Жақында кеншілер шаһарына қарасты Бесқауға ауылында және Шідерті кентінде жантүршігерлік оқиға орын алғаны есімізде. Жеті жасар Милана Давыдованың өмірі туған анасының қолынан үзілсе, сегіз айлық тағы бір қыз ас-суға жарымай жан тәсілім етті. Мұндай жайттар тек облыс емес,
күллі ел жұртшылығының назарын аудартты.
Осыған байланысты өткен аптада облыс әкімінің төрағалығымен Екібастұз қаласында кәмелет жасқа толмағандар арасындағы қылмыс пен құқық бұзу-шылықтың алдын алу бойынша арнайы жиналыс өтті. Жиын барысында аймақ басшысы Асайын Байханов балалардың қауіпсіздігі тек құқық қорғау органдарының емес, ата-ананың, мектептің, басқа да мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдардың қадағалауын талап ететінін айтты.
— Әрбір бала трагедиясы — көптеген адамның: шенеуніктердің ғана емес, туыстарының, таныстарының, көршілерінің де немқұрайлылығы және бейжай қарауының дәлелі. Бесқауға ауылындағы жеті жасар Милана Давыдовамен болған жан түршігерлік оқиға ешкімді бейжай қалдырмады. Мұндай жаңалықтарды естігенде жүрегің езіледі. Миға сыймайтын, адамға мүлдем жат қылық. Бұл қайғылы жағдайдың алдын алуға болатын еді. Тергеу көрсетіп отырғандай, бұл сұмдық жағдай орын алғанға дейін мұны көрген, білген, байқаған адамдар болған. Алайда, олар үндемей ғана өтіп кетуді, араласпауды жөн көрген. Осылайша бейбіт уақытта балалардың балғын өмірі сіз бен біздің кінәмізден, ересектердің кінәсінен үзіліп жатыр, — деді Асайын Байханов. Облыс басшысы бұл жағдайға Екібастұздың кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссия төрағасының әлсіз жұмысы, учаскелік полиция қызметкерінің және Бесқауға ауылының әкімі тарапынан жіберілген олқылықтар да себеп болғанын атап өтті. Бұл ретте Асайын Байханов оқу орындарындағы профилактикалық қызмет жүйесіне талдау жүргізіп, түбегейлі қайта қарауды, балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі кешенді жоспарды пысықтауды тапсырды.
– Мұндай қайғылы жағдай бізге өңірдің, қаланың, ауылдың тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуді сеніп тапсырған тұрғындарымызға опасыздық жасағанмен бірдей. Баланың өліміне әкелген бір оқиға — бұл үлкен қайғылы жағдай, ал олардың соңғы уақытта жүйелі түрде қайталануы — трагедия. Балалар — қоғамның қорғалмаған бөлшегі, олардың денсаулығын, қауіпсіздігін және үйлесімді дамуын қамтамасыз ету — біздің басты міндетіміз, — деді Асайын Байханов. Жиын барысында Екібастұз қаласы полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Қайыржан Шақарғалиев 2022 жылы жергілікті атқарушы органдармен отбасылық келеңсіздіктерді ерте анықтау үшін ведомствоаралық өзара іс-қимыл алгоритмі әзірленіп, Екібастұз өңірінде 13 жедел әрекет ету тобы құрылғанын мәлім етті.
— Бір жыл ішінде жедел әрекет ету тобы қиын өмірлік жағдайға тап болған 116 отбасыны анықтады. Бұл отбасылардың барлығына атаулы әлеуметтік көмек көрсетіліп, 9 отбасы ішкі істер органдарының есебіне алынды. Бүгінгі таңда Екібастұз өңірінде 145 509 адам тұрса, оның 40140-ы — кәмелетке толмағандар. Оның ішінде 2036 жасөспірім ауылдық жерлерде тұрады. Үкіметтің 2021 жылғы қаулысымен «мектептік полиция инспекторлары» лауазымдары жойылғаны белгілі. Ал 2022 жылдың 11 қаңтарынан бастап кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторларының лауазымдары 15 бірлікке қысқартылды. Қазіргі уақытта бұл бағытта 10 инспектор жұмыс істейді. Яғни, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі бір инспектор 5 мыңнан астам жасөспірімнің қауіпсіздігін қадағалауы тиіс. Бұл бір адамға үлкен салмақ салады. Сондай-ақ, құқық қорғау қызметкерлері балаларды тәрбиелеу және қолдау бойынша өз міндеттерін орындамайтын ата-аналарға шаралар қолданылады, — деді полиция басқар-масының бастығы. Сондай-ақ, Қайыржан Шақар-ғалиев балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін 105 ата-ананың әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын атап өтті. Ата-ана құқықтарын шектеу және айыру туралы 28 материал сотқа қарауға жолданып, 15 ата-ананың құқығы шектелді, 75 бала «Балаларды қолдау орталығына» орналастырылды. Бұдан бөлек, жиында Павлодар облысы білім беру басқармасының басшысы Самал Айтқазина жыл басынан бері балаларға қатысты 250-ге жуық заңға қайшы келетін факті анықталғанын, оның 66-сы Екібастұз қаласында тіркелгенін жеткізді. Облыстың бас педагогы оқу жылының басынан бастап құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында жүргізілетін іс-шаралар жоспары бекітіліп, мектептерде балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамту бойынша кешенді іс-шаралар өткізіліп отыратынын айтты. Жиын қорытындысы бойынша аймақ басшысы бірқатар лауазымды тұлғаға жаза қолдану туралы шешім қабылдады. Атап айтсақ, әлеуметтік саланың жұмысына жетекшілік ететін облыс әкімінің орынбасары Айзада Құрмановаға, Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекинге, облыстық білім беру және әлеу-меттік қорғау басқармаларының басшылары Самал Айтқазина мен Альмира Дисюповаға сөгіс жарияланды. Сондай-ақ, облыс әкімінің тапсырмасы бойынша Қоянды ауылдық округінің әкімі, Шідерті кентінің әкімі, Екібастұз қаласының әлеуметтік қорғау бөлімінің басшысы қызметтерінен босатылды. Шідерті кентінің медициналық қызметкерлері, №3 емхананың бас дәрігері, Бесқауға ауылының учаскелік инспекторы, білім бөлімінің басшысы, әлеуметтік салаға жетекшілік ететін қала әкімінің орынбасары қатаң сөгіс алды. Онымен қоса, қызметтік тексеру жүргізілгеннен кейін полиция департаменті Екібастұз қаласы полициясының лауазымды тұлғаларына қатысты тиісті шаралар қабылдайтын болады.
А.МҰҚЫШЕВ,
Екібастұз қаласы.
Суреттерді түсірген — Валерий Бугаев.