютасын өмірге келтірген суретшілер Англияға аттанды. Банкноталар Англияның «De La Rue» фабрикасында басылды. 1993 жылдың 12 қарашасында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасы аумағында ұлттық валюта – теңгенің енгізілуі туралы шешім қабылданды. Осылайша 15-18 қарашада КСРО-ның 1961-1991 жылдарда шығарылған рубльдерін ұлттық валютамыз теңгеге айырбастау шаралары жүзеге асты. Осы уақыттан бастап Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі эмиссиялық банк болып табылады. Қазақстан Респуб-ликасы Ұлттық банктің эмиссиялық қызметі оның құрылымдық бөлімшелері: Алматы қаласында орналасқан Қазақстан Республикасы Банкнот фабрикасының банкноттары мен Өскемен қаласында Монета сарайында дайындалған монеталар көмегімен іске асады. Алғашқы төл теңгемізде қазақтың ұлы ойшылдары, күйші-ақындары мен хандарының бейнесі бейнеленді. Атап айтсақ, оларда әл-Фараби, Сүйінбай, Құрманғазы, Шоқан, Абай, Әбілқайыр мен Абылай хандардың суреті болған. Сарапшылардың айтуынша, ұлттық валюта атауын таңдауда үлкен тартыс болған, «алтын», «ақша», «таньга» (тенга) нұсқалары ұсынылған. Тіпті сом деп атау да ұсынылыпты. Себебі КСРО банкноттарында рубль қазақ тіліне аударылғанда осылай аталған. 1993 жылы Қырғыз Республикасы қырғыз сомын енгізгеннен кейін «теңге» атауы қабылданды. Ресми түрде бұл терминді академик Сауық Тәкежанов ұсынған. Жүз есе бөлігін «тиын» деп атады. Ұлттық валютаның өз символы бар. Бұл белгі теңгенің графикалық түрі – транскрипцияда «теңге» сөзі басталатын «т» дыбысын, сондай-ақ «тәңірі» дыбысын білдіретін көне түркі алфавитінің символы. Символ ақша бірлігінің тұрақтылығы идеясын, жоғары әлеуетін, даму динамикасын және ел экономикасының өсуін білдіреді. 30 жыл бұрын еліміздің ұлттық валютасы теңге айналымға шыққанда қазақстандықтардың қуанышында шек болмады. 1990 жылдары елде ағартушылық-демократиялық бағыттағы саясаткердің көш басында жүрген қоғам қайраткері Дос Көшім — ең алдымен ұлттық валютамыздың қатарға қосылғанына қуанған жандардың бірі. Осыған дейін сум атауымен – өзбек, сом атауымен қырғыз және манат атауымен түркімен ақшасы айналымға шыққан. Саясаттанушы сол кезде теңге атауы сом мен сумға қарағанда ерекшеленгенін айтады.
— Естеріңізде болса, КСРО рублінде одаққа мүше 15 елдің ұлттық валютасының атауы жазылып тұратын. Тіпті сол рубльде түркімен валютасы манат деп көрсетілген. Ал бізге келгенде валютамыздың атауы сомға тіркесіп тұратын. Демек, орта ғасырларда құйма күміс ретінде айырбас құралы болған сом да бізге бөтен емес. Біз сол кезде валютамызды, тіпті ділда деп атасақ та, соған бауыр басып кететін едік. Бірақ теңге деген атау қоғамның қолайына жақты. Бұл – ежелгі түркі жұртына ортақ түсінік», — дейді саясаттанушы Дос Көшім. Сырт сипаты әлемдегі барлық валюталардан дараланып тұратын, көзімізді ашып көрген төл ақшамыздың атауы да тек қазаққа ғана емес, бүкіл түркі әлеміне жақын еді. Тарих парақтарына үңілсек, теңге – ежелгі түркі қағанатының қағаз ақшасы, түркі заманында оның номиналды құны 1 ақ тиін терісіне тең болған. Нақтыласақ, тиын кейінірек жасалды. Сом – құйма күміс, ХIV ғасырдан бастап ірі ақша орнына жүрген. Сауда айырбас құралдары теңге деген атаумен орта ғасырларда Азияның көп елдерінде, орыс князьдіктерінде айналымда болған. 704-766 жылдары Тараз шаһарында соғылып, айналымға енген қола теңгелер Түргеш мемлекетінің қуаттылығын білдіретіні, 1260-1280 жылдар аралығында Орталық Азияның 16-дай шаһарында монета соғатын ақша сарайлары жұмыс істегені жазбаларда айтылады. Олардың қатарында Тараз, Кенже, Жент теңге сарайлары ерекшеленгені де тарих беттерінде қатталып қалған. Қазақстандық валютаның туған күнінің тарихи маңызы кейінірек, 1997 жылы 15 қарашаны ұлттық валюта — теңге күні деп жариялаумен ерекшеленді. Енді бұл күн жыл сайын қаржы жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі ретінде атап өтіледі. Ұлттық валютамыз дамыды және жетілдірілді. 2006 жылғы қарашада Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі 2007 жылғы наурызда қорытынды шығарған «Теңге символы» жалпыұлттық конкурсын жариялады. Теңгенің үздік графикалық бейнесін (идеограмма) жасаған Санжар Амерханов пен Вадим Давиденко жеңімпаз атанды. Көптеген қаржыгерлердің, банк мамандарының пікірінше, теңгенің идеограммасының болуы біздің валютаның халықаралық нарықтағы позициясын нығайтуға көмектеседі, бұл Қазақстанның халықаралық экономикалық кеңістікке белсенді интеграциялану кезеңінде ерекше маңызды.
Әзірлеген — Т.ӘБІЛДА.