Шарбақты станциясында полиция қызметкерлерінің ұйым-дастыруымен «Тоқтаңыз! Басып кету қаупі бар» атты акция өтуде.

Өкінішке қарай, темір жол көлігі көп жүретін орындарда жазатайым оқиғалар орын алуда. Әсіресе, балалар жиі жапа шегуде. Осындай оқиғалардың алдын алуды мақсат еткен акция барысында құқық қорғау органдарының мамандары түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Олардың айтуынша, қайғылы жағдайларға адамдардың темір жолдағы қарапайым ережелерді сақтамауы себеп болатын көрінеді. Сол үшін олар темір жолмен жүруге қатаң тыйым салынғанын, шеткі рельстен 5 метрден аса қашықтықта жүру керектігін, темір жолды кесіп өту кезінде құлаққап пен ұялы телефонды пайдалануға болмайтынын ескертеді. Жалпы, шарбақтылық полицейлер Шарбақты станциясында шекара қызметі мамандары және темір жол саласы өкілдерімен бірлесіп, қоғамдық тәртіпті сақтауға бағытталған рейдтік іс-шараларды тұрақты түрде өткізуде.

 

Н.АҚЫТЕГІ.