Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) қорына жарна төлеуден жалтарып жүргендер әлі де баршылық. Бүгінгі таңда тек Павлодар облысында осындай 130 мыңға жуық тұрғын сақтандырылмаған. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында сөз болды. 

 

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» ҚАҚ-ның Павлодар облысы бойынша филиалы директорының міндетін атқарушы Алмагүл Ахметжанованың айтуынша, аты айтып тұрғандай медициналық сақтандыру баршаға «міндетті» болғанымен, оны елемей жүргендер аз емес. Алайда олар аяқ астынан ауырып қалған жағдайда, дәрігерлік көмек көрсетілмейді. Сол үшін қор өкілі сақтандырылмаған жерлес-терді аталмыш жүйеге белсенді қатысуға шақырды.  Қуантарлығы, МӘМС аясында көрсетілетін қызмет аясы кеңеюде. Осы мақсатта қордың облыстағы филиалы биыл 74 медициналық ұйыммен келісімшарт жасасқан. Оның 32-сі – мемлекеттік, 42-сі – жекеменшік мекеме. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстарды дамыта береміз, – дейді спикер.

– Тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсету үшін қор тарапынан көптеген іс-шаралар қолға алынуда. Солардың бірі – таңдаулы медициналық мекемелермен келісімшарт жасап, көрсетілетін қызмет түрін көбейту. Ағымдағы жылдан бастап әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры стоматологиялық көмек көрсету бойынша тікелей келісімшарттар жасауда. Бұған дейін бұл қызмет түрі тек емханалар арқылы жүзеге асқан болса, енді 34 стоматологиялық мекеме көмек көрсетеді. Тұрғындар тегін медициналық көмек көрсететін ауруханалар мен емханалардың тізімін қордың www.fms.kz сайтынан көріп, танысқандары жөн. Ал МӘМС жүйесіне қатысты кеңес алу үшін 70-41-23, 70-41-24 телефондарына хабарласуларына болады, – дейді Алмагүл Ахметжанова. Сондай-ақ, ол МӘМС жүйесі арқылы ауылдық ағайынның денсаулығын жақсартуға басымдық берілетінін алға тартты.

– Елді мекен тұрғындарына білікті медициналық мамандардың қызмет көрсетуі үшін биыл қосымша қаражат бөлініп, ауылдықтарды профилактикалық тексерумен қамту көзделіп отыр. Яғни, гастроэнтеролог, уролог, нефролог, УДЗ, маммография мамандарының кеңесі мен бірқатар зертханалық зерттеулер қолжетімді болады. Бұл медициналық қызметпен 18-70 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер тегіс қамтылады, – дейді Алмагүл Ахметжанова. Атап өтерлігі, 2023 жылдың 1 мамырындағы жағдай бойынша қорға шамамен 1 трлн 812 млрд теңге түскен. Осы қаражаттың 77,5 млрд теңгесі (4,3%) Павлодар облысына тиесілі.

Нұржайна ШОДЫР.