«Көңілдің толқын кездері»

Жел 7, 2023

С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Ғалымбек Жұматовтың кезекті кітабының тұсаукесері өтті.

«Көңілдің толқын кездері» деп аталатын туындыға қаламгердің шағын әңгімелері енген. Бұл – жазушының «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату» кіші бағдарламасы бойынша жарық көрген алғашқы кітабы. Қаламгердің сөзінше, жазу өнері жауап-кершілікті жүктейді, ал кітап жазу үшін дайындық керек.

— Бұған дейін кітаптарым 100-150 мың данамен шыққан кездер болатын. Туындылардың барлығы дерлік қазақ тілінде жазылған. Тек біреуі орыс тілінде жарық көрді. Жалпы, бүгінге дейін 23 кітабым шықты. Алдағы уақытта тағы да жазармыз, – дейді Ғ.Жұматов.  Кітапқа автордың драма, комедия, шағын әңгімелері енгізілген. Драма шығармалары еліміздің азаттығы үшін күрескен азаматтардың басынан кешкен оқиғалары, жалындаған жастық шағында қуғын-сүргіннің құрбаны болған Алаш азаматтарының өмірінен пайдаланылған.

–  Жалпы, ақындар «Шабытым оянып жаздым» деп айтып жатады. Менде бұл құбылыс өзгешелеу. Туынды, кітап шығару үшін дайындаламын. Менің түсінігімде шабыт деген – дайындық. Ал жазу – жауапкершілік, – дейді жазушы. Аталмыш шараға Қазақстан Жазушылар одағы Павлодар облыстық филиалының мүшелері, зиялы қауым өкілдері, сарбаздар, студенттер және оқырмандар қатысты.

Өз тілшіміз.