Екібастұз қалалық «Атамұра» мәдениет орталығы 1993 жылы 16 желтоқсанда ашылды. «Атамұраның» ашылуына сол жылдары «Екібастұзкөмір» өндірістік бірлестігінде бас директордың ұлттық мәселелер жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарған Қасымжанов Түсіпхан Қасымжанұлы мұрындық болды.
Сол жылдары «Қазақ тілі» қоғамдық ұйымының ұсынысымен «Ақ жол» біріккен комитеті құрылып, «Атамұра» ұлттық мәдениет орталығы «Екібастұз-көмір» акционерлік қоғамының құрылымдық бірлігі болды. Директоры болып Қасымжанов Түсіпхан Қасымжанұлы тағайындалды. Алғашқыда атақты адамдар жайлы деректер жинақтауға арналған мұрағат ретінде жұмысын бастап, кейін мәдени құндылықтарды, ұлт өнерін насихаттайтын орталыққа айналды. «Өнер» ҚМС-да ұлт мұрасын ұлықтап жүрген орталық 30 жылдық мерейтойы аталып өтті. Мәдениет орталығының тарихы туралы деректі фильммен ашылған салтанатты жиында «Атамұраның» шежіресі жазылған «Ұлт өнерінің бесігі» атты кітабының тұсауы кесілді. Кітапты ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жассерік Сәдуақасов құрастырып, оның жарыққа шығуына «Атамұра» мәдениет орталығының директоры болған ақын Жүрсін Бәтенұлының әулеті демеушілік еткен. Шара барысында өнер ұжымына қалалық мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Медғат Манапов 1 миллион теңгенің сертификатын табыс етті. Мерейтойға орай бірқатар қызметкер Екібастұз қаласы әкімі, қалалық маслихат, Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттарымен марапатталды.
Өз тілшіміз.