Ертең елдегі барлық мектепте осы оқу жылының соңғы сабақтары мен сынып сағаттары өткізіледі деп жоспарлануда. Осылайша, тәуелсіз ел тарихында тұңғыш рет 36 апта оқыған қазақстандық оқушылар үшін сабақ аяқталып, 1 маусым — Балаларды қорғау күні қарсаңында соңғы қоңырау соғылмақ.
Бүгінгі таңда еліміз бойынша 3,7 миллионнан астам оқушы оқу жылын аяқтайтын болады. Олардың қатарында 11-сыныпты тәмамдайтын 172 мың түлек бар. Оның ішінде 6,8 мың мектеп бітіруші «Алтын белгіге» үміткер. Ал аймағымызда 113 988 шәкірт бар болса, оның 4 мыңнан астамы осы жылы қияға қанат қақпақ. Қуантарлығы, биыл да павлодарлық шәкірттер республикалық, халықаралық деңгейдегі түрлі жарыстардан жүлделі оралып, білім сапасы жағынан республикада алдыңғы қатардан көрінуде, дейді облыстық білім беру басқарма-сының мамандары.
— Біз үшін осы оқу жылы жемісті болды. Оқушылардың жетістігімен мақтанамыз. Балаларымыз барған сайыстардың барлығынан олжалы оралады. Үмітімізді ақтап жүр. Оқу озаттары да аз емес. Мәселен, осы жылы «Алтын белгі» аттестатына үміткер 187 түлегіміз бар. Соңғы бес жылдың ішінде ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға ниет-тілер қатары 9 пайызға артқан. Биыл мектеп бітірушілердің 80 пайыздан астамы ҰБТ тапсыруды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, аймақ бойынша ағымдағы жылы 9-сыныпты бітіретін 10 238 түлек бар. Олардың қатарындағы кәсіптік-техникалық оқу орындарына түскісі келетіндері үшін де барлық мүмкіндік жасалуда. Айталық, мемлекеттік тапсырыс аясында өңірдегі колледждерде 100 түрлі мамандық бойынша 5705 орын ұсынылмақ, — дейді облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Бәшірова. Оның айтуынша, бүгінде өңірде 360 жалпы орта білім беретін мектеп, оның ішінде 4 жеке меншік оқу ордасы жұмыс істейді. Сонымен қатар, жыл сайын жаңа мектептер салынуда. Мәселен, биыл өңірдегі үш бірдей апаттық мектептің орнына жаңа ғимараттар бой көтеріп, жаңа оқу жылында пайдалануға беріледі деп күтілуде. Бала саны көп білім беру мекемелеріне де біртіндеп қосымша қосалқы ғимараттар салу жұмыстары сәтті жалғасуда. Жалпы, алдағы үш жылдың ішінде облыс орталығындағы «Достық», «Усолка», «Шығыс» және «Жастар» шағын аудандарында әрқайсысының сыйымдылығы 1200 орынға арналған 4 жаңа мектептің қабырғасы қаланбақ. Бұған қоса Павлодар қаласындағы бала саны көп №4, №22 және №27 мектептерге тағы да 1200 орынға лайықталған жаңа корпустар салынбақ. Нәтижесінде, облыс орталығындағы 7 мың оқушы орнының тапшылығы айтарлықтай азаяды деп күтілуде. Мұндай жаңа әрі жайлы мектептердің негізгі ерекшелігі — бұл білім ордаларын бірыңғай стандарт бойынша жобалау және жабдықтау болып табылады, дейді мамандар. Аймағымызда оқушыларды әлеуметтік тұрғыда қолдауға да баса мән берілгенін атап өткен жөн. Облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Роза Ақанованың айтуынша, ағымдағы оқу жылында 60 мыңға жуық мектеп оқушысы тегін тамақпен қамтылып, 83 мың бала қоғамдық көлікте тегін жүруге мүмкіндік алған. Мемлекеттік тапсырыс бойынша жеткіншектерді қосымша біліммен қамту мақсатында 10 мыңнан астам жасөспірім спортпен шұғылданса, 5 мыңға жуық бала шығармашылық үйірмелерге қатысқан. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін де барлық жағдай жасалуда. Спорттық инфрақұрылымды дамыту мақсатында да оқушыларға арналған ойын алаңы, дене шынықтыру-сауықтыру кешені, шағын футбол алаңдарының тұсауы кесілген. Өңірде балаларға сапалы білім, саналы тәрбие берумен қатар, олардың құқықтарын қорғау мәселесіне де айрықша көңіл бөлінуде. Осы мақсатта облыста кәмелетке толмағандардың мәселе-лерімен айналысатын арнайы комиссия құрылып, жұмыс істеуде. Облыстық балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Наталья Покидованың айтуынша, аталмыш комиссия өкілдері 400-ге жуық отырыс өткізіп, 1 мыңнан астам мәселені қараған. Ендігі кезекте бір-екі күннен кейін оқудан босайтын павлодарлық оқушылардың жазғы демалысын көңілді өткізуге күш салынбақ. Облыстық білім беру басқармасының тәрбие жұмысы мен қосымша білім беру бөлімінің басшысы Бекбатыр Айтмаханның сөзіне қарағанда, осы жазда 108 мыңнан астам оқушы жазғы лагерьмен қамтылмақ. Бұл көрсеткіш 1-10-сынып оқушыларының жалпы санының 98,4 пайызын құрайды. Ел ертеңі саналар жас ұрпақтың білім алуына жайлы жағдай жасау үшін мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілуде. Соның бір дәлелі – қаржыландырудың артуы. Айталық, өткен жылы өңірдің білім беру саласына бюджеттен 156 млрд теңге бөлінсе, биыл оның көлемі 17 млрд теңгеге ұлғайған. Демек, алдағы уақытта да осы сала толайым табыстарға толы болады деп үміттенеміз!
Н.АҚЫТЕГІ.