Мемлекет басшысы 2025 жылы халықтың сапалы ауызсуға қолжетімділігін 100 пайызға жеткізуді тапсырған болатын. Осыған орай, Павлодар облысын-
да су құбыры желілерін қайта жаңғырту жұмыстары қарқын алды. Соның аясында облыс орталығындағы Назарбаев даңғылында жаңартылған су құбырына 55 мыңнан астам тұрғын қайта қосылды.
Естеріңізге сала кетсек, Назарбаев даңғылы бойындағы су желілерін жөндеу жұмыстары осы жылдың мамыр айының соңында басталған болатын. Осыған байланысты Назарбаев даңғылындағы Торайғыров көшесі мен Лермонтов көшесіне дейінгі қиылыста көлік қозғалысы шектеліп, қала тұрғындары уақытша салынған көпірлермен жүруге мәжбүр болды. Тұрғындардың қайта жөндеу жұмыстарының ұзаққа созылып жатқаны туралы арыз-шағымдарынан кейін Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков құрылыс жүргізіліп жатқан аймаққа барып, жұмыс барысын көрді. Жауапты мамандар мен мердігер мекеме өкілдеріне барлық жұмыс уақытылы аяқтап, талапқа сай орындалуын тапсырды. Сондай-ақ, қала әкімі Назарбаев даңғылындағы Торайғыров көшесінен Лермонтов көшесіне дейінгі магистральдік ауызсу құбырында желілік жөндеу жұмыстары 50 жылдан астам жүр-
гізілмегенін айтып, қазіргі уақытта қайта жаңартылған желілерге абоненттерді қосу жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді.
– Торайғыров көшесінен Лермонтов көшесіне дейінгі магистральдік ауызсу құбырын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды. Қазіргі уақытта барлық абоненттер жаңа құбырға қайта қосылды. Соның арқасында 55 мың жеке тұлға мен 48 мекемені сумен қамтамасыз ету жақсарды. Қазір уақытша құбыр бойында қайта бөлшектеу жұмыстары жүргізілуде, содан кейін бұзылған аумақтар қалыпқа келтіріліп, абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар, Торайғыров көшесі мен Лермонтов көшесі аралығындағы көлік қозғалысы қалпына келтірілді. Қоғамдық көліктер қалыпты жүру бағыты бойынша қатынауда, — деді шаһар басшысы.
А.ЕЛЕМЕСҰЛЫ.