Мүмкіндігі шектеулі жандарға еңбекке жарамсыздығы, басқа да себептерге байланысты уақытша және қайта куәландыру мерзімінсіз мүгедектік берілетіні мәлім. Оны уақыт өте келе қайта куәландырып, медициналық тексерістен өтуі керек. Бірақ кейбір азаматтар белгіленген мерзімінен кешігіп жатады.

 

Сондай жағдайда қайтпек керек? Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы Евгений Губарев Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мүгедектікті қайта куәландыру талаптарын түсіндірді. Зейнет жасындағы адамдарға мерзімсіз мүгедектік қайта қалпына келмейтін анатомиялық кемістіктер тізбесіне сәйкес ағза қызметінің тұрақты, қалпына келмейтін өзгерістері мен бұзылулары бар толық көлемде жүргізілген оңалту іс-шаралары тиімсіз, оперативті емдеу және органдардың трансплантациясына қоса, мүгедектік тобы тұрақты болған кезде және І топтағы мүгедектігі бар адамды кемінде 4 жыл, II топтағы мүгедектігі бар адамды кемінде 5 жыл, ІІІ топтағы мүгедектігі бар адамды кемінде 6 жыл динамикалық қадағалаған соң белгіленеді. «Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидаларының» 54-тармағына сәйкес мүгедектігі бар адамдар және еңбекке қабілеттілігінен айырылған адамдар мүгедектіктің белгіленген мерзімдері мен еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесіне сәйкес қайта куәландырудан өтуі тиіс. Егер дәлелді себеппен қайта куәландырудың кезекті мерзіміне кешіксе, куәландыру кезінде оған мүгедектік немесе еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесі қайта белгіленген жағдайда, өткізіп алған кезең есепке алынады. Сонымен қатар, 18 жастан асқан адамдарға мүгедектік аурулар, ақаулар тізбесіне сәйкес 5 жыл мерзімге белгіленеді. Ағза қызметінің тұрақты бұзылулары кезінде бастапқы куәландыру, қайта куәландыруды дәрігерлік-консультативтік комиссия медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу үшін медициналық ұйымға берілген жолдама негізінде жүзеге асырады. Медициналық ұйымдар ауруларға жарақат салдарларына және ақауларға байланысты ағза қызметінің тұрақты бұзылуы салдарынан уақытша еңбекке жарамсыздық басталған, жұмыс істемейтіндер мен балаларды диагноз қойылған сәттен бастап 4 ай өткен соң медициналық-әлеуметтік сараптамаға жібереді. Ал анатомиялық ауытқулары бар және емделмейтін ауруларға қайта куәландыру мерзімінсіз мүгедектік беріледі. Ведомство басшысының орынбасары Ләззат Сартымбетованың мәлімдеуінше, мүгедектік денсаулық жағдайына, ағза қызметінің бұзылуына және жас ерекшелікте-ріне қарай 6 ай, 1 жыл, 2 жыл, 5 жыл немесе қайта куәландыру мерзімінсіз беріледі.

– Саладағы жаңашылдық – мүгедектікті белгілеу мерзімі 5 жыл. Бұл мерзім 20 нозология бойынша, негізінен аурудың ауыр түрлерінде және мүгедектіктің бірінші тобында белгіленеді. Павлодар облысында 28 мыңнан астам тұрғынның мүгедектігі расталып, оның 30 пайызға жуығына мерзімсіз мүгедектік берілген. Өткен жылы облыстың 11 118 тұрғыны мүгедектік белгілеуге жүгінген. Оның ішінде бірінші рет жүгінгендер саны – 3025 адам. Мүгедектікті екі әдіспен рәсімдеуге болады. Бірі адамның тікелей қатысуымен болса, екіншісі – сырттай, проактивті форматта іске асырылады.

Т.ӘБІЛДА.